Естімеген елде көп. Куәлігінің мерзімі өтіп кетіп, айыппұл төлегендерді кездестіргенбіз. Ал отыз жыл бұрын құлаған КСРО-ның қызыл паспортымен жүрген азаматтарды көріп пе едіңіз? Шығыс Қазақстан облысында 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспортымен тұрып жатқан 100 адам анықталды.
Жуықта көші-қон қызметінің қызметкерлері жеке бас куәлігінсіз тұрып жатқан тұлғаларды анықтау жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, құжатқа салғырттық танытқан азаматтар аз емес екен. Олар жеке бас құжаттары болмауына байланысты жәрдемақы, зейнетақы рәсімдей алмай келген. Барлық дерлік халыққа қызмет көрсету қызметінен шеттетіліп келген. Заңды түрде еңбек етуге де мүмкіндіктері болмаған.
Жыл басынан бері 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспортымен жүрген 100 адам Қазақстан Республикасының азаматтары деп танылды. Мәселен, Абай ауданының полиция бөліміне 52 жастағы Семей қаласының тумасы хабарласқан. Ол 1980 жылдары Ресей Федерациясының Новосибирск қаласына тұрақты тұру үшін шығып кетіп, сол жерде КСРО паспортын рәсімдеген. 1990 жылдардың басында Қазақстанға оралып, отбасын құрған. Балалы-шағалы болған.
– Қазіргі уақытқа дейін әйел адам 1974 жылғы үлгідегі паспортпен тұрып келген. Аталған құжатты Ресейде алған. Ал Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін алу үшін Ресейдің құзыретті органдарынан паспорттың берілуі туралы қажеттілікті растауы қажет еді, – дейді облыстық Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ербол Бекпаев.
Бұдан кейін көші-қон қызметінің қызметкерлері көрші мемлекеттен қажетті анықтамаға сұрау салған. Сөйтіп, 17 маусымда азаматша көптен күткен анықтама келіп, құжаттарын заңға сәйкес рәсімдеді. Өз кезегінде жеке бас құжатын ресімдеуге, қажетті қағаздарды жинауға көмек көрсеткен қызметкерлерге алғысын білдірді. Енді ол мемлекеттік қызметтерді ел қатарлы пайдалана алатын болады.
Кез келген азаматтың қандай да бір себеппен жеке бас құжаттары жоқ болса, оларды жаңадан рәсімдеу үшін тұрғылықты жеріндегі көші-қон қызметіне хабарласуы керек. Осыны білмей, ескі паспортын ауыстырмаған 100 адамның жылдар бойы мемлекеттің көмегіне қол жеткізе алмай жүргендігіне не айтарсыз?!.
Шығыс Қазақстан облысы