Жергілікті әкімдердің сайлауы өтіп, ауыл тұрғындары өз таңдауын жасады. Ендігі міндет – сайланған әкімдердің қалтқысыз қызмет еткенін көріп, сенім үдесінен шыққанына куә болу. Бұл оңай жауапкершілік емес. Өйткені осы жолы сайланған әкімдер еліміздің жергілікті өзін өзі басқару жөніндегі жаңартылған заңнамасының толыққанды жұмыс істеуге көшкенін іспен дәлелдейтін басқарушы билік буыны ретінде тарихқа енуі мүмкін.
«Төртінші деңгейлі бюджеттің» мүмкіндігі қандай?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында әкімдерді сайлау төменгі деңгейден басталуын елді демократияландырудағы және жергілікті басқару институттарын нығайтудағы маңызды қадам деп атаған болатын. Алайда сайланған әкімдер талай уақыт байланған түйінді шешуге қабілетті ме? Олардың қолында қандай мүмкіндік пен ресурс бар? Өйткені кез келген менеджердің істі дөңгелетіп әкетуі үшін қаржылық сауаты ғана емес, қомақты бюджеті де болуға тиіс.
Қуанарлығы, еліміздің «Жергілікті мемлекеттік және өзін өзі басқару туралы» Заңының аясында бұл мәселе кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Яғни жергілікті әкімдіктердің дербес бюджетін жасақтау тәжірибесі 2018 жылдан бастап қолданысқа енген болатын. Әуелгіде 2000 тұрғыны бар елді мекендердің қаржы қоржынын ішкі салықтан түскен табыстың белгілі бөлігінен толықтыру әдісі іске аса бастады. Бұл «төртінші деңгейлі бюджет» деген атауға ие болып, оған 6 түрлі салық жиынтығынан алынған кіріс көзі еніп отыр.
– Әрине, сайланатын әкімдердің атқаратын жұмысында жергілікті бюджеттердің алатын орны маңызды. 2020 жылдан бастап еліміздегі барлық ауылдық округтің дербес бюджеті қалыптасты. Соның нәтижесінде бүгінде 2 345 елді мекеннің өз қаржы көзі бар деуге болады. Жергілікті өзін өзі басқару бюджетінің кіріс көздерін одан әрі кеңейту мақсатында бюджет заңнамасына төлемдердің тағы 4 түрін жергілікті өзін өзі басқару деңгейіне беруді көздейтін түзетулер әзірленді, – деген болатын ауыл әкімінің бюджеті жайлы айта келе Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров.
Осы жерде сәл шегініс жасап, 2018 жылдың 1-тоқсанындағы мемлекеттік бюджеттің атқарылуы жайындағы есепке үңілсек. Қаржы министрлігінің мамандары айналымға жаңадан қосылған төртінші деңгейлі бюджет үшін жиналатын қажетті соманы есептеп, жергілікті өзін-өзі басқару үдерісі бойынша жасалған тәжірибенің сәтті жүзеге асқанын мәлімдеген. Демек, бастаманың алғашқы кезеңінде-ақ ішкі салық түсімдерін жинау бойынша ауыл әкімдері айтарықтай жұмыс істегені байқалады. Дерекке жүгінсек, 2018 жылдың алғашқы тоқсанында елдегі тұрғын саны 2000 адамнан асатын ауылдық округ әкімдерінің есеп-шоттарына 28 млрд теңге салық түсімінен жиналған қаражат түскен екен. Салық мамандары бұл қаржының тиынына дейін есептеп, бюджет шығыстары ретінде 22 млрд теңге жұмсалғанын да анықтаған. Яғни «өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деген ұстаныммен іске кіріскен әкімдер салық түсімін асыра орындауды басты міндеттеріне алғанға ұқсайды. Өйткені сол жылдың 1-тоқсанында ішкі түсімдердің асыра орындалуы 77 пайызға дейін өскен екен. Оның ішінде жергілікті салық түрлерінің тең жартысынан астамын құрайтын жеке табыс салығы 119 пайызға және әлеуметтік салық 116 пайызға артығымен жиналған көрінеді.
Дегенмен ауыл бюджетінің көп бөлігі әлі де қызметшілердің жалақасына жұмсалатыны белгілі. Біз мұны ашық дереккөздерден алынған мәліметтерге қарап білдік. Ол үшін budget.egov.kz сайтының «Ашық бюджет» бөлімінен бірнеше ауылдық округ әкімдігінің өткен жылдардағы қаржы жұмсауы туралы есептерін алып қарау жеткілікті. Мысалға, Алматы облысы Балқаш ауданы «Құйған ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің 2020 жылдың тамыз айына арналған бюджеттік бағдарламаларын іске асыру туралы есебінің түсіндірме жазбасын талдауға тырысып көрейік. Округтің 2020 жылға арналған бюджеті 21 928 000 теңгені құраса, қаржы жұмсалатын бағдарламалар атауы төмендегідей екен:
1. 001 – «Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қаланың, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің қызметін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер»;
2. 008 – «Елді мекендердегі көшелерді жарықтандыру»;
3. 009 – «Елді мекендердің санитариясын қамтамасыз ету»;
4. 011 – «Елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру».
Ал осы атаулы бағыттар бойынша 2020 жылдың тамыз айында қанша қаржы бөлінгенін, болжамды түрде істелген жұмыс пен нақты атқарылған шара туралы салыстырмалы есепті төмендегі кестеден көруге болады.
Осы жерде ауыл бюджетінің шығыс бөлігінің көп бөлігі 001-бағдарламаға, яғни ауылдық округ әкімінің қызметін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер бойынша жұмсалатыны аңғарылады.
Бұрынғы басшылардың былық-шылығы түзетіле ме?
Төртінші деңгейлі бюджеттің мүмкіндігі туралы сөз еткенде, оның көлемінің аздығы немесе көптігі ауыл-аймақтағы әлеуметтік жағдайды жақсартудың қозғаушы күші болды деп айту қиын. Өйткені жол, ауыз су, ауыл маңындағы жайылымдық жер, көпбалалы аналар мәселесі әлі де толық шешілмеген күйінде қалып отыр. Есесіне, бұған дейін ауыл әкімінің орынтағын мансап баспалдағы ретінде немесе жеке бас пайдасы үшін пайдаланып келгендердің де болғандығын мойындауымыз керек. Өкінішке қарай, ондайлар аз емес. Мәселен, былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бірнеше облыстағы ауыл әкімдерінің үстінен ондаған қылмыстық іс қозғаған болатын. Атап айтқанда, Түркістан облысы, Кентау қаласының Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі жер учаскесін заңсыз жекешелендіруге жол бергені үшін 2 млн теңге сомасында пара алса, Алматы облысы, Іле ауданы Байсерке ауылдық округі әкімдігінің лауазымды тұлғалары 10 га жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту үшін шаруа қожалығы басшысынан қомақты ақша талап еткен көрінеді. Сол сияқты осы облыстың Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінің бұрынғы әкімі су қорғау аймақтары мен ирригациялық желілер бойындағы жер учаскелерін бөлу кезінде қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланған екен. Бұл мысалдардан ауыл әкімдерінің Әдеп кодексінің қағидаларына «пысқырмай», заңды белден басуға дейін барғанын көруге болады.
Екіншіден, қазір ел бойынша өте өзекті болып тұрған ауыл маңындағы жайылымдық жердің жетіспеушілігіне сол аймақтарды жылдар бойы «беймарал билеген» әкімдердің тікелей қатысы бар. Олар жақын-жұрағатына, таныс-тамырына, яки аудан, облыстағы лауазымды тұлғалардың нұсқауымен кездейсоқ жандарға жер пайдалану құқығын беру туралы қисынды, қисынсыз шешімдер шығарғаны рас. Есесіне, сол жайылымдық жер мен суармалы алқаптар бертінге дейін тиісті мақсатқа қолданылмай келіп, тек ел бойынша жер телімдерін космомониторинг арқылы түгендеу басталғанда ғана мәлім де беймәлім жер пайдаланушылардың «Бұл – менікі!» деп атойлап шыққаны да ақиқат. Құрғақ сөз болмас үшін Алматы облысынан бірнеше мысал келтірейік. Ескелді ауданы Матай Байысов ауылының тұрғындары биыл ауыл маңындағы жайылымдық жердің иесі пайда болып, жұрт мал бағатын орын таппай қалғанын айтып, журналистерге шағымданған болатын. Анығында, ауыл маңындағы жекешелендіруге жатпайтын 600 гектар алқап екінші тұлғаның меншігіне өтіп кеткен екен. Жер иесі алқапты жыртып, елді мекеннің іргесіне егін салып тастаған. Оның іс-әрекетінде заңсыздық болмағанымен, тұрғындар ауылдың бұрынғы әкімін жерді заңсыз сатты деп кінәлайды. Сол сияқты Ақсу ауданы Қызылағаш ауылының тұрғындары ауылдың экс-әкімі инвесторларға 1 420 гектар суармалы жерді ауыл адамдарының келісімінсіз жалға берді деген пікірде. Соның кесірінен еңбеккерлер егін салатын жер таппай отырған көрінеді.
Әрине, мұндай деректердің күні кеше сайланған әкімдерге еш қатысы жоқ. Алайда «шыт жаңа сайланған әкім өзіне дейінгі орынтақ иесі «бүлдіріп» кеткен дүниені жөндеуге әрекет ете ме, әлде...» деген сауал туындап тұр. Екінші жағынан, әкімді өз қалауымен таңдаған сайлаушы-тұрғындар өз ауылында қандай да бір заңсыздыққа енді жол бермесі анық. Яғни ауыл әкімінің ашық, адал әрі абыроймен жұмыс істеуіне сол елді мекен тұрғындарының өздері де мүдделі болуы керек.
Жанды жұмыс, тың бастама талап етіледі
Жақында өткен сайлауда Алматы облысында 71 ауылдық округте халық таңдауы жасалып, 37 ауылдың әкімі өзгерді. Қалған ауылдарда бұған дейін қызмет еткен басшылар жұмысын жалғастырады. Жаңадан сайланған әкімдердің орташа жасы 30 жас шамасында болса, арасында екі әйел бар. Мысалға, Ақсу ауданы Ойтоған ауылдық округінің әкімі Венера Берікова мен Сарқан ауданы Аманбөктер ауылдық округінің әкімі Шырынгүл Нұрханова тұрғындардың сеніміне ие болса, Қарасай ауданы Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Махатов облыстағы ең жас әкім атанды.
– Мен барлық әкімнің өмірбаянын қарап шықтым, бәрінің тәжірибесі бар, білімді азаматтар, яғни кадрлардың сапалық құрамы жақсы. Облыста жалпы саны 742 елді мекен бар. Оның әрқайсысына баруға біздің уақытымыз да, мүмкіндігіміз де бола бермейді. Сондықтан сол өңірдегі әкімдер жағдай қандай, халықтың қандай өтініш-тілегі бар, соның барлығын біліп, шешімін күткен мәселелер болса бізге жеткізіп, бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Өңірлердегі жұмысқа жаңаша көзқарас қажет, әр істе бастамашы болу керек. Аймақтарда су, жол, үш ауысымды мектептер, басқа да өзекті мәселелер көтеріліп жатады. Олардың әрқайсысын жіті зерделеп, мән-жайдан хабардар болып, шешімін қарастыру керек. Елді мекендерде тұрмыстық қатты қалдықтарды бей-берекет тастауға жол берілмеуге тиіс. Газдандыру ісіне де ерекше назар аудару керек. Бізде атқарылып жатқан жұмыс көп, оны да ауыл әкімдері халыққа жеткізіп айтуы керек. Ауылдық жерлерде шаруашылықтар субсидия алды ма, қай өңірлерге сервистік дайындау орталығын құру керек, қай аймаққа техника қажет, қай ауылда жағдайы төмен қанша отбасы бар, осының барлығы ауыл басшысының жіті назарында болуы керек. Округтерге бөлінген бюджет қаражаты тиімді пайдаланылуға тиіс. Біз жаңа округ әкімдерінен жанды жұмыс, тың бастамалар күтеміз, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.
Шындығында, жетісулық жаңа әкімдердің жасайтын шаруасы шаш-етектен. Мәселен, ең жас әкім атанған Біржан Махатовтың атына қазірдің өзінде өтініш жауып жатыр. Солардың бір тобы – Елтай ауылы Астана көшесінің тұрғындары бізден де көмек сұраған еді. Ауылдағы ағайынның айтуынша, тұрғын үй салынған аумақта жол қатынасы қиын екен. Астана атауын иеленген ұзын көшемен жаңбырлы күнді қойып, жай кездері жүру мүмкін емес көрінеді. Жөндеу былай тұрсын, тас төселмеген көшемен ауыл балалары мектепке қатынап, тұрғындар құрғақта шаңдатып, жаңбырда батпақтап жүріп жатыр. Жолдағы шұңқыр мен жыралардың көптігінен бұл аумаққа такси де келмейді екен. Тіпті кейде «Жедел жәрдем» көлігінің өзі жете алмай қалады дейді тұрғындар.
– Астана көшесінде қоныстанған үйлерден 60 шақты оқушы мектепке қатынайды екен. Демек, алпыс бала қыста қар кешіп, көктемде балшық кешіп оқып келді. Мектеп аса қашық болмаса да, жүрер жолдың жағдайы нашар болса не шара? Жұрт кішкентай балаларын арқалап тасиды. Өйткені балшық кезінде дөңгелек атаулы қозғала алмай қалады ғой. Бәрінен орталыққа жету мұң. Жалпы, жаңадан салынған аумақтағы электр жарығы, ауыз су мәселелерін тұрғындар өз қалтасынан ақша жинап, шешті. Оны бұрынғы ауыл әкімі жоғарыға өз қалтасынан қаражат бөліп жасағандай етіп есеп беріп, жыл сайын жиналыста мақтанып айтып, жұртты уәдеге қарық қылып кетті. Бізге орталыққа дейінгі 4 шақырым жолды тас төсеп, көтеріп берсе болар еді. Әкімнен басы артық ештеңе талап етпейміз, – дейді Елтай ауылының тұрғыны Ботагөз Жөкенқызы.
Жалпы, Елтай ауылдық округінде 9 ауыл, 12 саяжай бар екен. Көпшілігіндегі жағдай осындай.
– Округке қарасты Береке ауылында 14 көше бар, соның төртеуі ғана асфальтталған. Былтыр 2 көше жасалған. Биыл Елтай ауылындағы бір көшеге, Көкөзек ауылындағы бір көшеге және Жармұқанбет ауылындағы бір көшеге тас төсеуге қаржы бөлінді. Өкінішке қарай, Астана көшесіне биыл қаржы бөлінбеді. Тұрғындардың әлі де күтуіне тура келеді. Жалпы, округ бойынша жөндеуді қажет ететін 60 көше бар. Мұны бір жылда жасау мүмкін емес, мен мәселені ретімен шешуге уәде бердім, орындауға кірісемін, – дейді ауыл әкімі Біржан Махатов.
Алматы облысы