Батыс Қазақстан облысында Ashyq жобасын пайдаланатын кәсіпкерлік нысандарына сенбі, жексенбі күндері де жұмыс істеуге рұқсат берілді.
Пандемия басталғалы бері Батыс Қазақстан облысында 32 683 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны тіркелген. Ал 1 тамыздан бері COVID-19 158 адамнан анықталды. Науқастың көбі, яғни 553 адам Орал қаласында тіркелген. Сондай-ақ Бөрлі ауданында – 258, Бәйтерек ауданында – 229, Теректі ауданында – 83, Қазталов ауданында 76 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды.
Батыс Қазақстан облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың айтуынша, соңғы аптада өткен аптамен салыстырғанда аурушаңдық 11,1%-ға төмендеген.
Облыста 11 тамыз күні коронавирус диагнозымен 169 науқас жаңадан тіркелді. Олардың тең жартысы жұмыс істейтін адамдар болса, 4 пайызға жуығы балабақшаға, лагерге бармайтын балалар екен.
Ashyq қосымшасы «сары» немесе «қызыл» дәрежесі бола тұра карантин тәртібін сақтамай, көпшілік орындарға баратын тұлғаларды анықтауға септігін тигізуде. Соңғы аптада ғана осындай 36 адам әшкере болған. Оларға Әкімшілік кодекстің 425-бабы, 1-бөлігі бойынша жалпы көлемі 2 289 845 теңге мөлшерінде барлығы 53 әкімшілік хаттама толтырылған.
Елімізде коронавирусқа қарсы екпе науқаны басталғалы Батыс Қазақстан облысында вакцинаның бірінші компонентін 179 964 адам, екінші компонентін 137 440 адам салдырды. Бүгінде облыс бойынша барлығы 62 екпе пункті жұмыс істеп тұр.
Батыс Қазақстан облысы