Бүгін, 12 тамызда UEFA Еуропа лигасы үшінші іріктеу сатысында алматылық «Қайрат» сырт алаңда Арменияның «Алашкерт» командасымен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Екі команда арасындағы алғашқы кездесу 0:0 есебімен аяқталған болатын.
Бүгінгі ойынның бірінші кезеңінде екі команда бір-бірден гол соқты. Алдымен «Алашкерт» ойыншысы Жозе Эмбало 43-минутта есеп ашса, оған қазақстандық Айбол Әбікен 45-минутта бір голмен жауап қайырды.
Екінші кезеңде Жозе Эмбало 50-минутта тағы бір голдың авторы атанды. Ал 61-минутта «Қайраттың» шабуылшысы Артур Шушеначев таразы басын теңестіре алды.
Ойын овертаймға ұласты. Овертаймның 103-минутында армениялық клубтан Александар Глишич командасын алға шығарды. Осылайша «Қайрат» қарсыласына 2:3 есебімен жол берді.
Енді қазақстандық клуб Конференция лигасы плей-офф сатысында сынға түсетін болады.