• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Тамыз, 2021

Шаһар шырайы

412 рет
көрсетілді

Қарағандыға серіктес қала Шахтинскінің жастары айналадағы сұрықсыз сұр түсті өзгерткісі келеді, шаһардың шырайлана түскенін қалайды. Таяуда олар қаладағы трансформаторлық қосалқы стансаның қабырғасына граффити суретін салды.

Шахтинск қалалық жас­тар ресурстық орталығының жетекшісі Жасұлан Хамитов бұл игі істің туған қаланың 60 жылдық мерейтойына жасалған тарту екенін айтады.

– Биыл біздің қаламызда үш көпқабатты үйдің қабыр­ғасына мурал салынды. Осыны көргеннен кейін біз сурет автор­ларымен байланысқа шығып, басты көшеміз Абай Құ­нан­баев даңғылындағы транс­форматор будкасын бе­зендіріп берулерін өтіндік. Жастар біздің идеямызды қол­дап, қосалқы стансаның қабырғаларына суретті тегін салып берді, – дейді ол.

Қаланың шырайлана тү­суіне үлесін қосқан сурет­шілерге жастар орталығы аумақ­ты ретке келтіріп, қа­жетті материалдармен қамта­масыз етіп, қолдан келген көмектің бәрін көрсеткен. Жас­ұлан Хамитов бұл идеяны жергілікті талантты жас­тар қолдап, алдағы уақытта Шах­тинск қаласының барлық транс­форматорлық қосалқы стансасы әдемі кейіпке енеді деп үміттенеді.

Сонымен қатар ол қаладағы талантты жастарды Шахтинск шаһарын шырайландыруға барынша атсалысуға шақырды. «Біз сіздерді және сіздердің идеяларыңызды талқылауға, оларды қарастыруға және жан-жақты қолдауға дайынбыз», – дейді кеншілердің шағын қаласындағы жастардың же­текшісі.

 

Қарағанды облысы,

Шахтинск қаласы