• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Хоккей 17 Тамыз, 2021

«Барыс» – алты дүркін жеңімпаз

114 рет
көрсетілді

Елордада шайбалы хоккейден ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы Президенті кубогы халықаралық жарысы өз мәресіне жетті. Финалда Қарағандының «Сарыарқа» клубынан басым түскен «Барыс» жарыстың алтын дүркін жеңімпазы атанды.

Шайбалы хоккейден Қазақстан Респуб­ликасы Президенті кубогы 2010 жылдан бері өткізіліп келеді. Дәстүрлі турнир жыл сайын тамыз айында елордада ұйымдастырылып, оған Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсететін бірқатар команда қатысады. Яғни бұл жарыс ҚХЛ-да бақ сынайтын клубтар үшін жаңа маусым алдындағы соңғы дайындық жұмыстарының бірі саналады. Өкінішке қарай, былтырғы турнир коронавирус пандемиясына байланысты ұйымдастырылған жоқ. Былтырғы тамыз айында қазақстандық спортшыларға спорттық жарыс өткізу былай тұрсын, жаттығу жиындарын өткізуге де шектеу қойылған болатын.

Ал биылдан бастап Қазақстанда спорттық жарыстар өткізуге рұқсат берілгенімен, көп турнир жанкүйерлердің қатысуынсыз өтіп жатыр. Сондықтан «Барыс Аренадағы» Президент кубогы жарысына да көрермендер кіргізілген жоқ. Турнирге алғашында Хель­синкидің «Йокерит», Бейжіңнің «Куньлунь Ред Стар» және Риганың «Динамо» коман­да­лары шақырылған еді. Алайда хел­ьсин­киліктер мен ригалықтардың Қазақ­стан­ға кел­мейтіні белгілі болды. Бұған да корона­вирустың кесірі тигені анық.

Сөйтіп 11 тамызда 11-ші рет ұйымдас­ты­рылған турнирге «Барыс» пен «Кунь­лунынан» бөлек, Қазақстанның ең мық­ты екі ұжымы – Қарағандының «Сарыарқасы» мен Өскеменнің «Торпедосына» қатысуға мүмкіндік берілді. Командалар бір-бірімен ойын өткізіп, кейін жартылай финал және финалға шыққан командалар анықталды.

Топтық кезеңде үш ойын өткізіп, екеуінде жеңіске жеткен «Барыс» пен «Сарыарқа» клуб­тары финалға шықты. Бір қызығы, екі клуб турнирдің бірінші турында бір-бірімен кездесіп, қарағандылық команданың мерейі үстем болған еді. Финалда «Барыс» сол есесін қайтарып, кезекті рет Президент кубогын жеңіп алды.

«Барыс Аренада» өткен финалдық кездесу 7:3 есебімен «Барыстың» пайдасына аяқталды. Бірінші кезеңнің алғашқы 10 минутында мұзайдын иелері қарсылас команданың қақпасына жауапсыз үш шайба соғып, есепте алға шығып алды. Гол авторлары – Кертис Волк (4-минут), Егор Шалапов (7) және Мэтт Фрэттин (9). Алайда «Сарыарқа» үзіліске дейін-ақ есеп айырмашылығын қыс­қартып, ойынның көрігін қыздыра түсті. Қара­ғандылықтар сапынан 11 және 19-минуттарда Степан Грымзин мен Сергей Голоднюк мергендігімен көзге түсті.

Тіпті қарағандылық клуб екінші кезеңнің басында таразы басын теңестіріп, ойын одан әрі шиеленісе түсті. Бұл жолы Степан Грымзин дубль авторы атанды. Бірақ «Сары­арқаның» әрі қарай таразы басын тең ұстап тұруға күштері жетпеді. 34-минутта Якоб Лильяның арқасында «Барыс» есепте алға шығып алса, кезеңнің аяқталуына 28 секунд қалғанда Даррен Диц есепті еселеді. Ал соңғы кезеңде «Барыс» «Сарыарқа» қақпасына тағы екі шайба соқты. 49-минутта Егор Петухов мергендік танытса, 59-минутта Аркадий Шестаков ойынның нүктесін қойды. Осылайша «Барыс» Президент кубогында алтыншы рет топ жарды.

Бұған дейін елордалық команда 2010, 2011, 2013 және 2015 жылдары кубокты басы­­­­нан асыра көтерген еді. Сонымен қатар Пре­­­зи­дент кубогында әр жылдары Санкт-Петер­­­бургтің СКА, Омбының «Авангард», Ново­­­кузнецкінің «Металлург», Ниж­некам­скі­­нің «Нефтехимик» және Хабаров­скінің «Амур» командалары жеңімпаз атанған болатын.

Үшінші орын үшін өткен матчта «Торпе­додан» 2:1 есебімен басым түскен Бейжіңнің «Куньлунь» командасы турнирдің қола жүлдегері атанды. Финалдық кездесуден соң Президент кубогын ұйымдастырушылар үздік ойыншыларды марапаттады. Никита Бояркин («Барыс») турнирдің үздік қақпашысы деп танылса, «Сарыарқа» сапынан Дмитрий Молодцов үздік қорғаушы, Сергей Голоднюк үздік шабуылшы, «Барыс» ойыншысы Коди Куник турнирдің үздік бомбардирі атанды.

Айта кетейік, «Барыс» енді Құрлықтық хоккей лигасының жаңа маусымына дайын­дығын жалғастырады. Қазақстандық команда ҚХЛ-дағы алғашқы ойынын 3 қыркүйекте Өфөнің «Салават Юлаев» командасымен өткізеді.