Алматы қаласының Түрксіб аудандық соты ҚР бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековке қатысты үкім шығарды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz .
ҚР бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековке ағымдағы жылдың ақпан айында қызметтік лауазымын пайдаланып алаяқтық әрекет жасады деген айып тағылған. Нақтыласақ, экс-шенеунік «Тарифтік есеп орталығы» жобасын іске асыру мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы келісімге қол қоюға байланысты мәселені шешу үшін 15 мың АҚШ долларын алды деген күдікке ілінген.
«2021 жылдың 18-21 ақпан аралығында Алматы қаласында С.М.Мұсайбеков, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің вице-министрі қызметінде бола отырып ҚР Заңын өрескел бұзған. Заңмен қорғалатын азаматтардың мүдделеріне, мемлекеттік және қоғамдық қызметтерге қайшы келетін, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі қызметкерінің ар-намысы мен беделіне нұқсан келтіретін ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады», делінген Түрксіб аудандық сотының хабарламасында.
Сәкен Мұсайбеков пен Алматы қаласы прокурорының орынбасары арасында жасалған процессуалдық келісімге сәйкес, прокурор сотқа Сәкен Мұсайбековке пара мөлшерінің он еселенген көлемінде, 62 394 00 теңге сомасында, айыппұл түріндегі жаза тағайындауды сұрады.
«Сот үкімімен С.Ж.Мұсайбеков ҚК-тің 190 - бабы, 3 - бөлігі, 1, 2 - тармақтары бойынша 62 394 000 теңге айыппұл түріндегі жазамен кінәлі деп танылды. Жаза тағайындау кезінде сот кінәсін мойындау туралы жасалған процессуалдық келісімге сәйкес С.Ж.Мұсайбековке айыппұлдың он еселенген мөлшерінде жаза қолдану мүмкін деген қорытындыға келді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова орынбасарының кінәсі дәлелденсе отставкаға кетуге дайын екенін жеткізген болатын.