Мұнайлы Атырауға өзге өңірлерден де, шетелдерден де келуші көп. Бірі – вахталық жұмысты, өзгелері кәсіпкерлікті мұрат тұтып келеді. Ал қазыналы өңірде кіндік қаны тамып, тұрақтаған тұрғындар саны қанша?
Ұлттық статистика бюросы Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ғаля Мұханғалиеваның айтуынша, халық санағына дайындық кезеңі 1-30 маусым аралығында өткізілген. Оған 170 адам тартылыпты. Олар тұрғын үйлердің, ғимараттар мен тұрғын емес үй-жайлардың тізімін жасақтап, тұрғындардың санын алдын ала нақтылауды іске асырды.
– Ұлттық статистика бюросының «Аудандастыру» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне Атырау облысынан 176 389 нысан енгізілді. Аралау жұмыстарының қорытындысымен 175 641 нысан анықталды. Жоспарлы нысандардың 99,6 пайызы қамтылды. Қате нысандардың саны – 2 178. Өңірде 149 негізгі тіркеу учаскесінен бөлек арнайы ұйымдарда 139 нысан қалыптастырылды. Онда тұрақты тұратындардың саны 2 877 адамды, 11 369 төсектік орынды құрады. Осылайша, анықталған нысандардағы тұрғындар саны арнайы ұйымдарда тұрақты тұратындарды қоса алғанда 664 493 адамды құрап отыр, – дейді Ғ.Мұханғалиева.
Оның айтуынша, халық санағына дайындық кезеңін өткізу кезінде бірқатар қиындық туындапты. Әсіресе, санақ персоналының жауапсыздығы мен немқұрайлығы, көше атаулары мен үй нөмірлері ілінген аншлагтардың жоқтығы қиындық туғызған. Сондай-ақ облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы тарапынан ұсынылған елді мекендердің схемалық картасында кейбір нысандардың белгіленбеуі, кейбір үй шаруашылықтарының санақтан бейхабар болуы жұмысқа кері әсерін тигізіпті.
– Ұлттық халық санағының негізгі кезеңінде 913 адам уақытша жұмысқа тартылады. Оның ішінде 114 нұсқаушы-бақылаушы мен 799 интервьюер бар, – деп мәлім етті ол.
Бұл мәселе облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің де назарын аударды. Әкім аталған кемшіліктерді жойып, қала, аудан әкімдеріне халық санағына қолдау білдіру қажеттігін тапсырды.
– Интервьюерлерді вакциналаудан өткізу қажет. Мамандардың қауіпсіздігі үшін учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесе аралауды ұйымдастыру, санақ персоналдарын қажетті орын-жаймен, керек-жарақпен қамтамасыз ету қажет. Нұсқаушы-бақылаушылар мен мамандардың қоғамдық көлікте тегін жүруі қарастырылады, – дейді облыс әкімі.
Атырау облысы