Ақтөбеде қызмет көрсету орындарының жұмыс уақыты ұзартылды. Бұл «Ashyq» жобасына қатысатын кәсіпкерлер үшін тиімді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ақтөбе облысының бас санитар дәрігері жаңа қаулы шығарды. Құжатта «Көшбасшы» мәртебесі бар нысандардың жұмыс кестесіне өзгертулер мен толықтырулар енгізілген.
«Енді «Ashyq» бағдарламасын енгізген қызмет көрсету орындары сағат 22:00-ге дейін жұмыс істей алады.
Ал «Көшбасшы» мәртебесіне ие нысандар сағат 00:00-ге дейін қызмет көрсетуге мүмкіндік алды», деп хабарлады облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Ақтөбе облысында «Ashyq» жобасының 3 мыңнан астам қатысушысы бар. Оның 37-і «Көшбасшы» мәртебесіне ие.
«Бүгінгі күні нөлдік көрсеткіш бойынша және келушілерді 20 және одан да аз тіркеген, яғни, өткізген 25 қатысушысы аутсайдер ретінде уақытша шығарылды.
«Ashyq» жобасының қатысушылары, аутсайдерлері мен көшбасшылары туралы ақпарат апта сайын Ақтөбе облысы әкімдігінің сайтында жаңартылады. Ал кеңесшілер кәсіпкерлер палатасының әрбір филиалында жобаға қатысуға өтінім беруге көмектеседі», деп мәлім етті «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.