Қостанай облысынан 35 қолөнерші халықаралық BornNomad көрмесіне қатысады. Олар қазір онлайн режімде дайындықтан өтіп жатыр. Одан кейін аталған көрмеге еліміздің әр өңірінен қатысатын өзге шеберлермен «Дәстүр және мәдениет», «Инновациялар», «Шебер шығармашылығындағы әйел бейнесі», «Жас таланттар», «3D қолөнері» және «Шығармашылық коллаборация» номинациялары бойынша өнер сайысына түседі.
Ұйымдастырушылар байқау нәтижесінің қалай болатынына қарамастан, іс-шараға қатысқан қолөнер шеберлерінің бәрі дерлік туындыларын халықаралық сауда алаңдарына шығаруға және қолөнерді лайықты табыс көзіне айналдыру мүмкіндігіне ие болатынын айтады.
– BornNomad АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі мен «Атамекен» ҰКП-ның бірлескен жобасы. Ұлттық мұраны жаңғырта отырып, ауқымды түрде насихаттауды көздейтін бұл жоба Қазақстанның дәстүрлі қолөнері мен халықтық өнерінің қазіргі заманғы интерпретациясын ынталандыруға бағытталған. Жобаға Chevron және Exxon Mobil компаниялары демеушілік етіп отыр. Жеңімпаздарды АҚШ пен Қазақстанның сарапшылары таңдайтын болады, – деді Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Сәния Иментаева.
Көрмеге қатысушылардың ішінде былғары, тоқыма, киіз, ағаш және металмен жұмыс істейтін шеберлер бар. Олардың айтуынша, әлемдік беделге ие айтулы көрме ұлттық қолөнер туындыларын халықаралық нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.
– Біздің өңірде қолөнер өндірісі жақсы дамып келеді. Алайда шеберлердің көбі үйде жұмыс істейтіндіктен, көбіне-көп олардың насихатталу жағы кемшін түсіп жатыр. Ал BornNomad жобасына қатысқан әрбір ісмер, иә ұста, кез келген қолөнер шебері өзінің төл туындысын сатып қана қоймай, кәсібінің ауқымын әрі қарай кеңейтіп, дамытуға ынталанады, сондай-ақ бәсекеге қабілетті болуды үйренеді. Бұл біз үшін өте қажет дүние. Мәселен, мені қазірдің өзінде французға немесе испандыққа, иә болмаса жапондыққа ұнайтын қандай дүние ұсынуға болады деген ой мазалай бастады. Яғни бұл жоба бізді Wildberries және Amazon-ға шығару арқылы халықаралық нарыққа бағыттайды. Әу баста мен бұл байқауға бір ғана идеямен қатысқанмын, бірақ оқу-үйрену барысында мүлде жаңа бастамалар туындап, тың идеялар келе бастады. Алдағы көрмеде екі адам болып «Шығармашылық коллаборация» номинациясы бойынша бақ сынап көрмекпіз. Мен – автормын, әріптесім орындаушы болады, – деді Қостанайдағы Qoloner қоғамдық қорының басшысы Сәуле Қабидулова.
Байқау жеңімпаздарының есімдері қыркүйек айында өтетін ауқымды қолөнер фестивалінде белгілі болады.
Қостанай облысы