Алматы қаласында құрылыс сапасына салғырт қараған 44 мердігер компания жауапқа тартылды. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қаласының құрылысты бақылау басқарма басшысының орынбасары Олжас Төлебаев ақпарат берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Тексеру қорытындысы бойынша жыл басынан бері құрылыс сапасына әсер ететін бұзушылықтар жасағаны үшін 44 мердігер жауапкершілікке тартылды. Лицензиядан кейінгі бақылау нәтижесінде 42 лицензияның қолданылуы уақытша тоқтатылып, 360 лицензияның қызметі мүлдем тоқтатылды. Құрылыс алаңдарында бақылауды дұрыс жасамағаны үшін 15 техникалық қадағалау ұйымы жауапкершілікке тартылды. Оған қоса 4-еуінің сарапшы куәлігінің қолданылуын уақытша тоқтатылды», деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар, ол салынып жатқан нысандар жөнінде мәлімет берді.
«Алты айдың ішінде салынып жатқан объекті саны – 989. Оның ішінде 338-і пайдалануға берілді, 651 объекті салынып жатыр. Атап айтсақ, бюджеттік - 209, коммерциялық - 442 нысан бар. Құрылыс алаңдарында 323 құрылыс компаниясы және 135 техникалық қадағалау ұйымы жұмыс істеп жатыр», деді Олжас Төлебаев.