Қарағанды облысының Асхат Қажытай есімді тумасы өзінің «Жаяу» марафон» атты жобасы арқылы жұртшылыққа танымал бола бастады. Ол осыдан біраз бұрын кеншілер астанасынан Ақтоғай ауданындағы Ақсораң тауына дейінгі 333 шақырым қашықтықты жаяу жүріп өтіп, ел назарын өзіне аударған болатын.
Енді міне, талапты ер Қарағандыдан тағы да жаяу жорыққа шығып, Ұлытаумен аралықтағы 777 километр болатын жолды бағындырды.
Өзін продюсер әрі блогер ретінде санайтын Асхат Қажытай бұл жобасын Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арнайтынын айтады.
– Менің «Жаяу» марафонымның негізгі мақсаты – адамдарға аудандар мен ауылдардың өмірі мен тарихы туралы айтып беру. Мені алда ұзақ жол күтіп тұр. Міне, осы сапар алдында мен қасиетті Ұлытауға барып, бата алуға шешім қабыдаған едім, – дейді ол.
Күннің аптап ыстығына қарамастан ұзақ жолды қажымай-талмай жүріп өткен Асхат Қажытайға аудан орталығындағы «Ұлытау – ұлт ұясы» монументінің жанында лайықты қошемет көрсетілді. Ақ жаулықты әжелер шашу шашып, арулар қайсар жігітке қымыз ұсынды. Ұлытау ауданының әкімі арнайы қабылдап, сый-сияпат жасады.
Жаяу Асхаттың алдына қойған мақсаты зор. Ол өзінің бес маршруттан тұратын жобасының нүктесін күз айында Түркістанда қоймақшы. Одан кейін жаяу марафон кезінде көрген-білгенін, алған әсерін арқау етіп, кітап жазып және видео есеп жасамақшы.
Ал болашақта ол жаяулатып Еуропаға сапар шегуді ойластырып жүр.
Қарағанды облысы