• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 18 Тамыз, 2021

Жемшөп дайындау – жауапты міндет

385 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай, жемшөппен қамтамасыз ету және егін жинау науқанына дайындық мәселелері мен Ақтөбе облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары қаралды.

Санитарлық-эпидемиялық жағдай тұрақтанып келеді

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, әлемдегі жағдай шиеленіскен кү­йінде қалып отыр. Жалпы алған­да, бүгінде әлемде 208 млн жуық КВИ ауруы тіркелді, күніне 480 мыңнан аса жағдай тір­ке­луде. 4,3 млн аса адам қай­тыс болды. ДДҰ-ның алты айма­ғы­ның төртеуінде шілде айы­ның екінші онкүндігінен сырқаттанушылықтың өсу тенденциясы байқалды. Жаңа жағдайлардың ең үлкен пропорционалды өсуі Америка мен Тынық мұхитының батыс аймақтарында тіркелді. ДДҰ-ға мүше мемлекеттердің 228 елінің 38-інде жаңа жағдайлардың 50%-дан астамға өскені байқалды.

Өткен аптада аурудың ең көп өсуі Әзербайжанда байқалды, онда бір апта ішінде сырқаттану 121%, Израильде 63%, Жапонияда 21% өсті.

Қазақстанда апталық өсім 2%-ға төмендеді. 18 тамыздағы мәлімет бойынша, республикада COVID-19-дың оң нәтижесі бар 708 379 науқас және КВИ- нәтижесі бар 66 381 науқас тір­келді. «Түркістан облысынан бас­­қа барлық аймақ – «қызыл ай­мақ­та». Соңғы үш аптада Қазақ­стан­да эпидемиялық жағдайдың бір­тіндеп тұрақталуы байқалды, орташа есеппен аптасына 53 мың­ға жуық жағдай тіркеледі», деді А.Цой.

Оның айтуынша, 1 тамыздан бастап Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралу индексі 1,11-ден 0,97-ге дейін 14%-ға төмендеді. Инфекциялық орындар 53%, реанимациялық орындар 47% жүктемеленген. Инфекциялық орындардың көп жүктемеленуі Ақтөбе облысында – 69%, Қызылорда облысында – 66%, Алматы облысында – 64%.

Сондай-ақ министр елдің меди­циналық ұйымдарының тұрақты жұмысын атап өтті. Бүгінде КВИ-мен ауырған 120 мыңнан аса науқас емделуде. Сонымен қатар бірінші күні реанимацияға жатқызылған пациенттердің үлесі 40%-дан асты және бұл агрессивті «Дельта» штамының әсерімен, науқастардың өзін өзі емдеуімен және олардың медициналық көмекке кеш жүгінуімен байланысты. «Осыған байланыс­ты жергілікті атқарушы органдар аурудың алдын алу, халық ара­сында өзін өзі емдеуге жол бер­меу және медициналық көмек­ке уақытында жүгіну бойын­ша ақпараттық-түсіндіру жұмыс­тарын күшейтуі қажет», деді А.Цой.

Министр қазақстандықтардан КВИ алғашқы белгілері білінген кезде өзін өзі емдеуге емес, меди- циналық көмекке жүгінуді сұ­ра­ды. «Қарапайым ережелерді сақ­тау жүздеген адамның өмірін сақ­тап қалатынын есте сақтау керек», деді А.Цой.

Вакциналау процесіне келетін болсақ, бүгінге дейін республикада бірінші компонентін 6,1 млн адам алды, тиісті халықтың қам­ты­луы 62%-ды құрады, екінші ком­понентін 4,8 млн-ға жуық адам алды, бұл тиісті халықтың 48%-ын қамтиды. Министрдің айтуынша, ең көп қамту 6 аймақ­та байқалады: Шымкент, Алма­ты қалаларында, Түркістан, Сол­түс­тік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында.

Бірінші дозамен вакци­на­лау­дың ең төменгі пайызы Маңғыстау облысында байқалады. «Өңірлер вакцинаның жеткілікті мөл­шерімен қамтамасыз етілген. Вак­циналар кесте бойынша жет­кі­зілуде. Қытайдың Sinopharm вакцина­сы­ның бірінші партиясы барлық аймаққа жет­кізілді. Жеткізу жалғасуда», деді А.Цой.

Ashyq жобасының кеңінен таралуы жалғасуда. Министр атап өткендей, жобаға қатысу­шы­лардың саны 111 мың­нан асты, оның ішінде 921 көшбасшы, қолданушылардың саны 4 млн-ға жетті. Күн сайын 400 мың­нан аса қазақстандық онлайн режімінде өз статусын тексе­реді. Бақылау топтары карантин шараларының сақталуын бақылау­ды жалғас­тыруда. Талдау көрсет­кендей, соңғы екі аптада рейдтік қамту 16%-ға, ал бұзу­шылықтарға жол берген нысандар саны 1,2 есе­ге өсті. Бұл ретте А.Цой Ақтө­бе, Батыс Қазақстан, Қызыл­орда, Қарағанды облыстарын­да нысандардың рейдтік қамты­луының төмендегенін атап өтті.

Мониторинг топтары Ashyq қатысатын нысандарда да карантин шараларының сақталуын бақылайды. Ashyq жобасы аясын­да мониторинг топтары 60 473 нысанды қамтыды, 1 183 нысанда бұзушылықтар анықталды. Со­нымен қатар министр атап өт­кен­дей, Ashyq енгізілгеннен бері «қы­зыл» және «сары» статусы бар 46 067 келуші анықталды, оның ішінде 29 930-ның ПТР тес­ті­сінің оң нәтижесі бар және 16 137-сі ауруды жұқтырғандармен бай­ланыста болғандар. «Бұл статистика, өкінішке қарай, кейбір азаматтардың үйде оқшаулану режімін сақтамайтынын, халық жаппай жиналатын жерлерге баруға тырысатынын, ел ішінде көп жол жүретінін, осылайша ауруды басқаларға жұқтыру қаупін тудыратынын көрсетеді. Басқаларға қауіп төндіретін азаматтардан азаматтық жауапкершілік танытып, вирустың таралуына ықпал етпеуін сұраймын», деді А.Цой.

Оның айтуынша, қазіргі карантин шараларына қарамастан, көптеген аймақта көп адамдардың қатысуымен мерекелік шараларды (үйлену тойлары, еске алу асы және басқалары) өткізу жалғасуда және карантинді өрескел бұзу фактілері анықталды. Министр Премьер-Министрге жергілікті атқарушы органдарға мониторинг топтарының жұмысын күшейтуді тапсыруды сұрап өтініш білдірді.

Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин Маңғыстау, Атырау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында вакциналау қарқынын едәуір күшейтуді тапсырды. Пре­мьер-Министр жаңа оқу жылына дайындық аясында 25 тамызға дейін мұғалімдерді вакциналау­ды аяқтап, оқу орындарының дайындығына бақылауды күшейту қажет екенін атап өтті. А.Мамин ха­лықтың шектеу шараларын сақ­тауын одан әрі бақылауды және мониторингтік топтар қызметінің тиімділігін арттыруды, вакциналау қажеттілігі туралы ақпараттық жұмысты кеңейтуді тапсырды.

«Қызыл аймақта» орналасқан өңірлерде демалыс күндеріне енгізілген локдаун сақталады. Ashyq жобасына қатысушылар санын арттыру жұмысы жалғасады. Бүгінгі таңда қосымшаға 4 млн-нан аса пайдаланушы тіркелген, жобаға 111 мың бизнес субъектісі қатысады.

Мал азығының маңызы артуда

Үкімет отырысында малды жемшөппен қамтамасыз ету және егін жинау науқанына дайындық мәселелері қаралды. Мал азығын дайындаудағы қазіргі жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, өңірлерде жем-шөп дайындау барысы туралы Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов, Қызылорда облы­сының әкімі Гүлшара Әбді­қалықова, егін жинау жұмыс­тарына дайындық туралы Қос­танай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақса­қалов, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев баяндады.

Биылғы жаз ерекше құр­ғақ болды, соның салдарынан еліміздің батысы мен оңтүстігінде бірқатар өңір зардап шекті. Құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлерді жемшөппен қам­тамасыз ету мәселелері жөніндегі шешімдерді Жергілікті және орта­лық атқарушы органдардың қыз­метін үйлестіру жөніндегі рес­публикалық жедел штаб қа­былдап жатыр.

Биылғы 16 тамыздағы жағдай бо­йынша Қазақстанда 20,7 млн тонна ірі азық дайындалды, бұл жоспарланған жылдық көлемнің 81,7%-ын құрайды. Маңғыстау және Қызылорда облыс­тарына жемшөп сатып алуға Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлінді, жемшөп дайындауға қосымша 43,1 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Солтүстік өңірлерден жемшөп жеткізілді.

Батыс өңірлерді жемшөппен қамтамасыз ету мәселесіне волонтерлер де кірісті. Осы жыл­ғы 23 тамыздан бастап ірі азық­ты республикадан шығаруға уа­қытша тыйым салуды енгізу туралы шешім күшіне енеді, биылғы 1 қыркүйектен бастап мал жемін экспорттауға квоталау енгізіледі. «Қабылданған шаралардың арқасында жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесі жалпы тұрақтанды», деген Үкімет басшысы А.Мамин Ауыл шаруа­шылығы ми­нистрлігі мен әкім­діктерге осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, жағдайды ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Үкімет басшысы егін жинау науқанын қаржылық және мате­риалдық-техникалық қам­тамасыз ету бойынша барлық ша­ралар қабылданғанын атап өтті. Биыл ауа райының қолай­сыздығына байланысты жетекші астық өндіруші елдерде бидай өнімділігінің төмендеуі болжануда. Мәселен, АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Халықаралық астық кеңесінің болжамдары бойынша, Құрама Штаттарда бидай түсімінің 4,4%-ға – 49,7 млн тоннадан 47,5 млн тоннаға дейін, Канадада 32%-ға – 35,1 млн тоннадан 24 млн тоннаға дейін, Ресейде 15%-ға – 85,3 млн тоннадан 72,5 млн тоннаға дейін төмендеуі күтілуде.

Болжам бойынша, Қазақстанда дәнді дақылдардың жеткілікті кө­лемі жиналады. Сонымен қатар 6,5-7 млн тоннаға жуық экс­­порт­тық әлеует сақталады. Үкі­мет басшысы егін жинау нау­қанын сапалы өткізіп, элеватор­лардың өнімді қабылдау мен сақ­тауға дайындығын қамта­масыз ету, астық қабылдау кәсіп­­орын­дарының оны сақтау үшін уақ­тылы қабылдауы қажет екенін атап өтті. Энергетика министрлігіне егін жинау кезінде ЖЖМ-ді уақ­тылы қамтамасыз ету мәсе­лесін тұрақты бақылауда ұстау тап­сырылды.

Ақтөбе облысының кешенді даму жоспары бекітілді

Үкімет отырысында Ақтө­бе облы­сының 2021-2025 жыл­дарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары қаралды. Бұл жөнін­де Ұлттық экономика министрі Әсет Ер­ғалиев, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Қайырбек Өскенбаев, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин баяндама жасады.

Үкімет басшысы Ақтөбе облысы батыс агломерациясының орталығы, еліміздегі маңызды индустриялық-аграрлық өңір екенін атап өтті. Металлургия, химия және мұнай-газ салаларын дамыту үшін облыстың айтарлықтай әлеуеті бар. Кешенді жоспардың 36 іс-шарасын іске асыру облыстың дамуына жаңа серпін береді, бес жыл ішінде шамамен 5,8 трлн теңге инвес­тиция тартуға, оның ішінде 1,7 трлн теңге шетелдік инвестиция тар­туға мүмкіндік береді. Ақтөбе облысының елді мекендерінде инженерлік-коммуникациялық, индус­триялық, көлік инфра­құрылымын дамыту жобалары жүзеге асырылады. Өңірде 450 гектар аумақта түрік инвесторларын тартумен «Gebze» ерекше шарттары бар индустриялық аймағы құрылады. Жоба 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орындарын құруға және 500 млрд теңгеден аса жеке инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Тау-кен металлургиясы өнер­кәсібінің экономикалық тиім­ділігін арттыру мақсатында жеке инвестициялар есебінен Әйтеке би ауданында катодты мыс өндіру кешенін кеңейту және Мәртөк ауданында титан-цирконий кен орнын игеру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Деректерді өңдеу орталығын пайдалануға беру және газ өңдеу зауыты құрылысының екінші кезеңін іске асыру жоспарлануда.

Агроөнеркәсіптік кешендегі 5 жобаны іске асыру арқылы 2026 жылға қарай облыста суармалы жерлердің көлемін 40 мыңнан 100 мың гектарға дейін, ірі қара мал басын 225%-ға, жылқы басын 130%-ға ұлғайту жоспарланған. Ет өндірісі 140%-ға (220 мың тоннаға), сүт өндіру 130%-ға (447 мың тоннаға) дейін арттырылады.

Ақтөбе облысының өңір­ара­лық байланысын нығайту мақ­сатында 525 шақырым рес­публикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолы жаңартылады. «Ақтөбе-Орск» және «Ақтөбе қаласының оң­түстік айналма жолы» сияқты жобаларды іске асыру Ақтөбе қаласының «өсу орталығы» жә­не елдің батысындағы ірі көлік торабы ретіндегі рөлін күшей­теді. «Ақтөбе – Хромтау – Қара­бұтақ – Ұлғайсын» және «Ақ­төбе – Атырау – Астрахань» авто­мобиль жолдарын одан әрі қайта жаңарту жақсы және қана­ғаттанарлық жағдайда автомобиль жолдарының үлесін 61%-дан 95%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жолаушылар ағыны мен көрші облыстармен жүк тасымалының ұлғаюы нәтижесінде Ақтөбе облысының тауар айналымы 5 жыл ішінде 1,5 есе артып, 2,3 трлн теңгеге дейін өседі деп күтілуде.

Денсаулық сақтау мен білім беру жүйесінде көрсетілетін қызмет­тер­дің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту үшін заманауи инфрақұ­рылым құрылады. Облыстық көпбейінді аурухананы пайдалануға берумен қатар, өңірде балалар гематология­сының онкологиялық орталығы салы­нады, сондай-ақ кемінде 25 денсаулық сақтау объектісі күр­делі жөндеуден өтіп, жоғары техно­­логиялық медициналық жабдық­­тармен жабдықталады. Облыс бойынша 49 мектеп пен Ақтө­бе қаласындағы колледж­дер­дің студенттеріне арналған 3 жа­тақхана салу жоспарлануда.

Жалпы, Кешенді жоспарды іске асыру өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын, табысы мен әл-ауқатын жақсартуға жол ашады. Алдын ала бағалау бойынша, 114 мың жаңа жұмыс орны ашылады, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 21,6%-ға, ауыл шаруашылығы өнімдері 37%-ға, тұрғын үйді пай­далануға беру 21%-ға, құры­лыс жұмыстарының көлемі 60,7%-ға өседі. ЖӨӨ нақты өсімі 27,4%-ды құрайды.

Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр бекітілген Ақтөбе облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-эконо­микалық дамуының Кешенді жоспа­рының шараларын уақтылы және сапалы орындауды қамтамасыз етуді тапсырды.