• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Тамыз, 2021

Корей батырының сүйегі тарихи отанына қайтарылды

1144 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары қарсаңында Сыр еліне  келген корей ресми делегациясын облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бастаған топ күтіп алды. Шетелдік делегация құрамында Корея Республикасының патриоттар және ардагерлер жөніндегі министрі Хван Ги Чхоль, Корея Республикасының Қазақстан Респуб­ликасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ку Хонг-сок, «Генерал Хон Бом До мемориалы» қорының төрағасы У Вон Шик бар.

Сапар мақсаты – өт­кен ғасыр басында жапон бас­қын­шыларына қарсы корей пар­тизандық қозғалысын бас­қарған генерал Хон Бом Доның сүйегін туған жеріне алып кету және екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту бағытында бірлескен жобаларды талқылау.

Әуежайдағы қарсы алудан кейін шетелдік қонақтар мен облыс басшылығы «Хон Бом До» мемориалдық кешеніне барды. Кешенде өз халқының азаттығы үшін күрескен генералдың сүйегін корей тарапына тапсыру рәсімі өтті. 

1868 жылы дүниеге келген Хон Бом До – өткен ға­сыр­дың басынан бастап жапон басқыншыларына қарсы қарулы күресті бастаған­дардың бірі. 1919 жылдан бас­тап «Тәуелсіздік армия­сының» көрнекті ұйымдас­ты­рушысы болды. Азаматтық соғыс аяқталғаннан кейін Хон Бом До Кеңес Одағы аума­ғында өмір сүріп, 1937 жы­лы Қызылорда қаласына жер аударылды. Өмірінің соң­ғы жылдары жергілікті корей театрында күзетші бо­лып жұмыс істеп, 1943 жы­лы 25 қазанда Қызылорда қала­сын­да 75 жасында қайтыс болды.

Іс-шарада облыс әкімі Гүл­шара Әбдіқалықова ұлт азат­тық көтерілісінің батыры, генерал Хон Бом Доның сүйе­гін туған жеріне қайтару екі ел арасындағы татулықты одан әрі нығайта түсетінін айтты.

– Біздің республи­ка­мыз­­дың тәуелсіздігін алғашқы болып мойындаған елдердің бірі – Корея Республикасымен достық байланыс нық орны­ғып, жылдан-жылға жандана түсуде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Президенті Мун Чжэ Иннің Қызылордада жерленген генерал Хон Бом Доның сүйегін тарихи отанына қайтару туралы ұсынысына қатысты оң шешім қабылдағаны да екі елдің қарым-қатынасындағы маңызды сәттің бірі екендігі даусыз, – деді өңір бас- шысы.

Корея Республикасының патриоттар мен ардагерлер жөніндегі министрі Хван Ги Чхоль қаһарман рухын құрметтеген Қазақ еліне алғысын жеткізді. Еске алу шарасынан кейін генералдың сүйегін құрмет қарауылының қатысуымен ресми шығарып салу рәсімі болды. 

Сапар аясында облыстық мекемелер үйінде кезде­су ұйым­дастырылып, қос тарап өзара байланысты дамы­туға бағытталған маңыз­ды мәселелерді талқыға салды. Облыс әкімі Ко­рея Республикасы делегация­сы­ның сапары екі ел арасындағы достық қарым-қатынастардың айқын көрінісі екенін айтып, бірлескен жобалар табысты жүзеге асырылатынына сенім білдірді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Рес­пуб­ликасына мемлекеттік сапары аясында бірқатар бірлескен жобаны жүзеге асыру жос­парланып отыр. Оның ішінде Қызылорда облысының әкім­дігі тарапынан Сыр елінің бренді болып саналатын кү­ріш дақылын өсіруде «ақылды» технологияларды  қол­дану, білім, денсаулық сақтау салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту, туризм саласын дамыту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында ұсыныстар айтылды.

Өңір басшысы Қызылорда облысының әкімдігі инвес­тор­ларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуге әзір екенін айтып өтті. Корея Рес­публикасының патриот­тар және ардагерлер жөнін­дегі министрі Хван Ги Чхоль екіжақты ынтымақ­тас­тықты орнатуда Корея мем­лекеті тарапынан қол­дау көрсетілетінін айтып, ыс­тық ықылас танытқан қызылор­да­лықтарға алғысын білдірді.

ҚЫЗЫЛОРДА