Өзбекстан Ауғанстандағы жағдайды мұқият қадағалап отырады және ел ішінде бірегей үкімет құру ниетін қолдайды. Бұл туралы республиканың Сыртқы істер министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ведомство билік транзиті консенсус негізінде және халықаралық құқықтың жалпы қабылданған нормаларын ескере отырып жүзеге асырылуы үшін Дохадағы ауғанаралық келіссөздер шеңберінде бейбітшілікке үміт білдірді.
«Осы бағыттағы ахуалдың дамуы ұлттық келісімге қол жеткізуге және қуатты әрі іс-әрекетке қабілетті мемлекет қалыптасуы үшін жағдай жасауға әкелетініне сенімдіміз.
Өзбек тарапы Ауғанстанмен дәстүрлі достық және тату көрші қарым-қатынасты қолдауға және көрші елдің ішкі істеріне араласпау қағидаттарына адалдығын мәлімдейді», делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта Өзбекстанның Кабул мен Мазари-Шарифтегі дипломатиялық миссиялары штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. «Өзбек тарапы шекараларды күзету және шекара аймағындағы тыныштықты сақтау мәселелері бойынша «Талибан» қозғалысының өкілдерімен тығыз байланыста.Сондай-ақ мемлекеттік шекараны бұзудың кез келген әрекеті Өзбекстанның заңнамасына сәйкес қатаң түрде тоқтатылатынын мәлімдейміз», деді Республика СІМ өкілі.
Айта кетейік, Өзбекстан Бас прокуратурасының баспасөз қызметі бұған дейін Telegram-каналында сенбі және жексенбіде Ауғанстанның 585 қарулы әскери қызметшісі отырған 22 ұшақ мен 24 тікұшақ ел шекарасынан заңсыз өткенін хабарлаған болатын. Алайда, кейін хабарламаны өшіріп тастады.