Күрсініс
1985 жылдың сәуірінен соңғы жаңалыққа да, жаңаруларға да толы алғашқы үш-төрт жылда баспасөз беттері ұрандаған мақалаларға, «қайта құрған» ақыл-кеңестерге толып кеткені белгілі. Бірде Сырбай Мәуленов сондай газеттің бірін оқып отырып, күрсіне басын шайқапты.
– Сыраға, қатты күрсіндіңіз ғой, не болды сізге? – дейді қасындағы інілерінің бірі.
Сонда Сырағаң:
– Алдында бөгет жоғын көрді дағы,
Бұл күнде білгіш болды елдің бәрі.
Осынша шешендер мен көсемдерді,
Қалайша көтеріп тұр жердің шары, – деп табанда өлеңмен жауап беріпті де, тағы да күрсініпті.
Суретші інісін таныстыру
Өткен-кеткеннен сөз қозғап, ескіден сыр тартып, қазақтың танымал қаламгерлері Асқар Сүлейменов пен Ақселеу Сейдімбеков бірде Алматының ағашы мол, саялы бір гүлзарында насыбай атып, демалып отырыпты.
Қағаз-қарындашын қолтықтап көше бойлап безектеп бара жатқан суретші Еркін Нұразханов оларды көреді де, сәлем бере кетейін деп, екі ағасына қарай бұрылыпты. Сәлемнен соң Ақселеу:
– Асеке, сіз бен біздің өзіміз біле бермейтін қасиетімізді бадырайтып көрсетіп салып жүрген суретші інің осы болады, – дейді алақанындағы насыбайдың қалдығын қағып жатып.
Асқар Еркін інісін бұрыннан да жақсы таниды екен, ерінін орамалдың ұшымен бір іліп сүртіпті де:
– «Қасиетіміз» дегеніңе шүбәм бар, Ақселеу, осы Еркін біздің қасиетсіздігімізді бадырайтып көзімізге көрсетіп жүрген секілді, – деген екен.
Кездейсоқ кездесу
Сәбит Мұқанов таяғын тықылдатып, бірде Жазушылар одағына қарай аяңдап келе жатса керек. Көше бұрышындағы үйді айнала берген кезде қарсы алдынан шашы желкілдеген, өзі желпілдеген бір жас жігіт ұшыраса кетіпті де:
– Ассалаумағалейкум, Сәбе! – деп жігіт жазушыға қос қолын ала ұмтылады.
Сайтандай сап ете қалған жігіттің дауыстай берген сәлемінен Сәбең селк етіп, сасып қалады. – Уәликүмсәләм! – деп, кідіріп барып сәлемін алады.
«Бұл жігіт кім болды екен, аңқылдап тұрған баланы танымағаным ұят болды-ау», – деп іштей қысылыңқырап та қалады. «Е, дәу де болса ауылдан келген ағайындас біреу шығар», – деп жорамалдайды да:
– Иә, қашан келдің, ел-жұрт аман-сау ма? – деп сұрайды.
– Сәбе, нені сұрап тұрсыз? Мен осы Алматыда тұрам ғой... – дейді жігіт.
– Жо-жоқ, мына жерге қашан келдің деп сұрап тұрмын? – дейді Сәбең аяқ астындағы асфальтті тықылдатып.
– Келе жатқан бетім осы еді, Сәбе.
«Қап, бәлем, бұл басқа жігіт болды ғой», – деп Сәбең іштей тағы қылп ете қалады. «Ұялған тек тұрмастың» қамын жасап:
– Қалай, үйдегі келін аман-сау ма? – дейді.
– Сәбе, мен әлі бойдақпын, – дейді жігіт те лыпылдап.
– Жо-жоқ, сенің шешеңді айтам... Ол маған келін болмағанда кім болушы еді?! Соны сұрап тұрмын, – дейді Сәбең қолма-қол сөз тауып.
– Е... ол кісі аман-сау, шапқылап жүріп жатыр...
– Шапқылап жүріп жатса – сол келінге сәлем айт! – деп Сәбең жылжып жүріп кетіпті.
Әлібек АСҚАР
Нұр-Сұлтан