Меншік құқығын қорғау деңгейі бойынша рейтингте Қазақстан 129 елдің ішінде 85-орынға ие болды, деп жазады Egemen.kz.
Меншік құқығын қорғау бойынша рейтингте Қазақстан әлемдегі 129 елдің ішінде 85-орынға ие болды. Алдыңғы жылы 89-орында еді.
Ел индексі 5,006 болды. Индекс неғұрлым жоғары болса, елдегі құқықтарды қорғау деңгейі соғұрлым жоғары деген сөз.
ТМД елдерінің ішінде меншік құқығы Қазақстанға қарағанда Әзербайжан мен Арменияда жақсы қорғалған. Ал Ресей, Украина, Молдова елдерінде жағдай салыстырмалы түрде мәз емес.
Азаматтардың меншік құқығы әлемде Финляндияда, Швейцарияда және Сингапурда жақсы қорғалған. Ең нашары - Гаитиде.
Рейтингте меншік құқығын құқықтық және саяси қорғау, заңдылық пен сыбайлас жемқорлықты бақылау саласындағы көптеген көрсеткіштер ескерілген.
Армения ТМД елдері арасында құқықтық және саяси қорғау, заңдылықты сақтау, сыбайлас жемқорлықты бақылау саласындағы көшбасшы болып отыр. Ал сот тәуелсіздігі, физикалық меншікті қорғау, меншік құқығы, мүлікті тіркеу, несиеге қол жеткізу, зияткерлік меншікті қорғауды қабылдау санаттарында Әзірбайжан үздік деп танылды. Ресей зияткерлік меншік құқықтарын және авторлық құқықты қарақшылықтан қорғау бағытында нәтижелі жұмыс істеген.
Қазақстан ТМД елдері арасында саяси тұрақтылық санатында өзін жақсы көрсете алды.
Finprom жазуынша, биыл бірінші тоқсанныңсоңында Қазақстанда құқық және есеп саласында көрсетілген қызмет көлемі 25,4 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,3%-ға аз.
Көрсетілген қызметтің үштен екісінен астамы Алматыда тіркелді (18 млрд теңге). Екінші және үшінші жолдарды елорда (5 млрд теңге) мен Қарағанды облысы (362,3 млн теңге) алады. Ең аз қызмет Түркістан облысында көрсетілді (жылына 5,1 миллион теңге).