Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Елена Рыбакина жұптық сында Цинциннати WTA 1000 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Е.Рыбакина ресейлік Вероника Кудерметовамен бірге алғашқы айналымда тунистік Онс Жабер – үндістандық Саня Мирзамен кездесті.
Қазақстандық-ресейлік жұп 7:5, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта Рыбакина мен Кудерметова 1 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Қарсыластары 2 эйс, 1 брейкпен шектелді.
Е.Рыбакина мен В.Кудерметова ширек финалға шығу үшін осы жарыстың 4-ракеткалары, америкалық Николь Меличар – нидерландылық Деми Схюрспен күш сынасады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 36-ракеткасы Юлия Путинцева жекелей сында үшінші айналымға шыға алмады. Ол әлемнің 6-ракеткасы, чехиялық Каролина Плишковаға 3:6, 2:6 есебімен жол берді.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған бұл кездесуде чехиялық теннисші 5 эйс, 3 брейкке қол жеткізді. Ю.Путинцева 4 эйс жасағанымен, бірде-бір брейк жасай алған жоқ.
Е.Рыбакина жекелей сында әлемнің 31-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосамен шеберлік байқасады. Ол 2 сағат 20 минутқа созылған тартысты бәсекеде әлемнің 3-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенконы 5:7, 6:2, 7:6 (7:4) есебімен ұтып кетті.