• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Футбол 15 Тамыз, 2021

«Шахтер» мен «Қайратқа» үміт артамыз

321 рет
көрсетілді

Еурокубок ойындарының үшінші кезеңінен кейін кейбір қазақстандық командалардың Еуропадағы деңгейі белгілі бола бастады. Биылғы клубтар арасындағы маңызды үш жарыстың іріктеу сатысына еліміздің ең мықты деген төрт командасы қатысуға мүмкіндік алған еді. Өкінішке қарай, Еуродода бәсекесінің үшінші іріктеу ойындарынан кейін клубтарымыздың қатары сиреп, небәрі екі-ақ командамыз турнирді әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алды.

Биылғы маусымнан бастап тұсауы кесілген су жаңа турнир – Конференция лигасы атты доп додасында өнер көр­сеткен Қос­танайдың «Тобылы» мен ел­орданың «Астанасы» іріктеудің екін­ші айналымында Еуропаның алдыңғы қатарлы командаларын жеңіп, келесі кезеңге еш қиын­дықсыз шыққан болатын. Кейінгі жеребе жерлестерімізге жеңіл түсіп, бұл жолы өздерінен деңгей жағынан болсын, қаржылық жағдайынан болсын әлдеқайда төмен клубтар қарсылас атанды. Осы үшінші іріктеу кезеңінің жеребесінен кейін қазақстандық футбол сарапшылары «Тобыл» мен «Астана­ның» Конференция лигасының топтық кезеңі­не дейін шығатын мүмкіндігі бар деп бол­жаған еді. Бірақ футболда әрқа­шан сарапшылардың болжамы дұрыс келе бермейтінін, алаңдағы легионерлердің саны, жасы үлкен футболшылардың тәжі­рибесі, команданың қаржылық әлеуеті клубты әрдайым жеңіске жетелей бер­мейтінін, тек жігерлі әрі мінезді команданың ғана мерейі үстем болатынын «Жилинаның» жас жігіттері мен матч соңына дейін жеңіс үшін күресетін КуПС ойын­шылары түсіндіріп бергендей болды.

Еурокубок ойындарында еш­қандай тәжірибесі жоқ слова­киялық 21-22 жас­тағы жігіттер­ден құралған «Жилина» Кон­ферен­ция лигасының үшінші іріктеу кезеңінің қарымта матчында өз алаңында «Тобылды» қабыл­дап, қостанайлық коман­даны 5:0 есебімен ойсырата жең­ді. 1995-2008 жылдар аралығында ұйым­дастырылған әйгілі Интертото кубогында 2007 жылы топ жарған «То­был» сол уақытқа дейін де, одан кейін де бірде-бір Еурокубок ойындарында бұлай масқара болып жеңілмеген еді. Тіпті екінші іріктеу кезеңінде сырт алаңда Хорватияның «Хайдук» клубы­нан 2:0 есебімен жеңіліп тұра, қарымта мачта қарсылас­тың қақпасына төрт гол соғып, «Тобыл» футболшылары ерлік көрсеткен еді. Ал бұл жолы жас фут­болшылардың қарқынына төтеп бере алмай Еурокубоктағы жорығын сәтсіз аяқтады.

Сонымен қатар «Тобылдың» ізін ала «Астана» клубы да Кон­ференция лигасының үшін­ші іріктеу кезеңінен кейін атал­ған турнирмен қоштасты. Қазақ­стандық командалар арасында Еурокубок бәсекелерінде ең тәжі­рибелі команда санала­тын елордалық ұжым осымен қата­рынан екінші жыл Еурокубокты топтық кезеңсіз аяқтауға мәжбүр болды.

Сырт алаңда Финляндияның КуПС командасымен тең ойнап, «Астана Аре­нада» анау-мынау командалардан жеңіле қоймайтын «Астана» қарымта кездесуде 3:1 есебімен алда тұрып, матч со­ңында 3:4 нәтижесімен ұтылып қал­ды. Кездесуді тамаша бастаған «Астана» ойыншыла­ры матчтың небәрі 4-минутында есепті ашты. Марин Томасовтың оң қапталдан асырған пасын сәтті пайдалан­ған Тигран Барсегян командасын алға шығарды. Тіпті бірінші тайм аяқталар тұста тағы сол Томасовтың пасынан кейін Абат Айымбетов баспен тамаша гол соғып, есепті еселей түсті. Сөйтіп, «Астана» үзі­ліске көтеріңкі көңіл-күймен аттанды.

Екінші таймда ойынға тыңнан қо­сылған КуПС шабуылшысы Рангел 53-минутта есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік алды. Бірақ арада бес минут өткен соң Тигран Барсегян алыстан тамаша соққы жасап, командасының үшінші голын соқты. Осы голдан кейін «Астана» ойыншылары келесі кезеңнің мәселесі ше­шіл­ді деп ойласа керек, матч­тың қал­ған уақытында тек қор­ғанумен ­болды. Алаң иелері қор­ғанысқа мән бере бастаған соң қар­сыластар шабуылға ден қой­ды. Сөйтіп, ойын­ның 61 және 75-минуттарын­да дәл сол Ран­гел екі мәрте мер­гендігімен көз­ге түсті. Ал 77-минут­тарында Икау­ниек коман­­дасының жеңіс голын со­ғып, ойын­­ның нүктесін қойды. Екі матч­тың қорытындысы бо­йын­ша 5:4 есебімен жеңіске жеткен ­КуПС ойыншылары плей-офф кезе­ңіне жолдама алды.

Осы матчты көріп отырып 2015/16 жыл­ғы Чемпиондар ли­­га­­сының ірік­теу кезеңіндегі «Астана» мен ХИК ара­сындағы кез­десу есімізге түсті. Үшін­ші ірік­теудің сырт алаңда өткен ал­ғаш­қы ойынында елордалық ұжым 0:0 есебімен тең ойнап, «Астана Аренадағы» қарымта кез­десуде жерлестеріміз соңғы минут­тарда 4:3 нәтижесімен же­ңісті жұлып алған еді. Міне, ара­ға алты жыл салып КуПС дәл сондай жағдаймен «Аста­наны» өз алаңында жеңіп қана қоймай, жерлестерінің кеткен есесін қайтарды.

Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңінде «Алашкерттен» жеңілген Алма­тының «Қайра­ты» жарысты Конференция лигасында жалғастыратын болды. Еуро­кубок бәсекесін Чемпион­дар лигасынан бастап, үшінші дең­гей­лі жарысқа дейін түсіп қал­­ған алматылықтарға енді жеңілу­ге болмайды. Өйт­­кені оларды әрі қарай қабылдап ала беретін УЕФА-ның басқа турнирі жоқ.

«Шахтерге» сәттілік алып келген Еревандағы Вазген Сарг­сян атындағы стадион «Қайрат­ты» жарылқай қоймайды. Алматы­да командалардың күштері тең түс­кен соң, барлық мәселе сырт алаң­дағы ойында шешілетіні анық еді. Сөйтіп, өз елінде өт­кен ойында армениялықтар тө­ре­шімен бірге жабылып жүріп әрең дегенде «Қайратты» 3:2 есе­­бімен жеңіп, ке­лесі кезеңге жол­дама алды.

Жерлестеріміздің жеңіске же­те­тіндей мүмкіндіктері бар еді. Бірақ 62 және 92-минуттарда «Қай­раттың» екі бірдей ойын­шы­сы алаңнан қуылғаннан кейін ал­матылықтардың салы суға кет­ті. Алғаш Денис Поляков командаластарын қиын жағдайда тас­тап кетсе, экстра-таймда Айбол Әбікен «қызыл қағаз» алып, алаңнан қуылды. Матчтың соңғы минуттарын то­ғыз ойыншымен өткізген «Қайрат» 104-минутта қақпасы­на гол өткізіп алды. Қорытынды ­есеп – 3:2. «Алашкерт» – Еуропа ли­га­сының плей-офф кезеңінде.

«Қайраттың» ішкі чемпио­натта да, Еурокубок бәсекеле­рін­де де агрессиялық ойын көрсете­тіні белгілі. Осы бір ойын жүйесі­нің салдарынан алматылық ұжым Еуро­дода бәсекелеріне қатыса- ­­тын қазақ­стандық клубтар ара­сын­­да ең дөрекі команданың бірі бо­лып тұр. Мәселен, былтырғы ел чемпиондары бүгінге дейін Еуропа жасыл алаңдарында өт­кізген 44 матчта 13 футболшысы «қызыл қа­ғазбен» жазаланып, алаң­­нан қуыл­ған.

Енді «Қайрат» Конференция ли­га­­сының топтық кезеңіне түсу үшін плей-офф бәсекесінде Люк­сембургтің «Фола» командасымен ойнайды. Ал Қара­ған­ды­ның «Шахтері» плей-оффта Израиль­дің «Маккаби» (Тель-Авив) клубымен кездеседі. Командалар­дың бірінші матчтары 19 тамызға, қа­­­рымта ойыны 26 тамызға жос­пар­ланған.