Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан көшбасшысы Садыр Жапаровпен Түрікменстанда кездесу өткізді. Бұл туралы Қырғыз Республикасы Президенті Әкімшілігінің хабарламасында айтылған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кездесу Түркменбашы қаласында Орталық Азия мемлекет басшыларының консультативтік кездесуі шеңберінде өткен.
Тараптар түрлі бағыт бойынша екіжақты стратегиялық әріптестіктің өзекті мәселелерін, сондай-ақ өзара тиімді қатынастарды дамыту перспективаларын талқылады. Сондай-ақ, коронавирус пандемиясы кезеңінде екі ел азаматтарының шекарадан өту мәселелері талқыланды.«Садыр Жапаров Қырғызстан-Қазақстан екіжақты ынтымақтастығының қазіргі белсенділігі мен жоғары деңгейі туралы айтты. Ол бүгінгі келіссөздер дәстүрлі түрде екі мемлекет арасындағы өзара қарым-қатынасты сипаттайтын одақтастық қатынастар мен стратегиялық әріптестік рухында өтетініне назар аударды», деді Жапаровтың әкімшілігі.
Сондай-ақ Садыр Жапаров бауырлас Қазақстанмен саяси, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі кеңейтуіне ниетті екенін айтты.
Қырғызстан Президенті Әкімшілігінің мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас Қырғызстан мен Қазақстан арасында шешілмейтін мәселелер болмауы керек екеніне тоқталып, өзара байланыстарды жалғастыру керегін айтты.
Тоқаев Жапаровтың Орталық Азия мемлекет басшыларының консультативтік кездесуі аясында жақсы бастамалар көтергенін, сондай-ақ, бұл ұсыныстарды түрлі халықаралық платформаларда қолдауға дайын екенін білдірді.