Иордания Хашимит Корольдігінің астанасында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында қазақстандық кино күндері өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Иорданиядағы елшілігі мен Корольдік Кинематография жөніндегі комиссиясы «Қазақфильм» АҚ-мен бірлесіп ұйымдастырды.
Кинокөрсетілім Амманның көне аудандарының бірінде ашық аспан астында орналасқан Кинематография жөніндегі Корольдік комиссияның аудиовизуалды өнер орталығы – «Кино үйінде» өтті.
Қазақстан елшісі Айдарбек Жұматов қонақтарды қарсы алып, оларға қазақстандық кинематографқа шынайы қызығушылық танытқандары үшін алғысын білдірді.
«Іс-шара иорданиялықтарға Қазақстан халқымен, оның тарихымен және мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді, сондай-ақ Қазақстан - Иордания мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға ықпал етеді», деп атап өтті Айдарбек Жұматов.
Иорданиялық көрермендерге «Қазақфильм» киностудиясы ұсынған екі фильм көрсетілді. Іс-шараның ашылуы көрермендердің жоғары бағасына ие болған режиссер Нұргелді Садығұловтың «Балуан Шолақ» көркем фильмінен басталды. Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» кинокартинасы да көрермен назарына ұсынылды. Фильмдер ағылшын тілінде субтитрі бар түпнұсқа дыбыста көрсетілді. Іс-шараға дипломатиялық корпус өкілдері, БАҚ, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен Иордания астанасының тұрғындары қатысты.