• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Әдебиет 18 Тамыз, 2021

Қышқыл күлкі

637 рет
көрсетілді

Оқырман үшін ең алдымен автор маңызды. Қандай да бір кітапты оқымас бұрын «Авторы кім?» деп қызығушылық танытады. Бұл – оқырманның бейсаналы түрде автормен рухани байланыс орнатқысы келетінін байқататын жайт. Автор өзінің адамдық, азаматтық позициясын (әсіресе, ақындар) шығармаларында көрсетіп, оқырманымен сырласатынын жоққа шығаруға болмайды. Прозалық шығармалардағы автор көбіне баяндаушы бейнесінде көрініп, оқиғаны бейнелеумен шектеледі. Жалпы, қазіргі әдебиетте автор дегеніңіздің өзі – күрделі ұғым.

Әдебиеттану саласындағы теоретик ғалымдар автор санатын талдау барысында нақты автордың даралық сипатынан гөрі нарраторға, имплицитті (жасырын) авторға, яғни автордың шығармаға қаты­сатын «Меніне» басымдық береді. Мысалы, М.Бахтиннің пікіріне сүйен­сек, шығарманың ішіндегі автор – шығармашылық принциптер жиынтығы әрі оқырманның әлеміне белсенді қатысушы. «Автор өзі жасаған көркем әлем­нің шекарасынан шықпауы тиіс, ал шы­ғып кеткен жағдайда эстетикалық тұрақ­тылықты жояды» дейтін ой айтады әдебиеттанушы. Біз бүгін нақ осы «шы­ғар­ма ішіндегі автор» немесе шы­ғар­маға қатысушы «Меннің» дара к­е­йіпкерге айналуы жөнінде ой қозға­мақ­пыз.

Постмодернистік әдебиеттің бір елеулі сипаты – жанрлық және формалық өзгешеліктерге байлығы. Жанраралық тек­терге, түрлерге нақты бір жіп таға алмай қиналасың. Бұл ерекшелік жазушы Т.Шапай шығармашылығына да тән. Оның кейіпкер «Мені» қатысатын бас-аяғы жұп-жұмыр шығармаларының бәрін бірдей әңгіме деуге келіңкіремей тұрады, бірақ әңгіме емес деп кесіп те айта алмайсың. Мұның себебі, біз қанша уақыт бойы әңгіме деп басқа біреудің басынан өткен оқиғаларды қабылдап келдік. Яғни әңгіме болу үшін ол оқиғаның ішінде міндетті түрде Қанат, Серік, т.б кейіпкерлер жүруі керек. «Мен» деген кейіпкер болса да, оның өзінің аты-жөні, түр-тұлғасы болуы шарт. Сосын оқиға өткен кеңістік пен оқырман кеңістігінің арасында шекара болады. Ал Тұрсынжан Шапайдың «Менінің» нақты тұлғалық сипаты дараланбаған, аты-жөні жоқ (мүмкін ол сен шығарсың!), шығармаларындағы оқи­ғалардың кеңіс­ті­гіне шекара қойылмаған (дәл сондай оқиғалар сенің де басыңнан өткен шығар!). Міне, осы себепті оның кейіпкер «Мені» мен сол кейіпкер қатысатын оқиғалардың көп­ші­лігі әңгіме ретінде емес, кейіпкер «Менінің» сырбаяны сияқты қабыл­да­нып, оқырманға мол эмоция тудырады. Бір назар аударатын жайт, Т.Шапай шығармашылығының ерекшелігі, жо­ғарыда айтқанымыздай нәзік рухани байланыс автор мен оқырман арасында емес, кейіпкер мен оқырман арасында орнайды. Ал нақты автор өзін бұл байланыстан қашық ұстайды...

Таңертең әйелі бетінен сүйіп оятып, сосын күні бойы ерегісіп, жауласып жүрген таныстары жылы қабақ танытып, бірінен кейін бірі телефон шалып, «алдымен кешірім сұрау» арқылы сауап жинағысы келген, жасандылықтарымен есін шығарған «Ғажайып күн» туын­ды­сы­ның ең шешуші сәтінде бас кейіпкер кабинетіне кіріп келген Жексенмен төбелесе жаздайды. Ондағы ойы – Жек­сен де бұған жылы қабақ танытуға не кеші­рім сұрауға келді. Бірақ керісінше, ол да «тәтті сөзден» мелдектеп тойып, бұған тиісуге келген түрі екен. «...Ба­сы­мыз салбырап, әрқайсымыз өз ойымызбен – біраз үндемей отырдық. Осы отырғанда маған қалған жалғыз жұбаныш – аяқ астынан ізгілік пен мейірге жойдасыз толып кеткен осынау жүрек айнытар тәп-тәтті қалада шіреп ішкен майлы тамақтың басыртқысындай мына жексұрын Жексеннің бар болғаны. Бүгінгідей ғажайып күнімен де ол үшін бір жұтым ауа, адам айтқысыз ба­қыт еке­німді түсінем. Бір күндік мұ­сыл­­ман, қыруар әулиенің ішінде бар сыбаға-сауаптан мақұрым қалған екі мұңлық…екі оңбаған! Біле білгенге, дәл қазір екеумізден тағдырлас тату, екеумізден жақын бауыр бар ма дүниеде?

– Екеуміз бір жерден шай ішсек қайтеді, – дедім ақыры.

– Шаршаған шығарсың. Мен де қажыдым бүгін.

– Ішейік... – деді Жексен, ойланып барып.

– Қайда барамыз?

– Бірақ сен ойлап қалма, сенімен татуласып, сауап жинағалы отыр екен деп. Құдай сақтасын. Бәрібір суқаным сүймейді сені.

– Мен де сені... жек көремін! – деді Жексен кенет жарқ етіп, серпіліп.

– Иттің етінен жек көремін! – Ойындағы бар күмәннан арылғандай ширап, жайнап кетті. – Бастай бер!

Адалдығына риза болдым. Мен де арқамнан ауыр жүк түскендей, жадырап: – Кеттік онда, – дедім». Осы туындыда жүрек айнытатын тәтті сөздермен, жасанды қарым-қатынаспен, бұлт-бұлт, жылп-жылп етіп ұстатпайтын принципсіздікпен бітіспес қырғи-қабақ екенін көрсететін «Мен» шынайылығын жоғалтпаған кез келген оқырманның жан серігі сияқты қабылданады. Адам жаны әрқашан шынайы, табиғи мінез-құлықты іздейтінімен келісесің. «Меннің» юморына риза бо­ла­сың. Өз-өзін сынап-міней алатын «Мен­нің» де, Жексендердің де аз екенін мойындайсың.

«Айтыс» туындысындағы жазба ақын­ның бір мәшине міну үшін өзінен әлдеқайда жас жігітпен айтысқандағы көңіл күйі мынадай: «Бұрын кім көрген – мадақ айтыс дегеніңіз... кәсіби бокс­қа ұқсайтын өнер ме деп қалдым... Қар­сы­ласымның (ауыр салмақты еке­нін енді байқадым) оңнан, солдан, тіке жауған ауыр мақтаулары мені қаң­ға­лақ қақтырып, бара-бара... мүлде қаңғы­­тайын деді. Басым істеуден қалып, ти­тық­тап, қажи бастадым. Өйткені, соңғы бір-екі соққысы, анық, иектің астынан кетті... Әрине, қорғана білу, дәл соққы жасау және оны, ретіне қарай, ес жиғызбай, үстемелете жаудыру – үлкен өнер. Бірақ қарымта соққыға төзе білу одан да маңыздырақ екен... Бет қаратпай бо­рандатқан сұрапыл мадақтардан миым айналып, әткеншекте отырғандай, көз алдымда шайқалып тұрған дүние, енді аударылып-төңкеріліп, аунай бастады». Екі ақынға да бір-біріңді мақтайсыңдар деген шарт қойылғанда ешқашан ешкімді мақтап көрмеген, тек жазба поэзиямен айналысқан ересек ақын мақтау сөзді суша сапырып, қарша боратқан жас періден же­ңіліп қалады. Шамасына қарамай жас пері­мен айтысқан жасамыстың қылығы күлкі шақырады әрине. Бірақ бұл таза күлкі емес. Таза күлкіге көз жасының кер­мек дәмі тамып кеткендей. Дұрысы, қыш­қыл күлкі...

Жазушы «Менінің» оқырманды бау­рап алатын жөні бар. Өйткені автор қоғам­дық өмірдің кез келген қырын шы­найы­лықпен суреттейді. Ол өз «Менін», яғни жалғыз бас кейіпкерін дәр­мен­сіз, қорқақ, бақытсыз, үнемі жеңіліс та­уып жүретін бейшара қылып көрсетуден қорықпайды, сондай-ақ сол «Меннің» әлсіздігінің түп-тамырын қопара сипаттайды. «Меннің» әлсіздігін қоғамдық формация ауысқанда құндылықтардың да кемпірқосақтай құбылғанымен байланыстырады.

Оқырманмен «Мен» арқылы сырласатын автор юмор мен сарказмды егіз қозыдай қатар өреді. Өз «Менінің» сау-тамтығын қалдырмай сынайтын автор қоғамды аясын ба, жебедей қадалатын оқ сөздерді миыңа жаудырады... «...Менің достарымның аты – Асқан, Зор, Керемет, Ғажап, Біртуар... Арамызда Өте, Әсіре сияқты қыздарымыз да бар... Айтарлықтай, Әжептәуір деген біреулер қатарымызға ұмтылып көрді, бірақ оларға – қайда... Көп кешікпей бізге Жойдасыз деген бір мықты келіп қосылды. Іле-шала, кезінде жер өртеп аты шыққан Сұмдық мырза атышулы Сұрапыл деген досын ерте келді. Міне, бұлардың жөні басқа... Бастас, дәрежелес тұлғалармен дос болу­дың өзі бір ғанибет!..» дейтін автор әрі қарай асықпай «іреп-союды» бастайды. Шындық екенін білесің. Күлмейсің. Қышқыл күлкімен күле бергеннің несі жақсы?..

Жазушы Тұрсынжан Шапайдың тұ­р­ақты стиліне айналған, имплицитті автор­­мен тұтасып кеткен кейіпкер – «Мен» жалықтырмайтынымен ерекше­ле­­неді. Бұл «Меннің» ең басты қасиеті – оқыр­манның «Менімен» сәйкесе алуында. Бұл – «тек қана мен» деген кеудемсоқ, тәкаппар «Мен» емес, па­йым­ды оқырманның рухани дүниесіне сәуле түсіретін көп қырлы, сан сырлы «Мен». Сондықтан тоғышарлық пен керанаулыққа, жасандылық пен жалған­дыққа күнде бетпе-бет келіп, надан­дық­тан, дөрекі дөкірліктен, пенделік астам пиғылдан күніне неше рет жеңіліп жүрген нәзік жанды, ішкі мәдениеті жоғары кез келген оқырман жазушы «Менін» іш тартып тұрады.