6 тамызда Ұлы Отан соғысының Атырау облысындағы соңғы ардагері Закария Сұлтанов 96 жасында қайтыс болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Атырауда екінші дүниежүзілік соғыстан аман оралған соңғы майдангер өмірден өтті.
Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Закария Сұлтанов 1926 жылы туған. 1943 жылы соғысқа аттанып, Белоруссия майданында 143-полк құрамында жауға қарсы шайқасқа қатысқан. Соғыстағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған. Елге 1946 жылы оралған.
«Қан майданнан аман оралып, арамызда адамдықтың асқақ үлгісін көрсетіп жүрген соғыс ардагерлерінің соңғысы еді. Өткен ғасырдағы зұлмат-соғыстан жеңімпаз болып шыққан Закария Сұлтанов ағамыз біз үшін ерліктің, қайсарлық пен отансүйгіштіктің үлгісі болып келді. Майданда алған жарақатына қарамастан бейбіт кезеңде еңбектен қол үзбей, әскери комиссариатта, ішкі істер инспекциясында абыройлы қызмет етті. Тәуелсіз Қазақстанның гүлденіп, мәңгілік ел болуын тілеп отырушы еді» дейді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.