• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Коронавирус 10 Тамыз, 2021

Індет жұқтырғандар күрт көбейді

179 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстанда эпидемиялық жағдай ауыр. Облыстың бас санитарлық дәрігері Қанат Тұрдиевтің айтуынша, пандемия басталғалы облыста коронавирустың 34 мың жағдайы тіркелген. Өткен тәуліктің өзінде 280-нен аса жағдай анықталған.

Тұрғындар арқаны кеңге салған соң да жағдай ушығады. Облыс орта­лығында бір тәулік ішінде 111 адам ауырса, Семейде 140 адам тіркелген. Инфекцияның жаңа толқынына облыс­тың медициналық меке­мелері толық дайын. Бұл туралы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Омар­беков мәлімдеді.

Оның айтуынша, өңірдегі инфек­ция­лық стационарларда 4 мыңнан аса төсектік орын бар. Онда қазір 900-ге жуық адам емделіп жатыр. Сондай-ақ 350-ден астам реанимациялық тө­сектік орын қарастырылған. Реа­ни­мация мен қарқынды терапия бөлім­шесінде 76 науқас ем алуда. Жалпы, облыстың төсектік орын қоры 21 па­йызға толған. Жағдай дәрігерлердің жіті бақылауында.

– Облыста күн сайын өңірлік штаб отырысы өтіп, облыстағы эпиде­мия­­лық жағдайды талқылаймыз. Айта кет­сем, ауруханалар қажетті жаб­дық­тармен толық жабдықталған. Рент­ген, ӨЖЖ, оттегі концентраторлары, ком­пьютерлік томографтар жеткілікті. Дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құ­рал­дарының қоры да бар, – деп атап өтті Е.Омарбеков.

Алайда «ауырып ем іздегенше, ауыр­мау­дың жолын ізде» демей ме?! Ауыр­маудың жолы – екпе алу. Вак­цина алып, індет жұқтырып алған жағдайда реанимация төсегіне таңылмайды адам. Денсаулық сақтау басқармасының бас­шысы солай дей­ді. Тіпті індетке сен­бейтіндерді жұқ­па­лы ауруханалар мен реанимация бөлім­шелерін көріп қай­туға кеңес берді.

– Көзбен көрген адам мұндай жағ­дайға түсіп, қиналғанын қаламайды. Сонда ғана көздері жетіп, вакцина алу­ға бел буады. Вакциналанғандар­дың жалпы санының тек 1,6 пайызы ғана коронавируспен ауырғанын атап өт­­кім келеді. Олар ауруды же­ңіл және орташа түрде бастан өткерді. Еш­­қай­сысы реанимацияға жеткен жоқ. Се­бебі олар­дың иммунитеті мен анти­­­денелердің титрі жоғары, – деді Е.Омарбеков.

Жалпы, бүгінгі таңда өңірде вакци­наның бірінші компонентін 440 мыңға жуық адам алса, екінші компонентін 335 мыңнан аса адам алған. Осы орайда денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы вакцина жет­кілікті мөлшерде екенін атап өтті. Қазіргі уақытта аймақ­та 80 мың вакцина дозасы бар.

Облыс «қызыл аймаққа» енгелі демалыс күндері Өскемен мен Семейде қоғам­дық көлік қозғалысы тоқтатылды. Мұндай тапсырма инфекцияның таралуын азайту және жағдайды тұрақтандыру үшін ведомствоаралық комиссияның отырысында берілді. Бұл шектеу шаралары эпидемиялық жағдай тұрақталғанға дейін сақталады.

 

Шығыс Қазақстан облысы