«Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды» дейді. Елдіктің өзі неде? Әлде санның көптігі сапаға ықпал етіп, ішінен озық ойлы ерлері іріктеліп шыға ма екен? Мәселе санымыздың аздығында, бодандық қамытын көп жыл іліп жүргенімізде, ұлыққа ғана бас ұрып, өз араңнан шығып өрге қарай өрмелегенді етектен тартқан іштарлықтың құрты жеген бос кеуек кеудеге айналғанымызда ма? Құлдық сана ма кедергі?
Тарихты тұлғалар жасайды. Ерді елі ер етеді. Ер сол еліне қалтқысыз қызмет етеді, сол жолда басын бәйгеге де тігеді. Кешегі Әлихан, Ахмет, Міржақыптардай. Сол еңбегіне еш ақы сұрамастан, еш міндетсімей, «Ел бүгіншіл, ал менікі ертең үшін» деп бір күнгісін емес, елінің ертеңіне қызмет жасайды. Ал ерден ез жасаса ше? Біздің қоғам ерді тани ала ма? Қажетінде қолдап, өз басы шешпесе де ең болмағанда соңынан ере ала ма? Соған қарағанда біздің жұрт дімкәс, емдеуді қажет етеді. Дауасын тауып емделуіміз, сауығуымыз керек тәрізді.
Ыстанбұлдағы өнеркәсіпке арналған Рахми Коч музейін аралап жүргенде осы ой маза бермеді. Түркияда дәулетті отбасында дүниеге келіп, жоғары білімді Дж.Хопкинс университетінде (АҚШ) өнеркәсіп менеджменті бойынша алған Рахми әкесінің компаниясына келіп еңбек етеді. Жастыққа тән жалынмен құлшына кіріскен ол әке байлығын еселейді. Бүгінде холдингтің жылдық табысы 12 млрд шамасында көрінеді. Түркияда шығарылатын тұрмыстық техника, машина жасау, тамақ өнеркәсібі, құрылыс, туризм, ақпараттық технология сынды тағы да басқа көптеген саланы қамтып, 40 мың адамға жұмыс тауып беріп отырған магнаттың ел ертеңіне салып отырған инвестициясының бірі осы музей ме дедім. 1550 жылдар ескерткіші, кейін түрлі мақсатқа, тіпті қойма болып кеткен сарайды алып, жөндеп музейге айналдыруының өзі бөлек әңгіме десек, мұндағы әр экспонат өнеркәсіп тарихын сөйлетеді. Байлықты тек өз айналасы мен отбасының ғана игілігі етпей, ел мұратына, болашағына қызмет еткізу қандай биік парасат десеңізші! Түркияда осымен екінші рет жеке адамның өз байлығын ел игілігіне, ұрпақ тәрбиесі мен елін танытуға жұмсағанын көрдім. Алғашқысы Ойыншықтар музейі болатын.
Жер-жерді аралағанда шетелдерде балалардың танымын кеңейтетін мәдени орындарды қалай ұйымдастыра білетініне қызыға қарайсың. Мейлі ол үкімет, мейлі жеке қалталы азамат болсын, әйтеуір баланың рухани дамуына инвестиция салудың ертеңмен байланысын бағамдап, оған зор ыждаһаттылық танытып жатады. Өкінішке қарай, біз бұл жағынан ұяттымыз.
Көне Ыстанбұлдың Азия тарапы, Кадыкейдің Гезтепесінде орналасқан Ойыншықтар музейін жеке адамның балаларға жасаған сыйы десе сыйғандай. 2005 жылы ақын, коллекционер Сунай Акын өзінің жиған ойыншықтарынан осы музейді жасақтапты. Негізі оның коллекциясында 7 мың ойыншық болса, соның жартысынан көбі осында. Ойыншықтар жай қойыла салмай, белгілі бір сюжеттерге, театрлық көріністерге құрылған екен. Ең көне ойыншық 1817 жылғы болса, әр заман, әр ғасыр мен жылдарды көзге елестетер ойыншықтардың жалпы саны 4 мыңнан асады. Оларды Сунай Акын 20 жыл бойына әлемдегі түрлі аукциондар мен жеке коллекционерлерден сатып алып отырған көрінеді.
Жертөлесінен бастап жоғарыға көтерілген сайын неше түрлі қызық ойыншықтармен қауышасыз. Әлемнің түрлі елдері, материктер мен құрлықтардан жиналған ойыншық әлемі өте қызықты. Не жоқ дейсіз?! Асүйдің жиһазы, ыдыс аяғы, үй бұйымдары, қуыршақтың сан түрі. Және әр залда соған сәйкес музыка ойнап, паровоз, пойызға арналған залда вагондағыдай отырғыштар қойылыпты. Бала отыра қалса, ыш-пыш етіп дауыс шығарып ұзақ вагондар тізбегі қозғалып бара жатқандай. Ал мына залда ер балалардың қиялын шарықтатар қарақшылар олардың көз байлағыштары мен қарулары, байрақтары, кемелерінің сан түрі тұр. Бір зал әр ғасырдағы Германия ойыншықтарынан құралыпты. Сызылған алман бикештері, жиһаздар, неміс фашист әскері де тұр. Жазылған хаттар, суреттер де қабырғаға орналасыпты. Фашистерден тығылып төрт жыл күнделік жазып, одан аяғында ұсталып, атылып кеткен кішкентай қыз Анна Франктың суреті де ілініпті.
Қарап жүріп, біздің елдің дәулеттісі осындай бір шаруа атқара алды ма, байлығының жемісі бір күнге ғана емес, ел ертеңіне бағытталып жатыр ма деген сауал қойып, соған жауап таба алмадым. Соған қарағанда тек дәулетті болу аздық етеді, тұлғалық деңгейге өсуді бұйыртпаса.