• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 16 Тамыз, 2021

Олимпиада жүлдегеріне көлік мінгізді

391 рет
көрсетілді

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Токио Олимпиадасына қатысқан қызылордалық спортшылар Қамшыбек Қоңқабаев, Дәулет Ниязбеков және Мөлдір Жаңбырбаймен кездесті.

 Аймақ басшысы Сыр жұртшылығы атынан өңір тарихында алғаш рет бокс­тан олимпия ойындарының қола жүлдесін алған Қамшыбек Қоңқабаевты құттықтап, Дәулет Ниязбеков пен Мөл­дір Жаңбырбайға ел намысын аянбай қорғағандары үшін алғысын айтты.

– Екі апта бойы облыс халқы аламан­ға үкілеп шығарып салған үміттерінің тілеуін тілеп, жанкүйер болды. Алыс са­парға, жауапты жарысқа аттанған ұл-қыздарымыз сенімді ақтады. Ал Қам­шыбектің алтынға бергісіз қола жүлдесі талай балдырғанның қиялына қанат бітіріп, Сыр халқының көптен күткен арманын жүзеге асырды.

Ел Президентінен Мемлекеттік Туды алып, әлем мықтылары бас қосқан сайыста ұстап шығу қашанда үлкен мәртебе, зор сенім. Бұл міндетті жерлесіміз Қам­шы­бек Қоңқабаев абыроймен ақтап, бай­рағымызды Олимпиада төрінде жел­біретті, – деді облыс әкімі.

Биыл аймақ спортшылары көптеген жарыстардан олжамен оралды. Жыл басынан бері жерлестеріміз ел бірін­шіліктерінде 700 медаль жеңіп алса, әлем, Азия чемпионаттарында 46 ме­даль­ға қол жеткізді.

Кездесуде облыс әкімі ел намысын абыроймен қорғап шыққан Қамшы­бек Қоңқабаевқа автокөлік кілтін табыста­са, бапкері Сейітжан Төкенов, Олимпиа­да ойындарының қатысушылары Дәулет Ниязбеков пен Мөлдір Жаңбырбай 1 млн теңгенің сертификатын иеленді.

 Елдің рухы мен мәртебесін көтерген спортшыларға «Dalatex» ЖШС басшысы Ділмұхамед Абизов, «Нұрлен» ЖШС жетекшісі Қайрат Боранбаев, «Ме­лиоратор» серіктестігінің директоры Бердібек Мыханов пен «Стандарт Ойл КЗО» компаниясын басқаратын Әділ Бижанов секілді меценат азаматтар де­меу­шілік жасап, қолдау көрсетті.

Шарада Спорт күні кәсіби мере­ке­сіне орай №4 олимпиадалық ре­зерв­­тің мамандандырылған балалар мен жас­өспірімдер мектебінің жаттық­ты­рушысы Владимир Лептиков пен Қ.Мұңайт­пасұлы атындағы спорт клубтың директоры Жамал Бозоваға  Мәдениет және спорт министрлігінің төсбелгісі мен Құр­мет грамотасы табысталды.

Олимпиаданың қола жүлдегері Қам­шыбек Қоңқабаев пен жеке бапкері Сейіт­жан Төкенов спортшыларға көрсе­тілген қолдауға ризашылығын білдіріп, алда да жерлестер сенімін ақтауға күш салатынын айтты.

Сондай-ақ жиында ауыр атлетикадан 4 дүркін әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Илья Ильин Қам­шыбекті жеңісімен құттықтап, Мөл­дір мен Дәулетке алдағы сайыстарда сәтті­лік тіледі және әріптестеріне кәсіби мере­келеріне орай тілегін арнады.

 

Қызылорда