Тәуелсіздігімізге тәубе дейміз. Кеңес өкіметі тұсында ауылдан аттап баспаған қара табан бала Сібірдің қойын-қолатында әскери борышын өтейтін. Қазір ше – өз елі, өз жері. Бұрынғыдай әлімжеттік те азайған көрінеді. Бір жағынан халық арасында мәдениет қалыптасып келе жатса, екіншіден, әскери мекемелерде тәртіп күшейген. Дейтұрғанмен, құқық бұзушылық жоқ емес, ішінара болып тұрады. Алда-жалда әскерилер арасында қылмыс орын алса, әскери тергеушілер іске кіріседі.
Шығыс өңірлік әскери тергеу басқармасы Өскемен бөлімінің бастығы подполковник Дархан Қасеновтың айтуынша, әскеріміз алғаш КСРО құрамынан бөлініп шыққанда қылмыс көп болған екен.
«Бүгінде әскери полиция, қарсы барлау, әскери тергеу бөлімдері жұмыс істейді. Дәл бұрынғыдай әлімжеттік көрсету көп емес. Есесіне, экономикалық, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға жол беріліп жатады. Мәселен, тендер өткізген кезде қызметкерлер қателіктерге ұрынуы мүмкін. Сонымен қатар қызметін асыра пайдалану, жымқыру, киім-кешек сату фактілері кездеседі», дейді Дархан Болатбекұлы.
Айтқандай, әскери бөлімдердің бірінде ақша жымқыру фактісі әшкереленген. Бөлім басшысы қоластындағы қызметкерлердің шотына ақша аударған. Анықтау жұмыстары кезінде күдікті азамат кінәсін толық мойындап, қаржыны қайтарды. Алайда жазадан құтылған жоқ.
Бір қызығы, темірдей тәртіпте жүргендердің арасында арагідік есірткі сату фактісі кездеседі екен. Мысалы, аймақтағы әскери бөлімдердің бірінде қызмет етіп жүрген азамат есірткі сатып, оны сақтағаны үшін құрықталып, тергелді. Соттың үкімімен темір тордың арғы жағына аттандырылды.
Жасөспірімдердің психологиясы әлсіз бе, өзіне-өзі қол жұмсау да бар. Соңғы бес жыл ішінде ғана төрт оқиға болды. 2017 жылы бір сарбаз атылып қалса, биыл біреуі өзіне-өзі қару кезенген. Тағы бір сарбаз далалы жерде автоматтың тежегішін жоғалтып алып, уайымға салынып кеткен. Жазадан қорықса керек, шекара заставасына 40-50 метр қалғанда тамағына қару төсеп, шүріппені басып қалған. Сөйтсе, жоғалған тетіктің құны бар-жоғы 3 мың теңге еді. Сондай жағдайда қасындағы сарбаздар түсіндіріп, сабырға шақыруға болар ма еді?!
Қылмыс болған жағдайда оқиға орнына аумақтық полиция қызметкерлері шығады. Ал алыс аудандарда жергілікті полицейлер бірінші болып жетеді. Қала аумағындағы шақыртуларға әскери тергеушілер жұмылдырылады. Олардың пікірінше, ең алдымен оқиға орнында тексеру дұрыс жүргізілуі керек. Ол үшін жедел тергеу тобы құрылады, прокуратура өкілдері қатысады. Қажет жағдайда криминалист келеді. Әр қылмыстың ашылуына оқиға орнындағы ұсақ-түйек заттардың өзі себеп болады. Адам тағдыры болғандықтан, жағдай бүге-шігесіне дейін тексеріледі. Толықтай сараптама жүргізіледі. Қатысы бар тұлғалардың мектеп кезінен бастап бүгінге дейінгі мінездемесі қаралады.
Мұндай фактілерден кейін сарбаздар арасында суицидке бармау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, психологиялық тест алынады. Жалпы, қандай да тәртіп бұзушылық орын алса, әскерилердің ас-суынан бастап, түгелдей дерлік тексеріледі екен. Егер дене жарақаттары анықталса, кінәлі сарбаз гауптвахтаға жабылады.
«Постта дұрыс тұру керек. Өкініштісі, автоматты шұқылап тұрып, байқаусызда атылып қалғандар да бар. Айта кетейін, жуықта түнгі ату жаттығуы кезінде пулеметтің бір оғы атылмай қалған. Оны ешкім қарамаған. Түнделетіп казармаға келген соң қару-жарақты тазалау басталған. Сөйтіп отырып, біреуі шүріппені басып қалғанда ұшқан оқ қалың қабырғаны тесіп өтіп бір сарбаздың жамбасын жанап өткен. Егер қаз-қатар тұрған сарбаздарға тисе не болар еді?! Қару ұстадың ба, әр қимылыңа сақтықпен қарауға тиіссің», деп түсіндірді әскери тергеу бөлімінің басшысы Дархан Болатбекұлы.
Әскери тергеу бөліміне де тәжірибелі мамандар алынады. Көбі полицияда жүріп, тәжірибесі толысқан. Олар қылмысты тергеп ғана қоймайды, сарбаздар арасында, әскери бөлімдерде өз ретімен профилактикалық жұмыстар да жүргізіп отырады. Ал құқық бұзушылық орын алған жер белгілі бір уақытқа дейін тергеушілердің назарында болады. Жоспарлы, жоспарсыз тексеру жұмыстары жүргізіледі.
Қалай дегенмен де, тәртіп бұзбай, түзу жүрген әскери қызметшілер үшін әлеуметтік жағдай жасалады. Тамақтары тоқ, киімдері бүтін. Жас қызметкерлерге жалдамалы пәтерге дейін беріледі. Бұған қоса банктегі шотына мемлекет бөлетін тиісті қаржы жиналған соң тұрып жатқан баспанасын сатып алуға мүмкіндік бар. Ал әскерилердің міндеті – Отанға адал қызмет ету.