• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Тамыз, 2021

Ұстаздар қауымының 92,6%-ы вакцина алды

158 рет
көрсетілді

Қарағанды облысында індеттің өршуіне байланысты білім беру қызметкерлерінің жаңа оқу жылына деген дайындығына айрықша мән берілген. Сол себепті өңір мұғалімдерінің коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алу іс-шарасы кең ауқымда ұйымдастырылды.

 

Қазіргі уақытта дәстүрлі оқуға оралу шарттарының біріне жататын екпе алу науқаны аяқталуға жақын. Бұл турасында онлайн режімде өткен аппараттық кеңесте облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова мәлім етті.

Биылғы оқу үдерісін ұйымдастыру бойынша оқытудың төрт нұсқасы қарас­тырылмақшы. Оның біріншісі – қа­шықтан оқыту. Одан кейінгісі – ара­лас оқыту: мұнда сабақтардың 80%-ы штаттық форматта және 20%-ы қа­шықтан өткізіледі. Тағы бір аралас оқы­туда 1-4-сыныптар штаттық фор­матта оқиды. Ал 5-11 сыныптарды оқы­ту үш күн офлайн және үш күн онлайн режімге көшіріледі. Оқытудың төртін­шісі – штаттық оқытуға толық көшу.

Г.Қожахметова мұндай шешімнің эпидемиялық жағдайға байланысты қабылданғанын айтады.

– Бүгінде білім беру ұйымдарының 39 240 педагогі мен қызметкері немесе ұстаздар қауымының 92,6%-ы коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алды. Сондай-ақ колледждердің 18 жастан асқан 4 389 студенті екпе жасатты, бұл көрсеткіш 55,6%-ды құ­райды. Барлық ұйымда педагогтер мен қызметкерлердің, сондай-ақ ата-аналардың денсаулық мәртебесін тексеру үшін Ashyq жүйесі орнатылған. Білім беру ұйымдары мен студенттік жатақханалар толық көлемде сани­тар­лық құралдармен қамтамасыз етілген, – деп атап өтті облыстың бас мұғалімі.

Сонымен қатар басқарма басшы­сы білім мекемелерінің жаңа оқу жы­лына дайындығын тексеру сани­тар­лық-эпи­демиялық бақы­лау депар­та­мен­тімен бірлесіп жүргізілетінін мәлімдеді.

Қазіргі таңда мектептердегі балалар үшін қауіпсіз орта құру мәселесі өткір тұр. Осы орайда Г.Қожахметова өңірдегі білім беру мекемелерінің жартысынан көбінде дабыл түймелері пайда болғанын айтты. Сондай-ақ мектептер мен колледждерде дауыстық ес­керту жүйелері де орнатылуда. Бұ­дан бөлек, 92 білім беру мекемесінің кіре­берістерінде турникеттер орнатылды. Басқарма басшысы бұл жұмыстың алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты.

Бұған қоса облыстың бас мұғалімі мектептерде, балабақшаларда және балалар үйлерінде ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтып өтті. Мысалы, биыл 120 мектеп, 26 бала­бақша, 19 колледж және 1 балалар үйі жөндеуден өткен. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда.

Аппарат жиынында жөндеу жұмыс­тарын уақытында аяқтап, оның сапасын қадағалауды тапсырған облыс әкімі Жеңіс Қасымбек білім басқармасы са­ни­тарлық-эпидемиялық ба­қы­лау департаментімен бірлесіп, оқу­шы­лар мен студенттерді дәстүрлі жүйеде оқыту үшін жағдай жасау жөнінде шаралар қабылдауы қажеттігін атап өтті.

– Қорғаныс құралдарымен жабдық­тауды толық көлемде қамтамасыз ету керек. Білім беру ұйымдарының педагогтері мен персоналын вакци­на­лау ісі жалғастырылуы тиіс. Соны­мен қатар компьютерлермен және оқу­­лықтар­мен қамтамасыз ету бақы­лау­­да болады. Аз қамтылған мектеп оқу­шыларын әлеуметтік қолдауға ерекше назар аудару керек, – деді Ж.Қасымбек.

Осы орайда Қарағанды облысында оқушыларды тегін оқулықтармен қамтамасыз ету бойынша жұмыстардың жоспарға сай жүргізіліп жатқанын айта кеткен жөн. Өткендегі бір апта­ның ішінде баспа өнімдерінің жүк көлік­теріне тиелген екі үлкен партиясы жеткізілді.

Бұл жөнінде өзінің фейсбук парақ­шасына Г.Қожахметова былай деп жазды: «Бүгінде мектеп қорынан 2–11-сы­нып оқушыларына оқулықтар беріл­ді. Биыл 1 және 2-11-сыныптар үшін тозған кітаптарды ауыстыру үшін қайта шығарылған оқулықтарға тапсырыс берілді. Бұл мақсатта 1 млрд 766 млн теңгеге 16 баспамен келісімшарт жасалды. Облыс бойынша бес тасымалдаушы анықталды».

Оқулықтарды жеткізу ісі 25 та­мыз­­да толығымен аяқталады деп жос­парланған. Жалпы баспа өнім­дері­нің бірінші топтамасы 30 шілдеде, екіншісінің 5 тамызда жеткізілген еді.

Биыл Қарағанды облысында 21 800 бала мектеп табалдырығын тұңғыш аттайды екен. Ал жаңа оқу жылындағы оқушылардың жалпы саны 209 мыңды құрайды.

 

Қарағанды облысы