Атырау полицейлері 3 тамызда велосипедпен 1,1 миллион теңгенің есірткісін тасымалдаған ер адамды ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен патрульдік полиция қызметкерлері қала көшелерінің бірінен 33 жастағы ер адамды ұстады. Ол велисипед жылдамдығын арттырып, тәртіп сақшыларынан қашып кетпек болған. Алайда, патрульдік полиция қызметкерлері күдіктінің қашып кетуіне мүмкіндік бермеді. Тінту кезінде одан құны 1,1 млн теңгені құрайтын 40 қара полиэтилен пакетке салынған синтетикалық «мефедрон» препараты табылды», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір ұсталған күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Ал күдікті уақытша оқшаулау изоляторына қамауға алынды.