Демалыс. Сенбі. Редакциядамыз. Газеттің кезекті нөмірі дайындалып жатыр. Жексенбіге. Елбасы Жолдауына бағышталған арнаулы шығарылым ойластырдық. Неге? Жылда жасалатын, дәстүрге айналған Жолдау емес пе? Иә, жыл сайын жария етілетін Жолдау. Рет саны бойынша он сегізінші Жолдау. Негізінен алғанда «Қазақстан-2050» Стратегиясын әрі қарай тарата түсетін Жолдау деуге де болады. Соның өзінде де бұл Жолдаудың жөні бөлек.
* Бірінші бағана
Демалыс. Сенбі. Редакциядамыз. Газеттің кезекті нөмірі дайындалып жатыр. Жексенбіге. Елбасы Жолдауына бағышталған арнаулы шығарылым ойластырдық. Неге? Жылда жасалатын, дәстүрге айналған Жолдау емес пе? Иә, жыл сайын жария етілетін Жолдау. Рет саны бойынша он сегізінші Жолдау. Негізінен алғанда «Қазақстан-2050» Стратегиясын әрі қарай тарата түсетін Жолдау деуге де болады. Соның өзінде де бұл Жолдаудың жөні бөлек.
Елім дейтін, жерім дейтін, елінің, жерінің қамын жейтін әрбір қазақ үшін, осы мемлекетпен жанын жақындастырып, ой-арманын астастырып үлгерген әрбір қазақстандық үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған бұл жолғы сөзі ең алдымен ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманын – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану арманын, тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу арманын ақиқатқа айналдырғанымызды атап айтуымен, болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсатқа жетелейтін идеяны – Мәңгілік Ел идеясын Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы деп жариялауымен айрықша аяулы, бөлекше бағалы.
Ел – халық сөзінің де, мемлекет сөзінің де, ұлт сөзінің де баламасы. «Адамзат тарихында өшпес із қалдырып кеткен, Еуразия құрлығындағы халықтардың тағдырына орасан әсер еткен» (Н.Назарбаев), заманында көктің жүзін тітіреткен көк түріктері ел болуды халық ретінде қалыптасудың, мемлекет ретінде мығымданудың, ұлт күйінде ұйысудың биік белесі деп білген. Осының бәрін біржолата бекіту үшін сол заманның өзінде басқа қонған бақыттың баяндылығын білдіретін философиялық категория – Мәңгілік Ел ұғымын ойлап тапқан. Соны тасқа қашап тұрып, «МИНГУ ЕЛ» деп жазып кеткен. Ежелгі түркілерден тараған барша халыққа бірдей түсінікті сөздер. Мұсылмандыққа бет бұрған ағайындар тұрмақ, тарихтың талайымен басқа діндерді ұстанатын сахалар, тувалар, марийлер де ет жүректі елжірететін Ел сөзінен екі елі ажырамай, өз елдерін Саха Эл, Эл Тыва, Марий Эл атаумен келеді. Солардың ішінде марийлер Марий Эл атауын ресми алып та үлгерді. Демек, Ел – ұлы ұғым. Халық болып құралу, мемлекет құра алу, дербес тұра алу, ұлт болуға бет бұра алу – осының бәрі Ел болудың белестері. Тәубе, сол белестердің бірінен біріне абыроймен асып келеміз. «Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық» – Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдаудағы осы сөзі бұл сапардың ұзаққа созылатынын, бұл жолдың алысқа баратынын білдіреді. «Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл – әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама» – Нұрсұлтан Назарбаев бұл сөздерді де Жолдауда айтты. Ескертті бәрімізге. «Мәңгілік Ел болу біздің өз қолымызда. Бұл үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек» дегенді де айтты біздің Елбасымыз. Қайрады бәрімізді.
Мәңгілік Ел болу бабаларыңның бабаларының бабалары армандаған, аңсаған асыл мұратты балаларыңның балаларының балалары ардақ тұтатындай мемлекет орнату дегенді, енді ешқашан, ешқашан бөгденің бодандығына түспейтін, халықтығын, ұлттығын, елдігін, мемлекеттілігін әрқашан, әрқашан әспеттейтін, үлгілі үрдістерін үстеген үстіне үстейтін, бар заманда да ұлы мен қызының бағы басында тұратын, барша халқының бақыты баянды болатын ел құру дегенді білдіреді. Алаш гимніне: «Енді Алашты ешкімнің Қорлығына бермейміз, Алаш туы астында Күн сөнгенше сөнбейміз!» деп жазғанда қайран Сұлтанмахмұт осыны ойлаған. «Қазақстан-2050» – Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық, қадірлі халқым!» дегенде Елбасымыз да осыған шақырған.
Халқымыз Нұрсұлтан Назарбаевты әу бастан-ақ ел бағына туған перзент деп сенген, екі тізгін, бір шылбырды қолына берген, адастырмас азаматым деп соңынан ерген, сөйтіп бүгінгі биігіне келген. Алда да солай бола береді. Қазақтың басына бақыт құсы қона береді.
Күн сөнгенше сөнбейміз!
Сауытбек АБДРАХМАНОВ