• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Тамыз, 2021

Павлодарда 5 мың бас мал айыппұл тұрағына қамады

359 рет
көрсетілді

Жыл басынан бері павлодарлық полицейлер иесіз жайылып жүрген 4936 бас малды анықтады. Жануарлар айыппұл тұрағына айдалса, олардың иелері жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Egemen.kz Павлодар облыстық ПД баспасөз қызметінің Instagram парақшасына сілтеме жасап.

Бақылаусыз жайылып жүрген мал ұрылар үшін - оңай олжа, ал жүргізушілер үшін - қайғылы жол-көлік оқиғасы болуы мүмкін.

Тереңкөл ауданындағы «Омбы-Майқапшағай» автожолының 324 шақырымында патрульдік полиция қызметкерлері қараусыз жайылып жүрген сиырларды анықтады, нәтижесінде 10 сиыр арнайы айып тұрағына қамалды.

Ірі қараның иесі болып табылатын 40 жастағы ауыл тұрғыны ҚР ӘҚБК 408-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 3 АЕК мөлшерінде айыппұл өтеді.

Дәл сондай дерек «Ленин-Ақсу» автожолының 11 шақырымында тіркелген. Ірі қара мал қыста мал азығына арналған шөпті таптап, шабындықта бақылаусыз жайылып жүрген.

Учаскелік полиция инспекторы 34 бас малды айыппұл тұрағына қамады. 55 жастағы мал иесі ҚР ӘҚБК 408-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Жыл басынан бері павлодарлық полицейлер бақылаусыз жайылып жүрген 4 936 малды анықтады, олар айыппұл тұрағына қамалды. Бүгінгі күні облыс аумағында малға арналған 146 айыппұл тұрақтары жұмыс істейді», деді Павлодар облыстық полиция департаментінің патрульдік полиция ротасы командирінің міндетін атқарушы Әділет Мерғазин.