Б.Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1 стансасының қуаттылығы 500 МВт болатын №1 энергоблогы қалпына келтірілуде. Бүгінде бөлшектеу жұмыстары толық аяқталып, жаңа технологиялық жабдықтарды орнату басталды.
«Самұрық-Энерго» АҚ таратқан ресми мәліметке сүйенсек, қайта жаңартылған энергоблок 2023 жылдың желтоқсанында пайдалануға беріліп, іске қосылады.
Жалпы, «Самұрық-Энерго» бұл жобаға ерекше мән беріп отыр. Себебі оны ойдағыдай жүзеге асыру компанияның өзге де энергетикалық нысандарында жүргізіліп жатқан жұмыстар секілді салада орын алып отырған электр қуатының тапшылығын азайтуға және елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте соңғы төрт жылда (2017-2020 жылдар аралығында) республикада электр тұтынудың орташа өсімі 4 пайызды құрады. Жыл сайын электр қуатына деген қажеттілік шамамен 600 МВт-қа өсіп отыр.
Мамандар қолда бар қуат резервтерінің азайып бара жатқандығын алға тартуда. Электр қуатының болжамды теңгерімі Қазақстанда 2023 жылдан бастап өндірістік қуат тапшылығы болатынын көрсетіп отыр. Ал реттеу қуатының тапшылығы қазірдің өзінде байқалуда.
Жүйелік оператордың ақпаратына сүйенсек, 2020-2021 жылдары күзгі-қысқы кезеңнен өту барысында Біртұтас электр энергетикалық жүйенің жұмыс қуатына қатысты нақты резерв 600 МВт-ты құрады. Саладағы сарапшылар ағымдағы қарқын сақталған жағдайда, келесі жылыту кезеңінде Біртұтас электр энергетикалық жүйенің қуат резервтері болмай қалуы мүмкін екенін, бұл электрмен жабдықтаудағы шектеулерге әкеп соқтыратынын айтып дабыл қағуда.
Жаңа электр сүзгілерін орната отырып, №1 энергоблогты қалпына келтіру жобасы стансаның қуатын 4000 МВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік бермек. Соның нәтижесінде, стансада ұзақ жылдар бойы жүргізіліп келе жатқан негізгі жабдықтарды жаңғырту процесі ойдағыдай аяқталмақ.
Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы қуаты 500 МВт болатын №2 энергоблок желіге қосылды. Бұл Екібастұз ГРЭС-1 нысанының өндірістік көрсеткіштерін айтарлықтай арттыруға жол ашты. Бұған дейін 2012 жылдың шілдесінде қуаты 500 МВт болатын №8 энергоблок іске қосылған болатын.
«Самұрық-Энерго» АҚ электр қуатының болжамды тапшылығын азайту үшін ГРЭС-1 стансасының №1 энергоблогын қалпына келтіруден бөлек, тағы да басқа жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, Екібастұз ГРЭС-2 стансасының қуаты 636 МВт болатын үшінші энергоблогын пайдалануға беру, 2028 жылдан 2035 жылға дейінгі аралықта Екібастұз ГРЭС-1 стансасының жиынтық қуатын 240 МВт-қа арттыру мақсатында 3, 4, 5, 6, 7, 8 блоктарды кезекпен қайта жаңарту міндеті тұр.
Сондай-ақ «Алматы электр станциялары» АҚ-ға қарасты Алматы ЖЭО-3 нысанының белгіленген қуатын 450 МВт-қа дейін ұлғайтып әрі маневрлік режімді қамтамасыз ете отырып, қайта жаңарту көзделген. Бұдан бөлек, Алматы ЖЭО-1 қайта құру, қуатын 250 МВт-қа дейін арттыру және 2030 жылға дейін маневр жасау мүмкіндігін тудыру да қарастырылған.
Сонымен қатар 2026 жылы Қапшағай ГЭС-інде қуатты реттеу диапазонын 300 МВт-қа дейін ұлғайтуды қамтамасыз ететін, қуаты 40 МВт болатын Кербұлақ ГЭС-ін пайдалануға беру жоспарлануда. Шелек дәлізінде өңірдің жел және су әлеуетін игеру жобаларын дамыту көзделіп отыр.
Б.Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1 – әрқайсысының қуаты 500 МВт болатын сегіз энергоблокпен жабдықталған, белгіленген қуаты 4000 МВт-ты құрайтын Қазақстандағы ең ірі жылу электр стансасы. Станса республика бойынша барлық электр тұтыну көлемінің 20-23 пайызын қамтамасыз етеді. Стансаның иесі – «Самұрық-Энерго» АҚ.