• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
Президент 08 Тамыз, 2021

Басты мақсат – Орталық Азияны өркендеген өңірге айналдыру

332 рет
көрсетілді

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстанға жұмыс сапары Президент Гурбангулы Берді­мұ­хамедовпен Түрікменбашы қала­­сындағы «Аваза» ұлттық турис­­тік аймағындағы кездесуден бас­­талды, деп хабарлады Пре­зи­­дент­тің баспасөз қызметі.

Қазақстан Президенті Түрік­менстан басшысына қонақ­жайлығы үшін ризашылық біл­діріп, Орталық Азия Мемле­кет­тері басшыларының үшінші Консультативтік кездесуін өт­кізу өзекті әрі уақтылы бастама екенін атап өтті.

– Сіз ұйымдастырған кешегі іс-шара танымды, бір жағынан мазмұны да маңызды болды. Іс жүзінде, кеше біз бейресми кездесуде осындай күр­делі ке­зеңде жұмылып, ынтымақ­тас­тықты одан әрі күшейту әрі жаңа мүм­кін­діктерге жол ашу мақсатында Орта­лық Азиядағы өзекті мәселелерді талқы­ладық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшылары екі­жақты күн тәртібіндегі бірқатар мәселені қарас­тырып, Қа­зақ­стан мен Түрік­мен­стан ара­сындағы қарым-қатынас дең­гейін жоғары бағалады.

– Түрікменстан – Қазақ­стан­ның страт­егиялық әріптесі. Ұзақмерзімді әрі стратегиялық сипаттағы ортақ жобаларымыз көп. Бұдан кейінгі келіссөздер бары­сында да екіжақты ынты­мақтастықты одан әрі нығайтуға міндетті түрде баса мән береміз. Үкіметке тиісті тапсырма бер­дім. Түрікменстанға ресми сапарым бойынша жұмыс істеп жатыр. Жалпы, қол қойылатын негізгі құжаттар топтамасы әзір. Алдағы уақытта қол қойыла­тын келіссөздер мен келісімдер бауырлас елдеріміз арасын­дағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Тараптар сауда-экономи­ка­лық ын­ты­­мақ­тастықты дамы­туға, жеткі­­зі­летін тауар­лар түрін арт­тыруға, кө­лік-тран­зиттік әле­ует­ті кеңірек пайда­ла­ну­ға және мәдени-гуманитарлық са­ла­­­да­ғы байланыстарды күшей­туге ниетті екен­дерін жеткізді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орта­лық Азия Мемлекеттері бас­­шы­­лары­ның Консультативтік кез­десуі­не қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Орта­лық Азия мемлекеттері тәуел­сіздігінің 30 жыл­­дығы қар­са­ңын­да өтіп жатқан кез­десу­­дің ерекше екенін атап өтті. Осы уақыт аралығында мем­ле­кет­теріміз қалыптасып, әлеу­мет­тік-эко­номикалық дамуда айтар­лықтай табыстарға қол жеткізді және мәдени-рухани мұра­мызды жаңғыртты.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жы­лы­нан бастап, біз иық тіресе, бір-бірі­міздің табыстарымызға қуанып, қиын ке­зең­дерде өзара қолдау көрсетіп келе­міз. Солай болуы – заңдылық. Біз­ді ға­сыр­лар бойы қалыптасқан тари­хы­­мыз, рухани жақындығымыз, ортақ салт-дәстүрлеріміз байланыстырып ке­ле­ді. Мемлекеттер басшылары Консуль­тативтік кездесуінің форматы аймақ­тың ынтымақтастығына тың сер­пін береді. Нұр-Сұлтан мен Таш­­кентте өткен сам­мит­тер­дің нә­ти­жесінде бай­ла­ныс­­тары­мыз­­­­дың тұрақты, дәстүр­лі, ең бас­­­­ты­­сы, өзіндік сипаты қа­лып­тас­ты. Ай­мақ­тағы ынты­мақ­тастықты арт­тыру­дың негізі – жоғары дең­гей­дегі сенімді диалог, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті мемлекеттер арасындағы эконо­микалық байла­ныс­тардың ны­ғая түскенін атап өтті. Бірлескен кәсіпорындардың саны артып, өнеркәсіп, энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда ірі жобалар іске асырылып келеді.

– Қазақстанның Орталық Азия мем­лекеттерімен тауар айналымы соңғы бес жылдың ішінде бір жарым есе артып, 4,6 миллиард долларды құрады. Жүйе­лі диалог және үйлесімді іс-әре­кеттер – ортақ мәселелерді шешудің тиімді әрі баламасыз тетігі, – деді Мем­лекет басшысы.

Президенттің айтуынша, әлем елдері күрделі кезең­ді бас­­тан өткеріп жатыр. Ауған­стандағы қазіргі жағдай ерекше алаңдатып отыр. Коронавирус індеті жағдайды одан сайын ушықтыруда. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа кезеңде Орталық Азияда тұрақты дамуды қам­тамасыз ету үшін аймақ елдері бірлесіп әрекет етуге тиіс деп санайды.

– Елдеріміз арасындағы тауар айналымын арттыру, оның құрылы­мын жақсарту және жет­кізілетін тауар түрлерін кеңейту бойынша жұмысты  жандандыру қажет. Қазақстан Орталық Азия елдеріне экспорттық тасымалды 1 миллиард АҚШ доллары­на дейін ұл­­ғайта алады. Мұн­дай қор аймақ­тың басқа да ел­дерінде бар екеніне с­енім­дімін. Орталық Азияның көлік дә­ліз­деріне интеграцияланған тауар өт­кізу­дің бірыңғай желісін құруда күш жұ­­мылдыруды ұсы­намыз. Бұл көтер­ме-бөлу және агро­логистикалық орталық­­тар­дан тұратын жаңа инфра­құ­ры­лым тауар­ларымызды Еуразиялық экономика­лық одақтың, ТМД және үшінші мемлекет­тердің нары­ғына шығаруға мүмкіндік бере­ді. Маусымаралық кезеңде өз на­­ры­ғ­ымызды да ауыл шаруа­шылығы өнім­дерімен қамта­ма­сыз етуге жағдай жасайды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы табысты серік­тес­тік­тің үлгісі ретінде Қазақстан мен Өзбек­станның ортақ шекарасында құ­рылған «Орталық Азия» ха­лық­аралық сауда-экономикалық ынты­мақ­тастық орталығын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Пре­зи­денттерді аймақтық эко­номи­каның стратегиялық маңызды салаларына инвестиция тарту үшін күш-жігерді біріктіруге шақырды.

Президент ұлттық экономикаларды инновациялық-цифрлық платформаға ауыс­тыру дамудың баламасыз жолы деп атап өтті. Сондай-ақ Қазақ­станда өнер­­кәсіпті, энергетика, көлік және әлеу­мет­тік сала­ларды цифрландыру, «ақылды» қалаларды дамыту жобалары белсенді жүзеге асырылып келе жатқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, аймақ мемлекеттері Азия мен Еуропаны байла­ныс­тырушы көпір рөлін атқа­рып отыр. Бұл ретте Қазақстан Транс­­­кас­­пий халықаралық көлік дә­лі­з­інің транзиттік әлеуе­тін бір­тін­деп дамытуда. Одан бөлек, «Қытай – Еуропа – Қытай» транс­­құрлықтық бағ­дары­ның қа­зақ­стандық бөлігі­нің әлеуеті нығайып келеді.

– 2025 жылға дейін екінші жолдардың құрылысы аяқталып, «Достық – Мойынты» темір жол учаскесі толықтай электрмен жабдықталады. Нәтижесінде атал­ған бағыттың өткізу мүмкін­дігі бес есе ұлғаяды. Жобаға 2 мил­лиард АҚШ долларынан астам қаржы салынады. «Қазақ­стан – Түрікменстан – Иран» те­мір ­жолы да үлкен мүм­кін­дік­т­ер береді. Елдеріміз үшін Пар­сы шығанағы мемлекет­теріне шы­ғудың қысқа жолы осы. Жыл сайын аймақтағы жүк т­асы­малы артып келе жат­қан­дықтан, Трансазиялық темір ­жол магистралінің оңтүстік дәлізін дамыту қажеттігі туындап отыр. Мысалы, «Дарбаза – Мақта­арал» темір жол желісін іске қо­су жүк тасымалы мер­зі­мін 1,5 есе қысқартады. Оңтүстік Азия нарықтарына жол ашатын «Мазари – Шариф – Кабул – Пе­шавар» темір жолы құрылы­сы жоба­сының келешегі бар деп есеп­тейміз. Қазақстан және Түрік­­­менстан айлақтары қуаты­ның әлеуеті зор, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Соңғы үш жылдың ішінде Транскаспий бағыты арқы­лы өтетін контейнерлердің легі 13 есеге артты. Қазақстан Ақтау ай­лағының базасында әлем­нің озық операторларын тарта отырып, «контейнерлік хабты» ашуды жоспарлап отыр (Cosco, Maersk, CMA CGM және т.б.). Еліміз аймақ ішінде көлік коммуникацияларын дамыту мақ­сатында өзара тиімді ын­ты­мақ­тастық жасасуға әзір.

– Өзбекстанмен арадағы жаңа жобалар белсенді түрде пы­сықталып жатыр. Ең алды­мен, «Түркістан – Шым­кент – Ташкент» жоғары жылдам­дық­тағы темір жол құрылысы туралы айтып отырмыз (жоба құны шамамен 70 миллион АҚШ доллары). Бұдан бұрын «Бейнеу – Ақжігіт» автожолының құры­лысы аяқталған болатын. Атал­ған бағыт арқылы өзбек се­рік­­тестерімізге Құрық және Ақтау айлақтарына шыға­тын қысқа жол ашылды. «Түрік­мен­башы – Гарабоғаз – Қазақ­стан­­ның шекарасы» авто­ма­гист­ралінің әлеуеті зор. Осы ба­ғдар Түрікменстанмен арада­ғы жолаушы және жүк тасыма­лын арттыруға мүмкін­дік бе­реді. Жалпы, Дүниежүзілік банк­тің баға­лауынша, Орталық Азия­да­ғы көлік коммуникацияларын дамыту барлық елдердің ішкі жалпы өнімін 15 пайызға арт­­тыруға жағдай жасайды. Бұл – ауқымды қор. Осы ретте күш-жі­герімізді біріктіре отырып, аймақтың көлік байланысын арттырып, дәліз жағ­да­йын жақ­сартуымыз қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы су ресурс­тарымен қамтамасыз ету мен ай­мақтың био және экожүйесін сақ­тауды Орталық Азиядағы не­гізгі мәселенің бірі ретінде атап өтті.

– Біз қазірдің өзінде кли­мат­­тың жаһандық жылынуы сал­дарын судың азаюы мен құр­ғақшылық арқылы көріп отырмыз. Бұл, әсіресе, Сыр­дария бас­сейнінде ерекше сезі­ліп отыр. Кейінгі екі жыл­дағы ве­ге­та­ция­лық кезеңде Шар­дара су қой­масына жиналатын су көлемі 40 пайызға, Кіші Арал теңізіне келетін су мөлшері 60 пайызға азайып кетті. Трансшекара­лық өзендер ресурстарын тиімді басқару мен алдыңғы қатар­дағы технологиялық шешімдерді енгізу үшін бірлескен су саясатын енгізу маңызды. Біздің өзара іс-қимылымыз тараптардың мүд­десін ескерген және өзара мін­деттерді толықтай орындай­тын, тең дәрежеде қолдану принципі негізінде жүзеге асуы тиіс. Су – Орталық Азия елдерінің арасын ашудың басы емес, керісінше, біріктіретін ресурс болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Баяндамада коронавирус пандемиясы сынағы кезінде халық­тарымыздың бірлігі мен бір-біріне деген көмегі туралы айтылды.

– Қазақстан достық пен ынты­мақтастық аясында бауыр­лас мемлекеттер мен халық­тарға барынша көмек көр­сетті және жәрдемдесе де бере­ді. Ғы­лы­ми-зерттеу саласын­да жи­­на­қ­­талған тәжіри­бе­міз­­бен бөлісуге де әзірміз. Түрікменстан Президентінің вирусология және эпидемиология орталығын құру туралы ұсынысын қолдаймыз. Шын мәнінде, осы салада ғылы­ми ынтымақтастықты күшейту маңызды. Жақында қазақ вакцинасы Қырғызстанға жіберілді. Ресейлік Спутник-V вакцинасын өндіру де жолға қойылды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы, трансұлттық қылмыс сияқты сынақтардың сақталып отырғанына тоқталды.

– Бірлігімізді бекемдеп, бір-бірімізбен болмашы бәсеке­лес­тікке жол бермеуіміз қажет. Бұл мәселеде ХХІ ғасыр­да Орталық Азияны дамыту мақ­сатындағы достық, тату көр­шілік, ынтымақтастық жөніндегі Келі­сімге тез арада қол қоюдың маңызы артып келеді. Тарап­тардың жуық арада осынау тарихи келісімге қол қоюға дайын болуын құптаймыз. Халықаралық аса маңызды мәселелерде барынша ортақ ұстаным білдірсек, әлемдік қауымдастыққа келісім тапқан ортақ тәсілімізді көр­се­тер едік. Халықаралық алаң­дарда­ғы бәсекелестік ұлттық мүдде­лері­мізге қайшы келе­ді, – деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Алдағы уақытта бауырлас халықтарды жақындата түсу­де мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдар маңызды рөл ат­қара­ды. Мемлекет басшысы туыстық байланысты сақ­тап, күшейту және мәдени-гу­ма­нитарлық күн тәртібін жаңа мазмұнмен то­лық­тыру жөнін­дегі пікірін айтты. Сондай-ақ Қазақстан білім саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуді қолдайды.  

– Көңіл бөлуді қажет ететін тағы бір сала – елдеріміздің жас­тары арасындағы байланысты дамыту. Тереңде жатқан тарихи қарым-қатынасымызды сақтап қалуда жастарымыз маңызды рөл атқарады. Студенттер алмасуды кеңейтуді, олардың жақсы білім алуға ұмтылысын жан-жақ­­ты қолдауды, Орталық Азия аза­мат­тарының Қазақстандағы алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алуына квота көбейтуді маңызды деп есеп­тейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Барлық ұсыныстар аймақтағы мемлекеттер мен халықтардың мүддесі жолында жан-жақты әрі өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдете түсуге деген шынайы ниеттен туындағаны айтылды.

– Біздің басты мақсатымыз – Орталық Азияны тұрақты, эко­номикалық жағынан дамы­ған, өркендеген өңірге айналдыру. Достық, тату көр­шілік әрі өзара сенім негізінде барша қиын­дық­тарды еңсеріп, алға қой­ған игі мақ­­саты­мызға қол жет­кізе ала­­ты­­ны­мызға сене­мін, – деп сөзін қо­ры­тын­дылады Мем­­лекет басшысы.

Консультативтік кеңесте, сон­дай-ақ Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Қырғыз Республикасының Пре­зиденті Садыр Жапаров, Тәжік­стан Президенті Эмомали Рах­мон, Өзбекстан Президенті Шав­­кат Мирзиёев, БҰҰ Бас хат­­шы­­­­сының Орталық Азиядағы ар­на­йы өкілі Наталья Герман сөз сөйледі.

Кездесу қорытындысы бо­йын­­ша Бірлескен мәлімдеме қа­был­данды.

Консультативтік кездесу аясында Орталық Азия елдерінің басшылары Қасым-Жомарт То­қаев, Садыр Жапаров, Эмо­мали Рах­мон, Гурбангулы Берді­мұ­ха­медов және Шавкат Мир­зиёев ұлт­­тық тауарлар көрмесін аралады.

Көрмеде экономиканың түр­лі саласындағы идеялар, тех­но­логиялар, инновациялар, өнер­­кәсіптік және өндірістік жаб­­дықтар мен өнімдер таныс­ты­рылды. Іс-шараның басты мақ­­саты – инновациялық технология саласындағы жетістіктерді көр­­сетуге жағдай жасау, тәжі­ри­бе алмасу және Орталық Азия ел­дерінің серіктестерімен тиімді ын­ты­мақтастық орнату.

Сондай-ақ Қазақстан, Қыр­ғызстан, Тәжікстан, Түрік­мен­стан және Өзбекстан Прези­дент­­­тері аймақ елдерінің ұлт­тық тағам­дары халықаралық фести­валінің қонағы болды.

Іс-шара соңында мемлекеттер басшылары бес елден келген өнер шеберлерінің концертін тамашалады.