• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 09 Тамыз, 2021

ҰБТ-2021: Талапты бұзған талапкерлер гранттан қағылды

902 рет
көрсетілді

Бүгінде жоғары білім алудан үміттілер ұлттық бірыңғай тестілеуді бұрынғыдай жылына бір-ақ рет емес, төрт рет тапсыра алады. Бұл олардың оқуға түсу мүмкіндігін кеңейтетіні сөзсіз. Осыған қарамастан талапкерлер арасында талап бұзу тыйылмай тұр.

Ұлттық бірыңғай тестілеу орталы­ғының жақында жария­лаған ақпаратына сүйенсек, 19 талап­кердің ҰБТ нәтижелері жо­йылды. Иә, бұған дейін бақылау камераларынан бейнежазбаларды қарау туралы ереже енгізілген еді. ҰБТ аяқталғаннан кейін 152 талапкердің тестілеу ере­жесін бұзғаны анықталып, нәти­желері жойылды. Олар­дың 91-і білім беру грантынан айырылған болатын. Ал биыл ҰБТ аяқталғаннан кейін Ұлттық тестілеу орталығының қыз­мет­кер­­лері 145 мың талап­кердің бей­не­жаз­баларын қарайды. Ал­дымен, Ұлттық тестілеу ор­та­лығының қызметкерлері 100-ден жоғары балл жинаған тес­тіленушілердің бейнежазба­ларын тексереді. Мәселен, та­лапкерлердің нәтижелері нау­рыз және мамыр, маусым ай­ла­рындағы көрсеткіштерінен айтар­лықтай жоғары болуы мүмкін.

Жақында ҰБТ бейнежаз­ба­ларының бір бөлігін егжей-тег­ж­ейлі қарап шыққаннан кейін орталық мамандары жоғарыда аталған 19 талапкердің шпаргалкаларды қолданғанын және ережелерді бұзғанын анықтады. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығы директорының мін­­детін атқарушы Наужан Дидар­бе­кова:

«Біз түлектеріміздің тек өз біліміне үміт артуын қамта­ма­сыз ету үшін осындай мұқият тексеру жүргізіп жатырмыз. Өйткені бүгін тест тапсырып, ере­жені бұзған талапкердің ер­тең полиция қызметкері, дәрі­гер, мұғалім немесе судья ре­тін­де адал маман болатынына кепілдік жоқ. Сондықтан комиссия 19 талапкердің нәтижелерін жоюға шешім қабылдады. Енді олар білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатыса алмайды. Бірақ бұл жағдайлар балалар тарапынан болғанын ескеріп, оларға жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқу мүмкіндігі беріледі. Жалпы, барлық түлек ҰБТ-ны жылына бірнеше рет тапсыра алады. Бұл тестілеуге дайындалу барысында оқушылардың күйзелісін азайтады. Біз тағы да талапкерлерді академиялық адалдыққа шақырамыз. ҰБТ-ның барынша ашық және адал өтуі үшін бұдан әрі де бар­лық жағдайды жасайтыны­мызды айтқым келеді. Бей­не­жазбаларды тексеруді жал­ғас­тырамыз. Бұзушылықтар анық­талған жағдайда нәтижелер мен тіпті тағайындалған грант­тар­дың да күші жойылады», деді.

Орталық өкілінің мәлім­де­уінше, бақылау күшей­тілген үш жылдың ішінде тыйым са­лынған заттарды кіргізу әрекеттері бір­шама азайған. 2019 жылы 128 мың, 2020 жылы 1 296 түлек ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысса, биыл мұндай 758 жағдай тіркелді. Тестілеу кезінде ты­йым салынған заттарды пайда­ла­нуға тырысқандардың саны 2019 жылғы 2 363-тен 2021 жылы 749-ға дейін азайды.

Бұған дейінгі тестілеулерде ешбір талапты бұзбай ҰБТ тап­сыр­ғанымен, шекті балл жинай алмай қалған талапкерлерге тамызда тағы бір мүмкіндік бар. Осы айдағы тестілеуге қа­ты­са­тындар ҰБТ-ны төртінші рет тапсыру арқылы шекті балды қайтадан жинап, жоғары оқу орындарының ақылы бөлі­міне оқуға түсе алады. Бұл тес­ті­леуге қабылдау 6 тамызда аяқ­талған болатын. Енді талапкерлер ертең, яғни тамыздың 10-ынан бастап, 13 тамызға дейін тест тапсырады. Тіркелу кезінде тестіленушілер емтихан өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.

«Өкінішке қарай, қаңтар-маусым аралығында өткен ҰБТ-да кейбір талапкерлер шекті балл жинай алмады. Олар елі­міз­дің жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігінен айырылды. Біз осы балалардың ақылы бөлімге түсу мүмкіндігі болуы үшін тамыз айында қайта тестілеуден өтуге жағдай жаса­дық. Оқуға түсу үшін шекті балл және әр пәннен кемінде 5 балл жинау қажет», деп түсіндірді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.