ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев РФ табиғи ресурстар және экология министрі Александр Козловпен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Экология министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында қос тарап Орал және Ертіс трансшекаралық өзендері бассейндерінің экожүйелерін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының бағдарламаларын іске асыру барысын талқылады.
Олардың ірі өзендер бассейндерінде (Орал, Ертіс және т.б.) зерттеулер жүргізу бойынша бірыңғай Жол картасында көзделген 17 іс-шараның 10 іс-шарасы 2021 жылы басталды, оның 4-і жыл соңына дейін аяқталатын болады. Қалған іс-шаралар 2022 жылы басталмақ. Тараптар бірыңғай Жол картасының іс-шаралар кестесін іске асыру бойынша міндеттемелерді орындау шеңберінде, сондай-ақ зерттеулердің деректерімен алмасу мақсатында ақпарат алмасуды жүргізді. Жұмыс кестесіне сәйкес бірінші жартыжылдықта гидрологиялық деректерді жинау және алмасу бойынша іс-шаралар орындалды.
Тараптар Павлодар облысының (Былқылдақ жинақтаушы су қоймасы аймағында) және Омбы облысының (Ольховка ауылында) аумағындағы Ертіс өзенінің және жерасты суларының сапасына бірлескен мониторинг ұйымдастыруға уағдаласып, сарапшылардың тұрақты жұмыс кездесулерін өткізудің жоспар-кестесін бекітуге келісті.
Қазақстандық тарап қазіргі уақытта Жоғарғы Ертіс су қоймалары каскадынан су ағызу экономиканың барлық салаларының мүдделері ескерілген «Оба және Ертіс өзендерінің су ресурстарын кешенді пайдалану және қорғау» схемаларының ережесіне сәйкес келетінін атап өтті.
Кездесуді қорытындылай келе, тараптар мемлекет басшыларының қатысуымен Көкшетау қаласында өтетін «Экология және жасыл даму саласындағы ынтымақтастық» тақырыбында Ресей мен Қазақстан арасындағы XVII аймақаралық ынтымақтастық форумына дайындық мәселелерін талқылады.