• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өнер 19 Тамыз, 2021

Акварельге тамған табиғат

432 рет
көрсетілді

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музе­йінің бейнелеу өнері бөлімінде өңірге белгілі суретші Александр Захарченковтың «Акварель бояуының болмысы» атты көрмесі ашылды. Көрме жұмысы барысында суретші А.И.Ники­форов атындағы көркемсурет мекте­бінің шәкірттері мен бейнелеу өнеріне қызы­ғушылығы бар бірнеше ересек адамға арнап шеберлік сыныбын өткізді.

Шебер ақ қағаздың бетіне алғаш жай ғана жаға салған болып көрінген алуан түсті бояу бірте-бірте тіріліп, тылсым табиғаттың тамаша көрінісіне айналады. Нағыз өнер туындысының қалай туатынын көрген жан тіпті қо­лына өмірі қылқалам ұстап көрмесе де, дәл сол сәтте сурет салғысы келіп, арқасы қозып кететіні анық.

Суретші бейнелеу өнерінің әліппесін енді ғана танып келе жатқан жас шәкірттерге сурет салудың техникалық әдіс-тәсілдері жөнінде әңгімелей отырып, көптеген пайдалы кеңес берді.

– Акварель – бейнелеу өнерінің ең күрделі түрі, өйткені мұнда қателесуге болмайды. Мысалы, суретке майлы бояу мен гуашь пайдалансаң, сәтсіз шыққан тұстарын үстінен тағы бояу жағып, түзеуге болады, ал акварельмен бұлай жасай алмайсың, – дейді Александр Васильевич.

Александр Захарченков өз өнерін тамашалауға жиналған көпшілікке қандай материалға акварельмен сурет салуға болатыны жайында баяндап берді. Айтуынша, акварель басқа материалдардан гөрі қағазды жақсы көреді екен. Бұл жерде бояу түсетін қағаздың сапасына ерекше мән беру маңызды. Қағаздың тығыздығы, құрамы мен фактурасы бояудың тегіс жайылуына, кепкеннен кейін қалай көрінетініне дейін әсер етеді.

Шеберлік сыныбы барысында көрер­мендер суретшілік өнердің кейбір құпия қырларына қаныққандай болды. Мысалы, акварельмен салынған өзен-көлдің көрінісі мейлінше шынайы болу үшін тұз ұнтақтары пайдаланылады екен.

– Біз қала тұрғындарына арнап мұндай шеберлік сағаттарын жиі ұйым­дастырып тұрамыз. Бұл, әсіресе, әуес-­ қой суретшілер үшін үлкен мереке. Бүгін ­де, міне, өңірге белгілі суретшіні арнайы шақырып, көпшілікке көркембейнелеу өнерінің пейзаж жанры жайында кең мағлұмат беруді жөн көрдік, – деді облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Бақытгүл Мұратбекова.

 

Қостанай облысы