Жыл басында 106 табиғи монополия субъектісі тұтынушыларға арналған тарифтерді 63 пайызға көтеруді жоспарлаған еді. Алайда бұл іске Табиғи монополияларды реттеу комитеті араласып, тарифтердің өсуі айтарлықтай тежелді.
Комитет төрағасының міндетін атқарушы Асхат Жапсарбайдың айтуынша, ведомство осы жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін тарифтерді тежеу үшін бірқатар шараны қолға алған. Атап айтқанда, уақытша өтемдік тарифтерді енгізу, табиғи монополия субъектілерінің инвестициялық бағдарламаларының маңызды емес іс-шараларын қысқарту, тарифті саралау арқылы халыққа салынатын жүктемені төмендету жұмыстары жүргізілген. Осылайша, 2021 жылы тарифтердің өсуі орташа есеппен 0,4 пайызға тежелген.
– Жоғарыда аталған шаралар 2020 жылдан 2021 жылға көшу кезінде халық үшін тарифтердің көтерілмей, сол күйі сақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ 2021 жылғы бірінші тоқсанның соңына дейін халыққа арналған тарифтердің бір деңгейін сақтауға мүмкіндік берді, – деді А.Жапсарбай.
2019 жылы ел Президенті тариф белгілдеудің ашықтығын, тұрғын үй-ком- муналдық шаруашылық саласындағы табиғи монополия субъектілерінің тұтынушылардың қаражатын мақсатты пайдалануын бақылауды, сондай-ақ коммуналдық қызметтердің тиімділігін арттыруды тапсырған болатын. Соған сәйкес арнайы шаралар кешені қабылданды.
– Табиғи монополия субъектілерінің қызметіне бақылауды күшейту мақсатында мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен 21 меморандум жасалды. Олардың сатып алу жұмыстарына талдау жүргізілді. «Табиғи монополиялар туралы» заңға сатып алуды жүзеге асыру рәсімдерін толығымен электронды форматқа көшіруді көздейтін түзетулер әзірленді. Тариф белгілеудің ашықтығын және халықпен кері байланысты қамтамасыз ету мақсатында табиғи монополия салаларында тарифтік реттеу мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиялар құрылды. Коммуналдық қызметтерге негізделген тарифтер енгізілді. Нәтижесінде, тұрғындардың 27 млрд теңгесі үнемделді, – дейді Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының міндетін атқарушы.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының субъектілері 2021-2025 жылдары 966,6 млрд теңге көлеміндегі инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асырмақ. Салаға салынатын инвестиция апаттар санын 11 пайызға төмендетуге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ негізгі жабдықтардың тозу көрсеткішін орташа есеппен 6 пайызға дейін азайтпақ. Бұдан бөлек нормативтік-техникалық шығындар 1,5 пайызға кемісе, әкімшілік-басқару және өндірістік персоналдың жалақысы 20 пайызға дейін өседі деп күтілуде.
– Комитет табиғи монополиялар саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 2020 жылы 1,006 млрд теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл сала отырып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша 412 қаулы шығарды. Оның ішінде мемлекет пайдасына 631,2 млн теңге өндірілді. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында 332,8 млн теңге әкімшілік айыппұл салынып, мемлекет бюджетіне 173,7 млн теңге түсті. Сондай-ақ мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру шеңберінде былтыр заңнамадағы бұзушылықтарды жою туралы 390 ұйғарым енгізілді. Оның 244-і орындалды. Ал осы жылдың бірінші жартыжылдығында 270 ұйғарым енгізілді, – деді А.Жапсарбай.
Осы жылдың 1 сәуірінен бастап Энергетика министрлігі орташа 15 пайыздық өсіммен 37 энергия өндіруші ұйымның тарифін бекіткенін білеміз. Бұл түпкілікті тұтынушыға арналған электрмен жабдықтау бағасына, жылумен және сумен жабдықтау тарифтеріне мультипликативтік әсер етті. Атап айтқанда, республика бойынша электрмен жабдықтау бағасы орташа есеппен 12,5 пайызға өсті. Ал халыққа арналған бағаның өсуі орташа есеппен 10 пайызды құрады.
Сондай-ақ осы жылдың 1 шілдесінен бастап Энергетика министрлігі жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға үстемеақы енгізді. Осыны ескере отырып, энергия өндіруші ұйымдар тарифтерін орташа есеппен 7,2 пайызға өсірді. Бұл түпкілікті тұтынушыға баратын электр энергиясының бағасын 3,5 пайызға қымбаттатуы мүмкін.