• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Тамыз, 2021

АШМ Балқашта малдың қырылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды

489 рет
көрсетілді

Ауыл шаруашылығы министрлігі Алматы облысының Балқаш ауданына қарасты Балатопар ауылында мал жаппай қырылды деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

8-тамыз күні Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасы бойынша Алматы облысы Балқаш ауданы Балатопар ауылдық округіне министрлік қызметкерлерінің жұмыс тобы жіберілген.

Олар жергілікті тұрғындармен және шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті. Кездесу барысында жергілікті тұрғындар малдың жаппай қырылғанын растаған жоқ және мал азығы тапшылығы туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Тұрғындардың айтуынша, шабындық жердің шөбі малды қыстан алып шығуға толық жетеді. Бұдан бөлек, Балатопар ауылынан 25-30 км қашықтықта орналасқан Балқаш көлінің жағасынан қосымша мал азығын дайындауға болады.

Сонымен қатар министрлік өкілдері жеті адамнан тұратын бригада тракторларымен шөпті шауып, жинап жатқан Топар және Желтораңғы ауылдарының шабындық жерлерін аралады.

Жалпы, Балатопар ауылдық округі мен Балқаш ауданы аумағында құрғақшылық жоқ. Онымен қоса, шабындық жерлер Жамбыл және Іле аудандарының фермерлеріне, сондай-ақ Жамбыл облысының көршілес аудандарына беріледі.

Балатопар ауылында және жалпы Балқаш ауданында құрғақшылық салдарынан мал қырылды, жем-шөп тапшы деген ақпарат жалған.

«Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған малдың жаппай қырылуы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды және оған ешқандай негіз жоқ», деп хабарлады.