Ауғанстандағы жағдай тіпті күрделеніп барады. Кейінгі бірнеше күнде «Талибан» ұйымы елдегі бірқатар маңызды қаланы басып алды. Бұқаралық ақпарат құралдарына тараған ақпаратқа сүйенсек, «Талибан» содырлары Кабул қаласына жан-жақтан кірген. Ауғанстандағы ахуалдың күрделенуіне байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылымдар басшыларымен жиналыс өткізді.
«Ауғанстандағы жағдай бойынша күштік құрылымдардың басшыларымен жиын өткіздім. АИР-дағы азаматтарымыз бен дипломаттарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бердім. Қазақстан Ауғанстандағы жағдайдың ушығып бара жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Ахуал мұқият бақылауда», деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.
Алаңдауға себеп жетерлік. Қазіргі таңда елді үлкен дағдарыс күтіп тұр. Ішкі істер министрлігінің ресми өкілінің мәліметіне сүйенсек, «Талибан» жасақтары жексенбі күні Ауғанстан астанасы – Кабулға кірген. Соған байланысты көптеген мемлекет өз азаматтарын жедел түрде шаһардан шығарып жатыр.
Ауғанстан президентінің Twitter-дегі парақшасында, Кабулдың айналасында бірнеше жерде атыс естілгені, бірақ жергілікті сарбаздар мен халықаралық күштер қаланы бақылауда ұстап отырғаны айтылған.
Президент Ашраф Ғани сенбіде жергілікті басшылармен және халықаралық серіктестермен қалыптасқан жағдай бойынша шұғыл консультациялар жүргізіп жатқанын айтты. Жексенбі күні тәлібтер Ауғанстанның шығысындағы Джалалабад қаласын ұрыссыз басып алды. Сөйтіп, Ауғанстандағы негізгі магистральдардың бірін өз бақылауында ұстап отыр. Олар сонымен қатар Пәкістан маңындағы Торхам шекара заставасын өзіне бағындырды. Бұған дейін «Талибан» солтүстіктегі Мазари-Шариф қаласын басып алған еді.
Жалпы, Қазақстан Ауғанстандағы ахуал жақсарып, өңірде тұрақтылық пен бейбітшілік орнауына мүдделі. Екі ел арасындағы ынтымақтастық жолға қойылып, Қазақстан ауған студенттерінің білім алуына көмектесіп келеді. 2010 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде қазақстандық жоғары оқу орындарында Ауғанстанның 1 мыңнан аса азаматы білім алады.
Сондай-ақ 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайланған кезде де Қазақстан тарапы Ауғанстан мәселесін назардан шығарған жоқ. Мәселен, Ауғанстан/«Талибан» комитетіне, ИЛИМ/Әл-Каида комитетіне және Сомали/Эритрея Санкциялық комитетіне төрағалық ету тапсырылып, еліміз аталған міндетті абыроймен атқарып шыққан болатын.
Қазақстан тарапы Орталық Азияны және Ауғанстанды бейбітшілік, ынтымақтастық және қауіпсіздік үлгісіне айналдыруды көздейді әрі осы мақсатта ұдайы жұмыс істеп келеді. 2018 жылы Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 520,6 млн долларды құрады, оның ішінде экспорт – 516,4 млн доллар, импорт – 4,2 млн доллар.
Ауғанстандағы ахуалдың бұлай өрбуінің негізгі себебі – АҚШ пен НАТО сарбаздарының ел аумағынан шығарылуы. Осыған орай, АҚШ «Талибан» ұйымымен келісім жасасқан. Аталған құжатқа сәйкес америкалық сарбаздар Ауғанстан аумағынан шығарылуға тиіс, ал «Талибан» қозғалысы аймақтың тұрақтылығы мен бейбітшілігін қорғауды мойнына алмақ. Дегенмен, саяси сарапшылардың пікіріне қарағанда, бұл келісімнің шикі тұсы көп.
АҚШ – «Талибан» келісіміне сәйкес, АҚШ пен НАТО әскері Ауғанстаннан шығарылады. Өз кезегінде «Талибан» ұйымы кез келген террористік топтың Ауғанстанда бас көтеруіне тосқауыл болуға тиіс. Бірақ «Өзі жоқтың көзі жоқ» демекші, «Талибан» америкалықтар кеткен соң қалай әрекет етпек? Кімді террорист деп санайды? АҚШ пен оның жақтастарына қауіп төндіретін топтарды қалай анықтайды? АҚШ пен «Талибанның» түсінігіндегі «террористік топ пен террорист» ұғымдары сай келе ме? Сұрақ көп, жауап жоқ.
Бұған дейін Орталық Азия елдерінің Президенттері Түрікменстанда өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуінің қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдемеде Ауғанстанда азаматтық бейбітшілікке тезірек қол жеткізуге дайын екенін білдірген-ді.
«Тараптар көрші Ауғанстандағы жағдайдың жуық арадағы реттелуі Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау мен нығайтудың маңызды факторларының бірі болып табылатынын растайды. Осыған орай, Тараптар Ауған қоғамындағы азаматтық бейбітшілік пен келісімге жедел қол жеткізуге жан-жақты көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді», делінген мәлімдемеде.