Бүгін, 12 тамызда, Халықаралық жастар күні аясында ел жастарын қолдауға және оларды мемлекеттің қоғамдық өміріне тартуға бағытталған 200-ден астам онлайн-іс-шара өткізу жоспарланған. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Іс-шаралар аясында 800 мыңнан астам жас қамтылады.
Барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалада жастардың өзекті мәселелерін талқылап, шешу жолын ұсынатын өңір әкімдері жанындағы кеңес отырыстарын, «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында қайырымдылық іс-шараларын және волонтерлердің қатысуымен экологиялық акциялар өткізу жоспарланған.
ЖОО және ТжКБ ұйымдарының түлектерін, NEET санатындағы жастарды жұмысқа орналастыруға мақсатында вакансия жәрмеңкесін ұйымдастырылады. Бұл Халықаралық жастар күні аясында атқарылатын маңызды шараның бірі.
Шараға қатысушылар мемлекеттік қолдау тақырыбында онлайн-консультация алады, сондай-ақ мотивациялық және құқықтық дағдыларды, кәсіпкерлік және цифрлық машықты дамыту туралы вебинарларға қатысады.
Әлеуметтік желілерде экология және қайырымдылық іс-шаралары, ағартушылық бағыттағы челлендждер ұйымдастырылады.
Айта кетейік, 1999 жылы жастар министрлерінің дүниежүзілік конференциясы БҰҰ Бас Ассамблеясына 12 тамызды Халықаралық жастар күні деп жариялау туралы ұсыныс білдірген еді. Осылайша 2000 жылдан бері жыл сайын 12 тамызда Халықаралық жастар күні атап өтіледі.