Мығым мемлекеттің мерейлі мұраты
баян етілген Елбасы Жолдауы ел халқын дүр сілкіндірді
«Қазақстан-2050» – Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық!
(Елбасының Қазақстан халқына Жолдауынан).
Қазір ешқашан және де ешбір талас тудырмайтын бір тарихи ақиқат бар. Ол ақиқат – әлемдік қауымдастықта да, әлемдік саясатта да Қазақстанның лайықты орны да бар, өзіндік үні де бар. Және де кешегі кеңестік жүйенің илеуінен шыққан біздің ел үшін Тәуелсіздіктің жиырма екі жылында бүгінгідей экономикалық әлеуеті қуатты, алдында айқын бағыт-бағдары бар, бір мақсат, бір мүддеге жұмылған ынтымақшыл халқы бар жағдайға жетудің өзі оңай болмағаны да бар. «Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуінен, беттен қағар желінің есуінен тайсалмауға тиіспіз», дегенді айта отырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оңай болмаса да бәрінің де орайын келтіре білді, келтіріп те келе жатыр. Бұл кімнің арқасы, бұл ненің арқасы?! Бұл ел бірлігінің арқасы! Бұл Елбасының арқасы!
Мығым мемлекеттің мерейлі мұраты
баян етілген Елбасы Жолдауы ел халқын дүр сілкіндірді
«Қазақстан-2050» – Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық!
(Елбасының Қазақстан халқына Жолдауынан).
Қазір ешқашан және де ешбір талас тудырмайтын бір тарихи ақиқат бар. Ол ақиқат – әлемдік қауымдастықта да, әлемдік саясатта да Қазақстанның лайықты орны да бар, өзіндік үні де бар. Және де кешегі кеңестік жүйенің илеуінен шыққан біздің ел үшін Тәуелсіздіктің жиырма екі жылында бүгінгідей экономикалық әлеуеті қуатты, алдында айқын бағыт-бағдары бар, бір мақсат, бір мүддеге жұмылған ынтымақшыл халқы бар жағдайға жетудің өзі оңай болмағаны да бар. «Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуінен, беттен қағар желінің есуінен тайсалмауға тиіспіз», дегенді айта отырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оңай болмаса да бәрінің де орайын келтіре білді, келтіріп те келе жатыр. Бұл кімнің арқасы, бұл ненің арқасы?! Бұл ел бірлігінің арқасы! Бұл Елбасының арқасы!
Еліміз өз тәуелсіздігін алған өтпелі кезеңнің кедергілері мен бар қиыншылықтарынан біздің ел өз бетімен өте алмайды деген үрейлі бір сенімсіздіктің сол бір тұста көкейде тұрғандығын да несіне жасырайық. Құлдырап қалған шаруа, жұмысы тоқтап тұрған өндіріс, сөрелері қаңырап бос жатқан дүкендер мен күнде тиісті еңбекақылары мен зейнетақыларын сұрап, көшеде улап-шулап жүрген жасы да, жасамысы да бар халықтың да шайқалғанын да, қиналғанын да мына көз көрді. Елбасы осыдан бір жыл бұрын Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясын, яғни жаңа саяси бағдарын белгілеп, Қазақ елін әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосуды басты мақсат ретінде алға тартқан жағдайда ойымызға осы жайдың еріксіз оралғаны да бар-ды.
Қазір жалпы адамзат баласы мен дүние мемлекеттері мына жаңа мінезі бар жаңа дәуір және де түрлі қауіп-қатерлері көп болмаса аз болмайтын ХХI ғасырдағы өз келешегі үшін қалғуды білмей ойланып отырған аса күрделі кезеңде «Мәңгілік Қазақстан» жобасы аталып отырған бұл Стратегияны белгілеу арқылы Нұрсұлтан Назарбаев тағы да өзінің кемел кемеңгерлігімен Қазақстан тағдырын кеңінен пішіп бере алды. Біз осы бір ойымызды Елбасының биылғы Жолдауында айтқан: «Қазақстан-2050» Стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы. Ол – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан. Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту – ортақ парыз, абыройлы міндет!», – деген осы бір пікірімен орайластыра айтқанды жөн деп санадық.
Бұл «Қазақстан-2050» Стратегиясы бізге өз еліміздің болашағының тізгінін нық әрі берік ұстауымыз үшін қажет! Кей-кейде әр құрлықтарда көтеріліп жататын мына заманның дауылы мен дауы, мына дүниенің дүрбелеңі мен дүрмегі кездерінде өз бағыты мен баратын айлағынан көз жазып қалмас үшін Елбасы бұл Стратегияны «айқын шамшырақ секілді» деп орынды әрі дәл атап көрсетті. Иә, бұл Стратегияны Елбасы тағы да біздің еліміздің, жалпы қазақстандықтардың өмірін күннен-күнге, жылдан-жылға жарқын ете түсетін нақты практикалық істер бағдарламасы екендігін атап көрсетумен бірге, «бірақ нарықтық жағдайда аспаннан нәпақа күтпей, тиімді еңбектену керектігін әркім-ақ түсінуі тиіс, дегенді де орынды айтты.
Елбасының Жолдауда айтқан осы бір ауыз сөзі Стратегияны жүзеге асыру үшін халқымызды еңбек етуге жұмылдырудың қаншалықты маңызды екендігін ұғындыра түсері бар. Және де Елбасы бұған дейін де Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам мәселесін де тегін қозғаған жоқ болатын. Бұл мәселені, яғни еңбек етуді, еңбек ете білуді және де сол еңбек ете білуге әр үйде өсіп келе жатқан балаларды баулу мәселесі де біздің ендігі басты бір жұмысымызға айналуы керек. Әр отбасында, әр мектепте еңбек және еңбекке баулу идеологиясы болуы қажет. Осы орайда біз ендігі арада мал бағу біздің ата кәсібіміз екендігін, мал баға білу де таптырмас кәсіп екендігін санаға қайыра сіңіретін кезеңге келіп тұрмыз. Мұны ұғынуға тиістіміз. Мал бағудан ендігі арада арланудың да, оған қорланудың да қажеті жоқ. Мал бағу – үлкен еңбек! Тіпті, өнер десе де болғандай! «Қазақстан ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналуға тиіс», дегенді Елбасы Жолдауда атап көрсете отырып, біздің ауылдарымыздың да, фермерлеріміздің де үлкен болашағы бар екендігін нақтылы бір ойлармен тұжырымдады.
Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсірудің маңыздылығын айта келіп Елбасы бұл секторға инвестиция көбірек салынатындығын, соған сәйкес ендігі арада бүгінгі фермерлер өндірістің өсімі жөнінде ойлануға тиістілігін де атап көрсетпей қалмады. «Жаһандық ауыл шаруашылығы өндірісінде бәсеке өсе беретін болады. Жермен жұмыс істейтіндер, ең алдымен, жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттыратындар, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізетіндер болуы керек», деген Елбасының бұл айтқандарының аса терең, тіпті өмірлік маңызы бар екендігін атап көрсетер едік. Өйткені, Елбасы «болашақ – аграрлық секторда» дегенді нықтап та, нақтылап та айтты! Бұл саланың алдағы міндеттері ескеріле келіп Мемлекет басшысы Үкіметке агроөнеркәсіп кешенін дамыту жоспарына түзету енгізуді де тапсырды. Жолдаудағы осы айтылған жайларды біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ауыл шынында да біздің алтын бесігімізге айналуы керек деген парасатты ойының түйіні деп таныдық.
Елбасы Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасына сәйкес алдағы жұмыстың ұзақ мерзімді басымдықтары бойынша шешілуге тиісті біраз мәселені нақтылы атап көрсетуі арқылы қазірден болашаққа жол салар міндеттерді айқындап беріп отыр. Мына қараңыз, инновациялық индустрияландыру трендін түзеу және күшейте түсу, сол индустрияландыру басымдықтарының санын шектеу, дәстүрлі өндіруші секторлар тиімділігін арттыруды біздің әлемдік бәсекедегі табиғи артықшылықтарымыз деп қарастырылады.
«Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деген ұран көтеріліп отырғандығын да аңдағанымыз абзал. Ендігі арада биылдан бастап 2050-ге дейінгі қалған жылдары жеті бесжылдыққа бөлініп, әр бесжылдығы Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына кіру мәселесін шешетін Жолдауда айтылған нақтылы істерді жүзеге асыру және де сол бір мақсатты бір мүдденің, бір ғана болашағымыздың, «Мәңгілік Ел болу» болашағының ұлы міндет екендігін Елбасыдай айқын сезіне білу және оның ұлы жауапкершілігін де Елбасыдай арқалай білу де ел Тәуелсіздігінің тағдырын тереңінен ойлай білер әр саналының парызы болса керек-ті. Бүгінгі жаһандану үрдісіне сәйкес Қазақстанды «жасыл экономикаға» көшіру жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес, энергетиканың дәстүрлі түрлерін дамыту, жылу-электр стансаларынан шығатын қалдықтарды тазарту жөніндегі ізденістер мен жаңалықтарға, өндіріс пен тұрмыста жаңа технологиялар арқылы жаппай электр қуатын барлық жерде үнемдеуге қолдау көрсету қажеттілігін және де Еуроодақтың әйгілі «жасыл экономиканы» жүзеге асырған төрт жылда 51 гигаватт энергия қуатын жоғалтқандығын, бұл келіп біздің елімізде солардың осы қателіктерін ескеруіміз керектігін де Елбасы орынды әрі дер кезінде айтты.
Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге дайындық барысында болашақтың энергиясын іздеу және жасау жөніндегі озық әлемдік тәжірибені зерделеу мен енгізу орталығын құру үшін пайдалану керек», деп Елбасының айтқаны бойынша мамандар тобы Назарбаев Университетінің қолдауымен осы жұмысқа кірісе отырып, Қазақстанның «жасыл энергетика» жөніндегі бастамасының да әлемдік өркениетке берері мол боларына сенеміз. «Сонымен қатар, ядролық энергетиканы дамытудың келешегін ұмытпау керек. Әлемнің таяудағы даму келешегінде арзан атом энергиясына деген қажеттілік өсе түсетін болады. Қазақстан – уран өндіруде әлемдік көшбасшы. Біз АЭС отыны үшін төл өндірісімізді дамытып, атом стансасын салуға тиіспіз», деген Елбасының осы айтқанын ендігі арада байбалам салмай-ақ орындауға кірісетін кез келген сыңайлы. Қазақстанда АЭС салу мәселесі жайлы түрлі пікірлердің бар екендігі де анық. Кезінде атом қаруының сынақ алаңына айналып келген елдің бойында әлі де болса атомның үрей синдромының бар болуы да заңды. Бірақ ол атом қаруын сынау мен АЭС салудың арасында үлкен айырмашылық бар екендігін де ойлай отырайық. Қазір жыл сайын жетілдіріліп келе жатқан АЭС салу технологиясын пайдалана білсек, Қазақстан да атом энергетикасын жолға қою арқылы ХХІ ғасырдың индустрияландыру революциясынан да жеңімпаз болып шығарына да, арзан қуат алуға да жол ашамыз.
Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу міндетін екі кезеңде жүзеге асыру белгіленіп, осы екі кезеңнің біріншісі 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. «Қазақстан осы уақыт ішінде дамыған елдердің өткен жүзжылдықтағы индустриялық дүмпу кезінде жасағанын жүзеге асыруы қажет. Мұны іске асыруға әбден болады», деп Елбасының жігер бере сөйлеуі барша қазақстандықтардың күш-жігер, ынта әлеуетіне толық сеніп отырғандығы деп қабылданары да бар. Ал енді 2030-2050 жылдар аралығын қамтитын екінші кезең еліміздің ғылыми қамтымды және «жасыл экономика» қағидаттарына негізделген орнықты дамуын қамтамасыз ете отырып, қуатты өңдеуші өнеркәсіп қалыптастыру және де дәстүрлі салаларда жоғары өңделген өнімдер шығаруға көшу жүзеге асырылмақшы. Елбасы осы істерді қалай бастау керектігі жайлы да айтып, биылдан бастап атқарылуға тиіс шаралар негізінде Үкімет пен Ұлттық Банкке нақтылы жеті тапсырма да берді. Бұл жеті тапсырманың бәрінің де Мәңгілік Ел болашағын бүгіннен бастап айқындай түсудегі зор маңызы бар екендігі де сөзсіз.
«Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн!» – Елбасы осылай деді! Бұл – аталы сөз! Ел мен мемлекет мүддесін, тәуелсіздік тағдырын бәрінен де жоғары қояр болсақ, біз Қазақстандағы үш тұғырлы тіл саясатының талабын заманның өзі алдымызға тартып отырғандығын ұғына түскеніміз де абзал. Және де үш тілді саясат біздің халық есебінде сақталып қалуымыздың, ендігі өсіп келе жатқан ұрпағымыздың өзгелерге тәуелді болып қалмауының кепілі ме деп те ойлаймын. Ендігі ұрпақ үш тіл біліп жатса, олардың ендігі тағдыры сол үш тілге байланысты болмақшы. Әрине, бірақ әр қазақ үшін өз ана тілі бәрінен де жоғары тұруға тиісті. Біз қазақ деген халықтың перзентіміз. Елге деген құрмет, өз Отаныңа деген сүйіспеншілік те әуелі өз тіліңмен қалыптасарын да ойлай жүрейік. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген ақын Қадырдың осы бір айтқанына сай өз тіліңді құрметтеу жағының басымырақ жатқаны да абзал.
Түсіне білсек, Мәңгілік Ел болу мәселесі бұл біздің де, бізден кейінгілердің айтар мәңгілік әңгімесі, біздің өз ұрпақтарымызға айта жүрер де, қалдырар да мәңгілік аманатымыз болуы керек. Дәл осы арада бұрын осы біз дегеніңіз «бізде ұлттық идеология жоқ» деп байбалам салатындығымыз ойға да оралғаны болды. Міне, Елбасының осы айтып отырған Мәңгілік Ел болу мәселесі ендігі біздің ұлттық идеологиямыздың ендігі басты тақырыбы деп білуіміз керек. Енді сол тақырыпты тарқатып жаза да, айта да білуіміз қажет. Ел Тәуелсіздігі, ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы армандаса да қол жеткізе алмай кеткен осы Тәуелсіздігімізді нығайту, осы Тәуелсіздікті уыстан шығарып алмай ұстап тұру – бұл басты парызымыз!
«Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық», деген Нұрсұлтан Назарбаевтың жан толқытарлық бұл сөзі әрқайсымыздың санамыздан берік орын алып, жүрегімізде жазылып, сақталып тұруға тиісті.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауындағы Мәңгілік Ел болу мәселесі және сол жолда атқарылуға тиісті іс-шаралардың бәрі де ең әуелі халқымыздың санасына терең сіңірілуі керек. Осы жайларды санаға сіңіре білсек, әркімнің мемлекет алдындағы, өз ұлтының алдындағы жауапкершілігі де арта түсер еді. Мәңгілік Ел болып қалу үшін Елбасы не істеу керектігін де айтып, осы ұлы мұраттар жолындағы істі бастап та берді. Елді индустрияландыру, жасыл энергетикаға көшу, еңбек ету, тіліміз бен дінімізге берік болу, елдің тыныштығын сақтау, көрші елдермен татулық қарым-қатынас жасау, жас ұрпақты бабалар өсиетімен тәрбиелеу, оларға терең білім беру, ғылымды дамыту сияқты өзге де маңызды міндеттер тұр алдымызда. Қазір қалғитын заман емес, бос сөз, берекесіз іспен айналысатын заман емес, бақ-дәулет таластыратын заман емес, ашылып, шашылып, ас та төк төгіліп дарақыланатын да заман емес. Елім десең сәт сайын айналаңа ойлы көзбен қарайтын заман, еңбек ететін заман!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Парламент Сенатының депутаты.