Пенде баласында «болмыс» дейтін бар. Адам баласының табиғаты нені қалайды, сол – болмысы екен. Мысалы, орыстанған қазақпен бірге бір дастарқанда отыру маған қиямет. Неге, өйткені оны болмысым қаламайды. Одан да, маған айтсам сырымды ұғатын, тілімді түсініп, тілегіме қуат құятын, даланың иісі аңқыған қазақ қымбат. Болмысым солай.
Алғаш... Сонау 1997-98 жылдары ел қатарлы Арқаға ат басын бұрғанымда осы болмыстан қатты қиналдым. Ол заманда Ақмоланың өзі де, сөзі де суық еді ғой. Ой, дүние-ай, жат жер, жатбауыр ағайынның қабағына қарап, өтірік күліп, әупірімдеп көктемге жеттік. Маған пана болған қадірлі «Астана ақшамының» шаңырағына жан-жақтан азаматтар жинала бастады. Бірі – ойдан, бірі – қырдан.
Қош, сонымен, бір күні тың хабардың шеті дүңк етті. «Талдықорған жақтан жаңадан жап-жас орынбасар келе жатыр екен». Келсін дедік. Кешікпей келді. Өзіміз сияқты. Ерекшелігі орынсыз елп-желп етпейді, сөз саптасы қоңырқай һәм қазақы, жүріс-тұрысында биттің қабығындай шенділік жоқ, әдеті екен. Тыңдаушысы келіссе әңгімені иірімнен тартып айтады, көрініп тұр: бойына тусырамаған тума тәрбие дарыған, шіркін, басқасы басқа, қазақылығын айтсаңшы...
О, құдірет, біздің ауылда баяғыда апаларымыз ғана айтатын, бала кезімізде еміс-еміс құлақ шалған, жоғалғалы ширек ғасырға таяу, не бір мақал-мәтел әлгі жаңа орынбасардың ауызынан, ақ тауықтың аппақ жұмыртқасындай тап-таза, топ-топ болып төгіліп тұр. Міне, – дедім, өзіме-өзім: – Бекен, сенің іздеген кісің осы, нәрі сұйылып, жасандылыққа қарай сырғып бара жатқан болмысыңа сеп, түнде түсіңе кіретін қойлы ауылдың шуағы.., жақсылап қарашы, жаңа орынбасардың миығында ілулі жүр... Алғашқы күнгі алым-берім әңгімеден түйгенім осы.
Екінші күні әдеттегідей бастық-бөлмеге жиналдық. Лездеме істеп жібермекке. Онысы лып етіп өтті. Соңында жаңа орынбасарды таныстыру науқаны орындалды. Аты – Талғат, фамилиясы – Батырхан. (Ым... «овы» жоқ екен). Талдықорғанның тумасы. (Оны кеше біліп алғанбыз). Бұрын облыстық газетте тілшіден тіке көтеріліп, орынбасар болған. Арасында, Алматыда «Халық Кеңесі» дейтін газет ашылып, соның Жетісу өңірлік «собкоры» болыпты. Әйтеуір, әлем-жәлем атақтан аман. Бірдеменің лауреаты дейтіні әзірге жоқ.
Оларды қойшы... біз бейбаққа ұнағаны – болмысы. Әсіресе қазақы бітімі. Ауылдың иісі аңқыған кебі. Өзім сияқты қара шопанның баласы екен. Әкесі Садық марқұм 1941 жылы герман-орыс соғысына қатысып, жараланып қалып, еліне дін аман оралған. Талғаттың өзі айтады: «Әкем соғысқа аттанғанда, жалғыз апайы «Садығым-ай, мына жұрттың небір жұлымыр ұлдары майданға барып, жұлыны қиылып жатқанда, жуас қойдың аузынан шөп алмайтын, сені неміс қайдан аясын, өлетін болдың-ау» деп жылапты.
Алланың қалауы: Садық өлген жоқ. Тіпті майданнан туған мекені Баласараға дейін бір медсестра жетектеп әкеп, ауыл советке өткізіп беріп, «қош, солдатым» деп кете барған.
Біз Сәкеңді көрмедік, бірақ артында қалған көзі, жалғыз ұлы Талғатты көрдік, дәм-тұзымыз жарасып бірге жүрдік. Әлі де біргеміз. Тәкең айтады: «Бала кезім. Ел жайлауға көшеді. Салқын төстің шүйгін шөбін аңсаған сиырлар көк шалғынды жапырып, жаңадан сүрлеуіт із тастап жайлауға тартады. Оған жапсарлас қоралы қой айдаған шопандар қиқулайды. Менің екі аяғым ашамайдың екі бүйірінде байлаулы. Айқасқан ершікте жұмсақ жастық бар. Ұйқылы-ояу айдалған малмен бірге жайылып жайлауға барамын...». Бұл Тәкеңнің ең бір сүйіп айтатын әңгімесі. Және онысын мен сияқты көшпенді елдің ұланы болмаса ешкім түсініп жарытпайды да.
Бізді табыстыратын тақырып осы. Бір-бірімізге есе бермей сөйлейміз. Өйткені болмысымыз бір. Әңгімеміз біткен соң, қалың техника жарыса жүйткіп бара жатқан, қаланың қиқу шуына өшіге қараймыз келіп. Бізді біреу осы жерге айдап әкелгендей. Бөрі арығын білдірмес... Сөйтіп тұрғанда, мына жақтан «мақала қайда» деген ащы дауыстар естіледі. Екі жаққа жүгіреміз. Мен жазам, Тәкең айбақтатып қолын қояды. Аздан кейін манағы әңгімені жалғамаққа «орынбасар бастығым» маған қарай ақырын желе-жортып келе жатады. Өйткені болмысымыз бір.
Талғатпен осылай таныстық. Жалпы Тәкең жаңалыққа құмар. Жаңалық болғанда, бүгін жанып, ертең сөнетін шырпының отындай ылпылдық жаңалықтар емес, уақыт қазанына қайнап піскен, замана тезі бұдырын тегістеп, жонып-қырнаған, әмбе қазаққа қажет, ұрпақ оқып үлгі алатын, ұлт руханиятына мық шеге сияқты қадала қалатын қадау-қадау дүниелер. Айталық: қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов, Петербордағы Поляр академиясының ректоры Азургет Шәукенбаева, Чуваш елінде министр болған қазақ қызы Гүлмира Акимова, әлемдік деңгейдегі балерина, Ресей Халық әртісі Алтынай Асылмұратова, сондай-ақ, орыс-чешен қақтығысы кезінде жанын қиып Батыр атағын алған орынборлық Жантас Жолдин және Ресей Қарулы күштерінің полковнигі, ерекше ерлігі үшін президент Путиннің қолынан «Ресей Федерациясының Батыры» атағын алған Серік Сұлтанғабиев, Том облысының вице-губернаторы Шыңғыс Ақатаев, тағысын тағылар. Тәкең бұларды қолына майшам алып іздеп жүріп тапты және әрқайсысы жайлы жақсы дүние жазды, һәм өздерін тірідей атажұртымен қауыштырды. Бұл да бір сауап шығар. Алла қайырлы етсін!
Кей сәттерде бәзбір қаламдас дос-бауырларым, реті келгенде: «Сіз осы ешкім білмейтін қайдағы бір дүниелерді қайдан тауып жазасыз?» деп жатады. Иллаһи шынымды айтсам мені осындай жоқ іздеуге баулыған – осы Тәкеңдер ғой.
Тәкеңнің жазуы аз һәм саз. Бірақ бапкерлік қасиеті мықты. Жақсы жазарманды жазбай таниды. Әдеттегі қара жарыстан шауып келіп, терімді басып, шұлғып тұрған сәтімде, қасыма бір-бір басып Тәкең келеді. Кекілімнен сипай тұрып: «Мына Бекен орысша білмей сендер (әріптес азаматтарға қаратып) жан бағып отырсыңдар, әйтпегенде, шылбыр ұшын да ұстатпас еді» деп, жон арқамнан қағып-қағып қояды. Мен оқыранып шыға келемін. Дәл сол сәтті күтіп тұрған Тәкең «айдаһардың тілін әкел!» деген тәрізді қиын тапсырманы берді. Мықшыңдап кетеміз содан. Тәкең осындай адам.
Осылай күндер өтіп жатты. Астана құлпырып өсіп жатты. Қысқасы, Тәкең екеуміз «Арқаға бауыр басу» күндерін бірге өткіздік. Және сол күндер алыстап барады. Жазу-сызу жайынан ешқандай мектеп көрмеген маған Талғат кәдімгідей ұстаз. Оны өзіне айтпаймын. Бірге күліп ойнап жүріп: «Сіз маған ұстазсыз» деген біртүрлі емес пе?! Әрі ішкі пенделік те жібермейді. Қатты таң қалатыным Талғаттың басы заманауи компьютер-құрылғы сияқты. Сонау бір замандардағы саяси оқиғалардан тартып, әсіресе ұлы адамдар төңірегіндегі қым-қиғаш дүниелерді жатқа біледі. Оқымаған кітабы жоқ. Білімі теңіз бірдеңе. Зердесі таза, оқығаны ойында, көргені көзінде жатталып қала берген. Тәкеңнің басындағы деректің жартысы болғанда ғой бізде, мүмкін «ғылым кандидаты» атағын алып, тағы бір жерде ақыл айтып, көсіліп отырар ма едік. Бір-екі жылдың алдында Тәкең ақын, жазушы, драматург, публицист, тарихшы... қысқасы, сегіз қырлы жігіт, дағыстандық қайраткер өткен жылы өмірден озған Шапи Казиевпен жолығып қалмай ма?! Содан төгіледі. Шәмілден бері, Расулдан (Гамзатов) әрі түгін қоймай сөйлейді. Естіп отырған Шапи қасындағы маңғаз қазаққа бір қарап, ала бұлты жосыла көшкен астананың аспанына бір қарап «Қадірлі інім, сен айтқан мына теңіздей ілімді бізде кейінгі жастар біле бермейді» деп төмен қарап күрсінген көрінеді. Тәкең осындай адам.
Содан Садықұлымен ауыздық таластырып шауып жүрген 2002 жылдың көктемінде күрт өзгеріс болды. Мен газеттегі тілшілік қызметімді тастап, спорт мектебіне әдіскер болып бардым. Кешікпей Тәкең орыс-қазақ тілінде шығатын теміржолшылар газетіне бастық боп бара қалды. Осы хабарды естігенде күліп жібердім. Себебі: қып-қызыл қазақылығымен көкейімде сіңіп қалған Талғаттың екі тілі бар алабажақ газеттің үстінде қоқиып отырғаны бір түрлі күлкімді келтіріп болмады. Содан күлкімді басып, ағамды көріп, құтты болсын айтайын, деп бардым. Айттым. Баяғы езуімде күлкі, қылжақтап, қыжыртып отырмын. Тәкең сұңғыла адам ғой, миығымда ойнап тұрған шайтан-мазақты аңғарды. Иығын қомдап (қашанғы әдеті), бір сілкініп алды да, ашық есіктен тілшілеріне айғай салды. Сондағы айтқаны: «Мына жерде Бекен деген журналшы келіп отыр, газеттің орысша бетінде қате кетіп қалмасын, тез әкеліп қаратып ала қойыңдар» деді. Қайдан білсін менің орысша әліп пен таяқты ажырата алмайтынымды, бір жалқаулау журналшы газетін қаратып алмаққа шауып келсін. Мынадан кейін мен емес енді Тәкең күлді. Ой бір маңдайы жарқырап, бүйрегі бүлкілдеп, жау түсіргендей жадырады-ау. Кетіп бара жатып артыма қарасам, әлі күліп тұр екен. Мені тоңқалаң асырғанына мәз.
Содан бері міне, 20 жыл өтіпті-ау. Бүгін де Тәкең екеуміз Тәңірдің бұйрығымен ұлт руханиятының қормалы қазынасы «Егеменде» елмен бірге еңбек етіп жүрміз. Ол басшы, мен қосшы. Бір қызығы, ел газетіне Тәкеңнің өзінен бұрын сөзі келді. Айталық, 1998 жылы елордадағы С.Сейфуллин атындағы қазіргі Қазақ агротехникалық университетінде «Егемен» өз оқырмандарымен кездесу өткізді. Осы оқиғадан «Ақшамға» репортаж жазған Талғат «Ұлт сөзін ұстаған» деген мақаласын «Ел газеті «Егемен», жазылмаймын неге мен» деп әзіл-шыны аралас аяқтаған. Осы бір ауыз сөз баспасөзге жазылу науқанына 15 жыл ұран болды.
Өткенде ерігіп отырып: «Тәке, осы сіздің жеткен биігіңіз маған бастық болу ма?» деп қыжырттым. Ол кеңк етіп күлді де: «Мен қайда барсам, артымнан қалмай жүрген өзің емес пе? Менен басқа кімге сиясың», дегені. Рас-ау. Атам қазақ «киімнің жаңасы, достың ескісі жақсы» дегені осы шығар...
Беу, дүние кеше отыз бен қырықтың ортасында ойқастап жүрген азаматтардың алды бүгін алпысты еңсерді. Соның бірі – Талғат Батырхан құдайдың берген ризығын теріп жеп, алты мүшелдің есігін ашып отыр. Жолдастық һәм інілік тараптан құтты болсын айта отырып, ұзақ ғұмыр тілейміз!