Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын өткізу ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін ҚР Үкіметі қаулысының жобасын дайындады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Конкурсқа қатысу үшін төмендегі құжаттарды ұсыну қажет:
Ата-аналардың (қорғаншылардың, қамқоршылардың) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері, балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері; Асырап алушы (қорғаншы) отбасылар үшін-жергілікті уәкілетті органның кәмелетке толмаған балаға қорғаншылықты (қамқоршылықты) белгілеу туралы шешімінен үзінді көшірме; Неке қию туралы куәліктің көшірмесі; Ата-анасының біреуі қайтыс болған жағдайда қайтыс болу туралы куәліктің көшірмесі (бар болса); Балаларды тәрбиелегені үшін көтермелеулердің, белгілі бір жетістіктері үшін көтермелеулердің бар екенін куәландыратын құжаттардың көшірмелері; Заңды немесе жеке тұлғалардың ұсыныс хаттары (екеуден кем емес); Отбасы мүшелерінің еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жетістіктерін растайтын құжаттардың көшірмелері; Қоғамдық пайдалы қызметке қатысқанын растайтын құжаттардың көшірмелері (волонтерлік, қайырымдылық, меценаттық, тәлімгерлік); Дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім.Құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған кезде комиссия өтінім ұсынылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде конкурсқа қатысуға ниет білдірген отбасына өтінімді талаптарға сәйкес келтіру қажеттігі туралы хабарлама жібереді.
Конкурсқа қатысуға ниет білдірген отбасы хабарламаны алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жоқ құжаттарды аудандық комиссияға қағаз немесе электрондық жеткізгіште ұсынады.
Комиссия конкурсқа қатысу үшін өтінімдерді қабылдау аяқталған сәттен бастап 15 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде алынған ақпаратты жан-жақты тексеруді жүзеге асырады, іріктеу жүргізеді және облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) комиссиялардың қарауы үшін екі отбасын айқындайды.
Аудандық (қалалық) комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді, онда конкурстық іріктеудің аудандық (қалалық) кезеңінен өткен екі отбасы және себептерін көрсете отырып, конкурстық іріктеудің осы кезеңінен өтпеген отбасылар көрсетіледі.
Содан кейін облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) комиссиялар аудандық немесе қалалық комиссиялардан өтінімдерді алған сәттен бастап 15 жұмыс күнінен аспайды, қажет болған жағдайда ұсынылған өтінімдерді қосымша тексеруді жүзеге асырады, іріктеу жүргізеді және жеңімпаз бір отбасын айқындайды.
Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді, онда конкурстың жеңімпазы және себептерін көрсете отырып, жеңімпаз деп танылмаған отбасылар көрсетіледі.
Облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) комиссия хаттамаға қол қойылғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей өтінімдерде көрсетілген конкурсқа қатысуға ниет білдірген отбасылардың электрондық мекенжайларына хаттама жобасымен және негіздемесімен хабарлама жібереді.
Құжаттың толық нұсқасын «Ашық НҚА» сайтынан көруге болады.