• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 18 Тамыз, 2021

Тарихтан тамыр тартқан ынтымақтастық

420 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Корея Респуб­ликасына мемлекеттік сапары бол­ғаны белгілі. Бұл оқиға екіжақ­ты ынтымақтастықтың ныға­йып келе жатқанын, қазақ-корей қарым-қатынастарының жаңа кезеңге көтерілгенін айғақтайды.

Коронавирус пандемиясы басталғалы бері Оңтүстік Корея шетелдік мемлекет басшыларын қабылдаған емес. Қазақстан Президенті – індет жер-жа­һан­ды жайлағалы бері Сеулге ат басын бұр­ған алғашқы мемлекет басшысы. Сон­дықтан еліміз үшін де, Оңтүстік Корея үшін де осы сапардың маңызы зор болды.

Біріншіден, Қасым-Жомарт Кемел­ұлының сөзімен айтқанда, «арасы алшақ болғанымен, халықтары тағдырлас» екі елдің экономикалық байланыстарының тамыры тереңге кеткен. Қазіргі таңда Қазақстанның экономикасына 6 млрд доллардан астам корейлік инвестиция тартылған. Инвестиция тарту көрсеткіші бойынша Оңтүстік Корея алғашқы он ел қатарына кіреді. Елімізде кореялықтар қаржы салған 550 компания жұмыс істейді.

Солардың арасында Samsung, Hyun­dai, Lotte, Posko секілді алпауыт компаниялар бар. Осы компаниялардың қаты­суымен жалпы құны 2,5 миллиард доллардан асатын 24 ірі жоба жүзеге асырылды. Әсіресе кореялық SK Engineering & Construction компаниясының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан Үлкен Алматы айналма тасжолының (БАКАД) құрылысын атап өткен жөн. Өте жақсы институттық база қалыптасқан, үкіметаралық комиссия мен іскерлік кеңес жұмыс істейді.

2020 жылы Hyundai маркалы кө­ліктерді құрастыратын зауыт құрылысы іске қосылды. Сондай-ақ Lotte компаниясы кондитерлік өнім шығаратын «Рахат» фабрикасына күрделі жаңғырту жүргізді.

Екіжақты тауар айналымы да індетке қарамастан, жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Мәселен, 2020 жылы сауда-эконо­микалық байланыс 5,9 миллиард долларды құрады. Соның ішінде құны 4,9 миллиард доллардың тауары Корей түбегінен елімізге келсе, экспорт көлемі миллиард долларға тең.

Еліміз Оңтүстік Кореяға мұнай, түрлі металдар, темір секілді шикізат экспорттайды. Ал импорттайтын тауарлар қатарында көліктер, түрлі құрылғы бар. Осылайша, Оңтүстік Корея Қазақстанның сауда әріптестері арасында төртінші орынға шықты.

Екіншіден, Мемлекет басшысының Оңтүстік Кореяға сапары кезінде бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Корея Республикасының Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі арасындағы архив ісі саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум жасалды.

Сондай-ақ Қазақстан Респуб­ликасының Сауда және интеграция министрлігі мен Корея Республикасының Сауда, индустрия және энергетика министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Корея Рес­пуб­ликасының Қоршаған орта министрлігі арасындағы су ресурстарын басқару саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум жасалды.

Сонымен қатар Қызылорда облысы әкімдігі мен Корея Республикасының Ардагерлер мен патриоттар жөніндегі агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы,  «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен Корея халықаралық сауда қауымдастығы (KITA) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Сапар қорытындысы бойынша жалпы сомасы 1,7 миллиард долларды құрайтын 34 келісім жасалды. Корей технологиясын тартуға басымдық беретін бірлескен инвестициялық жобаларда өндірістің жоғары тиімділігі мен экологиялық тазалығына басты мән берілмек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапар кезінде қол қойылған құжаттар қазақ-корей ықпалдастығының аясын кеңейтіп, қарым-қатынасымызды жаңа белеске көтеруге септігін тигізетінін ерекше атап өтті.

«Алдағы меже – осы көрсеткішті айтар­лықтай арттыру. Бүгін біз пандемия­дан кейінгі кезеңде шикізаттық емес тауар айналымын ұлғайтып, оны әртараптандыруға келістік. Сондай-ақ «Самал жел» бағдарламасын жандандыруға уағдаластық. Осы арқылы жаңа инвестиция мен жоғары технологияның елімізге келуіне қолайлы жағдай жасаймыз. Біз түрлі бағыттағы ауқымды жобаларды бірлесе жүзеге асырудың мүмкіндіктерін қарастырамыз. Бұл ретте, ауыр өнеркәсіп пен машина жасау, тау-кен және барлау, баламалы энергетика салаларының болашағы зор. Қазақстанда инновациялық өндірістерге деген сұраныс жоғары. Әсіресе коммуникация, ауыл шаруашылығы, медицина және фармацевтика жобаларына баса мән береміз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үшіншіден, корейлер мен қазақтар – тағдырлас халықтар. Бұрынғы Кеңес Одағы тұсында корейлердің Қазақстанға күштеп қоныс аударылғаны мәлім. Сол заманда өздерін пейілі дарқан қазақ халқының бауырына басқанын корейлер әлі күнге ризашылықпен әңгімелейді. Тағдырдың талай тауқыметін көрген ата-бабаларымыз қуғынға ұшыраған этностық корейлердің қайғы-қасіретін терең түсінді.

Қазіргі таңда қазақстандық корейлер тату-тәтті өмір сүріп, қазақтармен етене араласып, бауырласып кеткен. Мем­лекетіміздің даму жолында тер төккен корейлер жетерлік. Мәселен, бес дүркін Олимпиада чемпионы Нелли Кимнің ел спорты үшін сіңірген еңбегі орасан. Мәнерлеп сырғанаушы марқұм Денис Тен Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері атанған. Жамбылдың жампозы Алексей Ни талай жыл ауыр атлетика құрамасын баптап, көк байрақты көкте желбіретуге мол үлес қосты. Олардың бәрі – Қазақстандағы корей диаспорасының өкілдері.

Осы сапар барысында тарихи-мәдени қатынасты нығайту мақсатында өте маңызды қадамдар жасалды. Соның бірі – Сеулде Абай Құнанбайұлына арнап бюст орнатылуы. Ұлы ақынның ескерткіші Оңтүстік Корея астанасындағы Кибер университетінің аумағында орналасуы да ерекше мән-мағынаға ие.

Өйткені Абай – ұлы ақын ғана емес, ке­меңгер ойшыл, әйгілі ағартушы. Ол жұртты ғылым игеруге, білімдар болуға үндеді. Жаңашылдық пен жасампаз­дықты дәріптеді. Сондықтан Абай мұрасы – елімізге ғана емес, барша адам­затқа ортақ құндылық. Ендеше, ескерт­кіштің білім ордасының аумағына қойылуының, Президентіміз айтқандай, символдық мәні зор.

Сонымен қатар осы сапар барысында тәуелсіздік үшін күрескен генерал, Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның сүйегі тарихи отанына жеткізілді. Хон Бом До – Кореяның азаттығы үшін күрескен бірегей тұлға. Нағыз батыр, шы­найы отансүйгіш азамат. Талай қыр­ғынды басынан өткерген ол 1921 жылы Кеңес Одағына бас сауғалап келеді.

Бірақ Сталин 1937 жылы Хон Бом До бастаған корейлерді Орталық Азия­ға, атап айтқанда Қазақстан мен Өзбек­станға күштеп қоныс аударады. Осы­лайша, генерал тағдырдың жазуымен өмірінің соңғы жылдарын қазақ же­рінде өткізді. Содан бері қанша жыл өтсе де атажұртында батырдың ерлі­гі ұмытылған жоқ. Оны біздің халқы­мыз да жақсы біледі. Қызылорда қала­сында Хон Бом Доның құрметіне мемориал тұрғызылған. Осы орайда, тағдырлас халықтарымыздың тарихи тұлғаларына өзара құрмет көрсетілуі де ынтымақтастығымыздың күшейе түскенінің айғағы болса керек.

Төртіншіден, Қазақстанда Оңтүстік Корея компанияларын қызықтыратын салалар жетерлік. Мәселен, Корея Республикасы сутегі өндірісінің едәуір үлесі арқылы жасыл энергетиканы дамытудағы әлемдік көшбасшылардың бірі болуға ниетті. Осыған байланысты корей халқы елдегі 3 қаланы сутегі энергиясына көшіру жоспарына дайындалып жатыр. Сондай-ақ Оңтүстік Корея экономиканы цифрландыру бойынша әлемдік көшбасшы және 5G желілері саласында үздік саналады.

Бұл ретте Қазақстанда да баламалы энергия көздерін дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Жоспар бойынша 2030 жылға қарай баламалы энергияның 30 пайызына қол жеткізуіміз керек. Соның 15 пайызы жаңартылатын энергия көздері болмақ. Осы мақсатта жуық арада 3-4 гигаватт электр энергиясына жаңартылатын энергия көздерінің жобалары жүзеге асырылмақ.

Алтайдан Атырауға дейін созылған кең-байтақ атырапта жел және күн энергиясын пайдаланудың әлеуеті зор. Ендеше, корей компаниялары осы салаға инвестиция салуы – алдағы уақыт еншісіндегі шаруа. Сондай-ақ корея технологияларын ядролық отынды бірлесіп өндіруге, қалдықтарды энергетикалық жою саласындағы жобаларды іске асыруға мүмкіндік мол.

Айтпақшы, Оңтүстік Корея мен Қазақстанның қарым-қатынастары туралы сөз қозғалғанда, еңбек көші-қоны туралы да айта кеткен жөн. Қазіргі таңда Корей түбегінде нәпақасын айы­рып жүрген жерлестеріміз жетерлік. Солардың кейбірі заңды жұмыс істеп жүрсе, енді бірі заңсыз еңбек етеді.

Оңтүстік Корея Әділет министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда аталған елде заңсыз жұмыс істеп жүрген 8 мыңнан астам қазақстандық иммигрант бар. Әрине, бір қарағанда өте көп  секілді көрінуі мүмкін. Бірақ Оңтүстік Кореяда заңсыз еңбек етіп жүргендердің саны өте көп. Әсіресе Таиландтан (138 мың), Қытайдан (71 мың) және Вьетнамнан (42 мың) келетіндердің қатары қалың. Сондықтан заңсыз иммигранттар Сеул билігінің бас ауыртар мәселесіне айналған.

Оңтүстік Корея 2004 жылы Employ­ment Permit System деп аталатын бағ­дарлама қабылдаған. Осы жобаға сәйкес табысы төмен дамушы елдерден арзан жұмыс күші тартылып, Корей түбегіндегі ең ауыр жұмыстарға жегіледі. Бұл бағ­дар­лама бойынша 2004-2008 жылдары 16 мемлекетпен келісімшарт жасалған. Қазақстан табысы төмен елдер қатарына кірмейтіндіктен, Employment Permit System жүйесіне енгізілген жоқ.

Түйіндей айтқанда, екіжақты қа­рым-қатынастың тамыры тіпті терең­дей түсті десек, қателеспейміз. Қазақ­стан Президентінің Оңтүстік Корея­ға мемлекетік сапары өзара ынты­мақ­тастыққа соны серпін берері анық.