Приозерск гарнизонындағы әскери бөлімнің жеке құрамы қатарын толықтырған сарбаздар атыс даярлығының жоспарына сәйкес АК-74 қаруынан оқ ату жаттығуын өткізді.
Атыс жаттығуының мақсаты сарбаздардың машығын жетілдіріп, дағдыларын шыңдау болып табылады.
Жаттығу алдында жеке құрам қауіпсіздік ережелерін қайталап, қаруды бөлшектеп, қайта жинау іс-қимылдарын орындап, атыс алаңында оқ атуды орындады. Медициналық көмек көрсету сабақтарына қатысты. Бұған қоса сарбаздар әскердің күнделікті дене даярлығы, құқықтық даярлық сабақтарына да қатысып, әскери өмірдің қыр-сырын үйреніп, дағдылануда.
Бұл – сарбаздардың әскери бөлімдегі бірінші атыс жаттығуы емес. Сондықтан олар қарудан атуда үздік нәтижелер көрсете білді.
– Алғашқы күндері қаруды ұстап, одан ату қобалжытқаны рас. Дегенмен, уақыт өте келе тәжірибе мен машықтанудың нәтижесінде, жақсы көрсеткішке қол жеткізіп келеміз, – деді үздік нәтиже көрсеткен ефрейтор Бекзат Амалбек.
Сарбаздар бір жыл бойы тек АК-74 автоматынан оқ атуды орындап қана қоймай, басқа да қару түрлерін зерделейді. Әскердің, тәртіпке бағынудың, Отанды қорғаудың барлық қыр-сырын үйреніп, нағыз жауынгерлік мектептен өтеді.
– Бүгінгі атыста сарбаздар алғашқы кезбен салыстырғанда машықтанғанын, ептілік пайда болғанын, жүрексінудің сейілгенін көрсетті. Осылайша, бір жыл ішінде дәлдікті, көздеуді, нақтылықты біліп қана қоймай, тәртіпке, ережеге, саптық даярлықты үйренеді, –деді нұсқаушы сержант Айбек Күртібаев.
Әскери бөлімде мерзімді қызметтегі сарбаздармен өткізілетін барлық іс-шарада санитарлық-эпидемиялық талаптар сақталатынын айта кеткен жөн.
«Егемен-ақпарат»