Осыдан 200 жылдай бұрын ағылшын дәрігері Уильям Геберден науқастарды оңалту үшін жарты жыл бойы күн сайын кемінде 30 минут ағаш кесуді ұсынып, кеудесінде ауыру сезімі бар науқастың жағдайының жақсарғанын бақылаған екен. Расында, күніне жасалған тек жарты сағаттық ширақ дене қозғалысы инфаркт қаупін, II типті диабетті, гипертонияны азайтуға, дене салмағын, ұйқыны қалыпқа келтіруге, емделуге жатқызған кезде оңалту мен сауығу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.
Айтпағымыз, қазіргі күні Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының Кардиология және оңалту бөлімшесінде қала және өңірлерден келген тұрғындарға мамандандырылған кардиологиялық және терапевтік медициналық көмек көрсетіледі. Мамандар медициналық оңалту мүмкіндігінше ерте басталуы тиіс екенін айтудан танбайды. Оңалту іс-шаралары стационарлық кезең аяқталғаннан кейін толық көлемде іске асырылуы керек.
Аталған институттың Басқарма төрағасы, медицина ғылымының докторы, профессор Роза Қуанышбекованың айтуынша, Қазақстанның барлық облысының тұрғындары осы бөлімшеде оңалту көмегін алады. Бұлар – Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау мен Түркістан облыстарынан келетін пациенттер.
Клиника басшысы айтып өткендей, жүргізілетін кардиологиялық оңалту ауыр кардиологиялық кеселдерге шалдыққан, отадан тұрған пациенттерге көмек көрсетуге бағытталған іс-шаралар кешенін құрайды. Кардиологиялық оңалтуға емдік дене шынықтыру, мөлшерленген жаяу жүріс, велотренажерда жаттығу, темекі шегуден бас тарту, липидтердің салмағы мен деңгейін қалпына келтіру, сондай-ақ кардиоваскулярлық патологияның қауіп факторларын азайтуға мүмкіндік беретін психологиялық қолдау кіреді.
«Кардиологиялық оңалтуда денсаулықты сақтау, қалпына келтіру, дене қимылының белсенділігі, еңбекке жарамдылық, әлеуметтік және физикалық белсенділігінің кеңеюін ескере отырып, жүрек-қантамыр патологиясының асқынуы мен өршуінің алдын алуға арналған дәрі-дәрмектік терапияны оңтайландыру, аурудың салдарын жою үшін науқастың психологиялық жағдайын реттеу секілді аспектілер аса маңызды», дейді Роза Тохтанәліқызы.
Кардиологиялық оңалтудағы маңызды фактор – институтта құрылған Пациент мектебіне пациенттің қатысуы. Денсаулық мектептерінде тек қана білім алмайды, сонымен қатар адам өміріне қауіпті аурулардың дамуына әсер ететін қауіп факторларынан арылу әдістерін оқытады. Пациенттерде емдеу, тұрмыста және жұмыста дұрыс мінез-құлық көрсету мәселелеріне оң көзқарас қалыптасады.
Денсаулықты, жұмысқа қабілеттілікті жақсарту, аурудың асқынуының алдын алу, пациенттерді қоғамның қалыпты өмір сүру жағдайына біріктіру бойынша жұмыстар өзінің әсерін береді.
АЛМАТЫ