Токио Олимпиадасы ойындарынан соң спортшылар және оларды жаттықтырушы бапкерлердің қатысуымен кеңейтілген отырыс өткізіледі. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Кеткен кемшіліктермен міндетті түрде жұмыс жасайтын боламыз. Бұл мәселеде боксшылармен қатар жаттықтырушылармен де жұмыс жасаймыз. Жалпы біз бас бапкерді тағайындағанда оған бар жауапкершілікті жүктейміз. Әрине, бапкерден бөлек, спортшыға да байланысты. Боксшылар Сәкен Бибосынов секілді алаңға шыққаннан соң соңына дейін күресуі тиіс. Яғни жаттығу кестесі мен режімді әзірлеп жоспар құрады, ал спортшы соған сәйкес тиісті деңгейде жаттығып, бар күш-жігерін салуы қажет», деді Серік Сәпиев Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн өткен баспасөз мәслихатында.
Комитет басшысы Олимпиада ойындары аяқталған соң оны қорытындылауға арналған жиынның өтетінін мәлімдеді.
«Әр Олимпиада ойындары мәресіне жеткен соң, споршылар, жаттықтырушылар, Ұлттық Олимпиада комитеті, спорт федерациялары өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген отырыс өтеді. Сол жерде мәселе кеңінен қаралып, қажет болған жағдайда бас бапкер мен жаттықтырушылар қайта тағайындалады. Осы жолы да Токио Олимпидасынан соң кезекті жиын өткізіп, жіберілген қателік, кемшіліктерді қараймыз», деді ол.