Батыс Қазақстан облысында коронавирус қарқыны әлі де жоғары. Бұл бизнес нысандарына да оңай тимей отыр. Бірақ карантин талаптарын сақтап, Ashyq жобасын тиімді пайдаланып отырған кәсіпкерлік нысандарына бірқатар жеңілдік берілді.
Биылғы 5 тамызда Батыс Қазақстан облысының Бас мемлекеттік санитар дәрігері жаңа қаулы шығарып, Ashyq жобасының көшбасшыларына бірқатар жеңілдік берді. Мәселен, Ashyq жобасына қатысушы ашық және жабық базарлар жұмыс күндері сағат 09.00-ден 17.00-ге дейін істейтін болса, ал Ashyq көшбасшылары жұмыс күндері сағат 09.00-ден 19.00-ге дейін ашық болады. Сол секілді қоғамдық тамақтану орындары, фудкорттар, сауналар, СПА-орталықтар, бассейндер, спорт кешендері, спорттық-сауықтыру орталықтары және фитнес-орталықтар, йога-орталықтары, сауда үйлері, сауда желілері, театрлар, кинотеатрлар, бильярд бөлмелері, компьютерлік клубтар, соның ішінде PlayStation клубтары, боулинг, балалардың (жабық) ойын-сауық орталықтары, караоке, мейрамхана және дәмхана типі бойынша келушілерге қызмет көрсететін банкет залдарында істейтін Ashyq көшбасшылары енді өз қызметін жұмыс күндері сағат 22.00-ге дейін көрсете алатын болды. Ескеретін бір жайт, бұл нысандардың барлығы да сенбі, жексенбі күндері жұмысын тоқтатады.
Бүгінде облыста коронавирус инфекциясын жұқтырған барлығы 31 891 адам тіркелді. Індетті жұқтырғандардың 75,4-%-ы, яғни 24 030 адам жазылып шыққан. Оның ішінде 11 442 адам – стационарлық, 12 588 адам – амбулаториялық ем алғандар.
«Пандемияның басынан бастап қазіргі кезге дейін барлығы 560 адам COVID-19-дан көз жұмды. Дәл қазір жалпы саны 1 459 төсектік орын 20 инфекциялық стационарда 660 адам емделуде. Ауруханалар толымдылығы 45,2%-ды құрайды», дейді Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Абдрахманова.
Гүлнәр Мақсотқызының айтуынша, инфекциялық стационарлардағы 109 реанимациялық төсектік орында 44 науқас емделуде. Оның ішінде 41 науқас ауыр халде және 3 науқас аса ауыр халде жатыр.
«Инфекциялық стационарларда жатқан науқастардың 95%-ы, ал жан сақтау бөлімінде ауыр халде жатқан науқастардың ешбірі вакцина алмаған. Бұл вакцинаның тиімділігін көрсетеді. Вакцина алу арқылы ағза тұрақты иммунитетпен қамтамасыз етіледі. Екпе алу – вирустың табиғи жолмен таралмауын қамтамасыз ететін жалғыз әдіс!», дейді Г.Абдрахманова.
Бүгінге дейін облыс аумағына вакцинаның 371 050 дозасы әкелінген. Оның ішінде 207 500 доза – бірінші компонент, 163 550 доза – екінші компонент. Екпенің басым бөлігі Ресейде өндірілген Спутник V вакцинасы екен.
Жалпы, облыс бойынша вакцинаның бірінші компонентін 170 298 адам қабылдаған. Ал 127 962 адам екпенің қос компонентін де алып, емін-еркін жүр.
«Тамыз басталғалы өткен 5 күн ішінде облыста COVID-19 диагнозымен 716 адам анықталды. Ауырғандардың көбі, яғни 252 адам Орал қаласында тұрады. Сондай-ақ Бөрлі ауданында 136 науқас, Бәйтерек ауданында 115 адам, Теректі ауданында 36, Тасқала ауданында 34 сырқат тіркеліп отыр», дейді облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.
Соңғы аптада өткен аптамен салыстырғанда аурушаңдық 28 пайызға төмендеген.
Дегенмен арқаны кеңге салып, босаңсуға әлі ерте. Жасырын өткізіліп жатқан көпшілік жиындар азаймай тұр. Облыста мониторингтік топтар соңғы бір апта ішінде 88 мәрте рейд жүргізіп, 593 нысанды тексеріп шыққан. Нәтижесінде, 20 нысанда карантин талабы бұзылғаны анықталған. 19 хаттама толтырылып, 1 093 875 теңгеге айыппұл салыныпты.
Өңірде Ashyq қосымшасын пайдаланатын нысандар көбейіп, бүгінде жалпы саны 2289 нысанға жеткен.
«Соңғы аптада Ashyq жобасына қатысатын нысандарда «сары/қызыл» мәртебесі бар 80 адам анықталды, оның ішінде «қызыл» мәртебесі бар – 49, «сары» мәртебесі бар 31 адам карантин тәртібін сақтамай, көпшілік орында жүрген екен. Осы заң бұзушылықтар үшін Әкімшілік кодекстің 425-бабы, 1-бөлігі бойынша жеке тұлғаларға 1 808 540 теңге мөлшерінде барлығы 42 әкімшілік хаттама толтырылды», дейді Нұрлыбек Ермекұлы.
Батыс Қазақстан облысы