• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Тарих 05 Тамыз, 2021

Көшпенділердің көне кітапханасы

845 рет
көрсетілді

Бабаларымыздың білім мен мәдениет жолындағы ізденісін таңбалы тастардан, тарихи ескерткіштерден көруге болады. Ол ол ма, көшпенді өмірдің соңғы ғасырында дала кітапханасын пайдаланғанын да білеміз.

Көкпекті даласында кө­не кітапхана болғанын өлкета­нушы, тарихшы Қайрат Мәлі­қаждар айтып жүретін. Қайда десек, дала кітапханасы Биғаш ауылының маңында екен. Әне, әйгілі Толағай тауы жазық далада шошайып, көрініп тұр. Ертеде кескілескен шайқас бол­ған орындар да осы тұста.

– Оқушы кезімізде бұл жа­зық­­қа саяхатқа келдік. Най­заның сабы, жебенің ұшы сияқ­ты қару-жа­­рақтардың сы­ны­ғының талайын тапқанбыз. Тағы бірде осы жол бойына жақын маңнан қойма таптық. Жалпы көшпелі қазақ даласында қоймалар өте көп болған, – деді өмірін өлкетануға ар­нап келе жатқан Қайрат Мәлі­қаждар.

Жергілікті жұрт дала кітап­ханасы атап кеткен көне кесене – Биғаш ауы­лының арғы жа­ғындағы жазықта. Кең жа­зықта жалғыз тұрған кесенені жер­гілікті жұрт Апырым байдікі деседі. Алты қырлы бейіттің биіктігі 6 метр шамасында. Қор­ғанның сыртынан қайтадан қоршау са­лынған. Жалпы ай күмбезді кесененің сәулеті өз­геше. Кісі жерлеген жердің сыр­тына 2 метр биік тастан қорған салып, оның үстіне 2 метр биіктікте ағаш діңгектер ор­натылып барып шатыр жа­былған. Ал шатырдың үстіне биік күмбез тұрғызылған. Ша­тырдың астыңғы жа­ғынан арнайы кітапты апарып қоюға арналған тесік, кісі сыятындай есік жасалыпты. Кесенеге керек тасты алыстан тасу үшін де біраз күш жұмсалғанын кө­руге болады. Өйткені кесене ор­наласқан кең жазықта ешқан­дай тас жоқ.

– ХІХ ғасырдың басында өмір сүрген Апырым бай оқы­мысты адам болыпты. Ол кісі оқыған кітаптарын ел игі­лігінен де аямапты. Өзі өмір­ден өтерінде ұрпақтарына кесе­несінің шатырынан кітап қоятын орын шығарып, оған барлық кітабын киізге орап қоюды аманаттапты. Жаз жайлауы Алтай болғандықтан, алысқа адамдар кітап іздеп сабылмасын деп кесене шатырына дала кітапханасын сал­ғызған. Ұрпақтары елге керекті кі­таптарды киізге орап, кесене шатырына қойып кетеді екен. Оны білетін оқымыстылар кесенеден керек кітабын алып, қайта апарып қойып отырған, – дейді Қайрат Мәліқаждар.

Дала кітапханасының дәс­түрлі үрдісі қай жылдардан бас­тап жойылып, кітаптарды кім алып кеткені белгісіз. Бір анығы – кесене шатырындағы кітап­ханадан көптеген оқы­мыстылар кітап алып оқығанын елдің бәрі біледі.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Көкпекті ауданы