Ауғанстан Ислам Республикасындағы ахуалдың шиеленісуіне байланысты Қарулы Күштерде қырағылықты күшейту бойынша шаралар қабылданды. Ең алдымен, бұл арнайы операциялар күштеріне, майдан және әскери-көлік авиациясына, әуе шабуылына қарсы қорғанысқа қатысты болып отыр, деп жазады Egemen.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қорғаныс министрі өңірдегі жағдайды қадағалау және талдау, күштер мен құралдардың тәуліктік кезекшілікті ұйымдастыру бойынша міндеттер қойды. Жоғары қырағылықты қамтамасыз ету мақсатында әскери қызметшілердің кезекшілік атқаруы бойынша жүктемені бірдей бөлу қажеттілігі атап өтілді.
«Туындайтын сын-қатерді ұдайы бағалап, қазіргі уақытта біз үшін анағұрлым маңызды және негізгі күш-жігерді қайда бағыттау керек екенін айқындау қажет», деп атап өтті генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев.
Алдағы аптаға жоспарланып отырған жауынгерлік оқу-жаттығу барысы туралы баяндалды.
Жауынгерлер 22 тамыздан бастап «АрХО – 2021» конкурстарына қатыса бастайды.
Запастағы, әсіресе тапшы мамандығы бар офицерлерді әскери қызметке шақыру мәселесі көтерілді. Атап айтқанда, армияның эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысуы запастағы офицерлерге сұраныс арттырды. Атап айтқанда, әскери кафедрада дайындалатын және офицер атағын алғаннан кейін армияда қызмет өткергісі келмейтін әскери дәрігерлердің қажет екенін көрсетті.
Заңнамаға әскери кафедраны бітірушілерді әскери қызмет өткеруді міндеттеу бойынша түзетулер енгізу тапсырылды.
«Барлық студенттер мен жоғары оқу орындарының басшылары әскери кафедраданың – запастағы офицердің әскери билетін алу тәсілі емес, ең алдымен ел мүддесі үшін Қарулы Күштерде қызмет етуге дайын болу екенін түсінуі тиіс», деп атап өтті Қорғаныс министрі.